Маусым айының алғашқы онкүндігінде редакцияға Кентау қаласынан жайсыз хабар түсті. Қаладан 5-6 шақырым жерде орналасқан Байылдыр ауылында не күйеуі, не перзенттері жоқ, жалғыз басты зейнеткер әйел – Зейнегүл Оспанованың үйі өртенген. Өкініштісі, бұл оқыс оқиғадан ауыл, қала әкімдігі бейхабар күйде қалып, ешқандай көмек көрсетілмеген. Біз осы оқиғаға қатысты мән-жайды өз көзімізбен көру үшін жолға шыққанбыз.
Екі қабатты үйдің жоғарғы қабаты шатырымен қосылып толықтай жанып кетіпті. Ол аз болғандай, өрт қабырғалас көрші үйдің де шатырына өткен. Өрт сөндірушілер сумаңдаған қызыл жалынды ауыздықтау үшін аямай су шашқандықтан, бірінші қабаттың төбесі де бүлінген. Еденге де зақым келгені айтпаса да түсінікті. Мұның барлығын жалғыз басты әйелдің қалпына келтіруі мүмкін емес. Өкінішке қарай, тілсіз жаудың тұтқыны бола жаздаған кейуананың жағдайынан ешкім хабар алмапты. Ауыл адамдары да, әкімдіктегілер де. Бұл туралы Зейнегүл Нармаханқызы былай дейді: «64 жастамын. Зейнеткерлікке шыққанға дейін мұғалім болып қызмет еттім. Өзім жалғызбастымын. Күйеуім де, балаларым да жоқ. 25 мамыр күні өрт басталды. Далаға қашып шығамын дегенше екі қолым, мойным мен бетім күйіп қалды. Жедел жәрдем алып кетті. Екінші қабаттағы жиһаздар мен киім-кешек түгі қалмай жанып кетті.
Өрт болғаннан бері жағдайымды сұрап жергілікті бір адам келмеді, бір кесе көжесін ұсынған жоқ. Жападан жалғыз қалып, бірнеше күн қара сумен күнелттім. Аштан қиналған соң көршімнің үйінен тамақтанып жүрдім. Кейінірек жағдайымнан құлағдар болған кентаулық Надежда Крылова мен Альбина Зволинская бірнеше рет азық-түлік әкеп берді. Ал әкімдіктегілер табалдырық аттамақ түгілі телефондарына да жауап бермейді.
Біз барғанымызда да Зейнегүл апаның қасында Надежда Крылова бар екен. Оны әңгімеге тартып көрдік. «Біз Зейнегүлмен көп жыл бірге қызмет атқардық, – дейді ол кісі. – Сөйлесіп тұрамыз. Үйі өртенгенін естіген күні дереу келдім. Адамдар үйге кіріп, көрме тамашалауға келгендей айналып көреді де, қайтып кетеді. Еден толы су. Біреуі көмектескісі жоқ. Көмектеспесеңдер неге келдіңдер дедім. Қазір үйде жарық та, газ да жоқ болғандықтан, үш-төрт күнде жейтін тамақ әкеліп тұрамын». Осыған ұқсас әңгімені Альбина Зволинская да қайталады.
Бұл мәселені біз сол күні Кентау қаласының әкімі Дәурен Мақажановтың назарына жеткізбек болғанбыз. Бірақ ол кісі іссапарда екен. Бізді қабылдаған қала әкімінің орынбасары Бекайдар Әлімбетов Байылдырдағы өрт жөнінен мүлдем бейхабар болып шықты. Келесі күні Альбина Зволинская әкіммен онлайн кездескенде де З.Оспанованың мәселесін қозғаған. Бұл жайтты қала әкімі де естімеген екен. Сонда елдегі жағдайды білмесе, әкімдер кімдерге қызмет көрсетеді?
Бұл іске біздің араласуымыздан кейін Зейнегүл Нармаханқызына нан мен азық-түлік корзинасы табысталды. Әкімдіктің құрылыс саласына жауапты Талғат Искахов басқарған топ екі рет барып, үйдің жағдайын көріп, шығын көлемін есептеді. Бір ай көлемінде үйді жөндеп беруген уәде етіпті.
Қазір жаз мезгілі. Үйді жөндеу жұмыстарын ертерек бастап, тез арада аяқтап бермесе, күн суытқанда жағдайдың ушығатыны айтпаса да түсінікті. Сол үшін бұл шаруа жайбасарлықты көтермейді. Сол себепті, бұл жайт біздің назарымызда болады.
P.S. Газет беттеліп жатқанда Зейнегүл апа қайта хабарласып, былай деді: «Маған таныстарым «Өзге пікір» газетіне хабарлас» дегенде, алғашында «қойшы, мынау тұрған жерден әкімдер хабар алмай отырғанда алыстан менің мәселеме байланысты журналистер келе ме» деп сенбеушілік танытып едім. Ақыры ешкімнен көмек болмаған соң хабарласып, дұрыс істеппін. «Өзге пікірдің» журналистері қалай келді, жағдайым солай өзгерді. Бұрын хабар алмаған ауылдастар да, мешіттің имамы да, ауылдың әкімі де келіп жатыр. Қаладан да мамандар келді. Үйімді бір ай көлемінде жөндеп беретін болды. Бірнеше күнде құрылыс жұмыстары басталуы тиіс.
Рахмет сендерге, «Өзге пікір» газетінің ұжымы. Әрдайым қарапайым халықтың сөзін сөйлейтіндіктеріңді дәлелдеп бердіңдер. Мен сендердің бұл жақсылықтарыңды өмір бойы ұмытпаймын».