Бес жылдық жоспар нақтыланды
Әлемді әбігерге салып, тұрғындардың тынысын тарылтқан пандемия дерті Шымкентті де айналып өтпеді. Үшінші мегаполисті үрей құшағына қалдырған дертті жеңіп шығу үшін салада атқарылып жатқан жұмыстар да сан алуан. Қалада денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, жүйені дамыту перспективалары жүзеге асуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауының «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» атты бөлімінде медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету жайы айрықша атап өтілгені белгілі. Осыған байланысты өткен аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған жиын өтті. Басқосуда қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Рустам Албаев 2020-2025 жылдарға арналған дамыту жоспарын ұсынды. Бес жылдық жоспарға сәйкес атқарылатын жұмыстар енді төрт бағыт бойынша жүргізіледі. Олар — медициналық көмек көрсетуді жетілдіру, кадрлық ресурстарды дамыту, қоғамдық денсаулық сақтау қызметін жетілдіру және денсаулық сақтау ұйымдарының инфрақұрылымын дамыту. Нәтижесінде тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа дейін артып, ана өлімі 25,3 пайыздан 7 пайызға дейін төмендеп, бала өлімі 8,7 –ден 6,9 пайызға азаяды деп күтілуде. Ал, жеке инвестициялардың үлесі 25 пайызға ұлғайып, қалада науқастарға төрт инсульт орталығы қызмет көрсетіп, мекемелер жүз пайыз цифрландырылмақ.
Басқарма басшысының айтуынша, медицина ұйымдарымен меморандум жасалып, барлық индикаторлар бойынша бағалау жүргізуге, ұйымдарды бақылап отыруға мүмкіндік тумақ. Карантин режимі қалыптастырған онлайн жүйені дамыту, ақпаратты техника құралдары арқылы дәрігерлік кеңес беруді дамыту, халықтың денсаулық мәселелері бойынша сауаттылық деңгейін арттыру мақсатында мобильді қосымшаларды пайдалану назарға алынған. Қала әкімі жоспарда айтылған жайттарды жүзеге асыруға мүмкіндіктің бар екенін мәлімдеді. Алдағы уақытта денсаулық саласына жеткілікті мөлшерде қаржы бөлінеді. Медициналық көмек пен оның сапасын арттыру және қолжетімділігі күшейтілмек. Тұрғындарға профилактика, түсіндірме жұмыстары көптеп жүргізілмек. Шаһар басшысы жауапты мамандарға аталған жұмыстарды көрсетілген мерзімнен ерте аяқтауды тапсырды.
Пандемия мен соңғы екі аптада күрт өскен пневмония дертіне байланысты қалада санитарлық талаптарды күшейту шаралары қолға алынды. Аудан әкімдіктері жанынан құрылған мониторингтік топ халық көп шоғырланатын сауда және тамақтану орындарында аурудың алдын алу іс-шаралары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, талапқа сай жұмыс істеу керектігін ескертті. Пандемияға байланысты дезинфекциялау жұмыстары күнделікті үзіліссіз жүргізілуде. Ол үшін қаладағы әрбір аудан әкімдігі арнайы бекітілген кестеге сай жұмыс істеуде. Бұған екі жүзден астам еріктілер мен әскери қызметкерлер жұмылдырылды. Бүгінде қала аумағындағы адамдар көп шоғырланатын қоғамдық орындар, базарлар мен аялдамаларға толық дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді. Мамандар сонымен қатар, 285 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары мен жертөлелерін, қоқыс алаңшаларын, 750 мың кіреберіс пен 145 көшені індетке қарсы дәріледі.
Стационарлар —халық денсаулығын сақтау үшін…
Инфекциялық дерттің өршуіне байланысты өткен аптада Шымкентте 200 орындық провизорлық стационар ашылды. Мұнда ЖРВИ және пневмониямен күдікті науқастар ем қабылдайды. Стационар ашылған алғашқы күннің өзінде жедел жәрдеммен жеткізілген 20 науқас осында орналастырылды. Провизорлық орталыққа медициналық ұйымдардан арнайы мамандар шақыртылған. Сондай-ақ, өкпесі зақымданған азаматтардың денсаулығын жақсарту үшін оттегі балондарын қолдану мүмкіндігі қарастырылған. Қалада бұған дейін 1420 арнайы төсек-орын ашылған болатын. Оның ішінде 690 орын инфекциялық, 290 карантиндік, 440 провизор төсек-орны.
Қала басшысы сонымен қатар, шаһардағы инфекциялық госпитальге барып, провизорлы, бірқатар күндізгі стационарларды аралады. Соның бірі – жұқпалы аурулар орталығының жұмысымен танысу барысында Мұрат Дүйсенбекұлына Р. Албаев госпитальдегі қазіргі жағдайды баяндады. Бүгінде инфекциялық госпитальде 77 палата және 2 реанимациялық зал бар. Оттегі жеткілікті. Мұнда covid-19 және пневмонияға шалдығып, денсаулығы ауыр жағдайдағы науқастар түсуде екен. «Госпитальдің жансақтау бөліміне түсіп, кейін денсаулығы оңалып тұрақталған, алайда бірнеше күн тағы дәрігер бақылауында болуы керек науқастарды провизорлық орталықтарға ауыстырып, ауыр жағдайдағы науқастарға орын дайындау жағын қарап, шешіңдер. Жедел жәрдем қызметкерлері ары-бері сандалмауы керек», – деген тапсырма берді қала әкімі.
Мұнан кейін Мұрат Әйтенов Қазығұрт шағын ауданындағы №86 мектепте дайындалып жатқан күндізгі стационарға барды. Ғимаратта жүзден астам науқасты қабылдауға мүмкіндік бар. Тағы орын қажеттілігі туындаса, нысанның екінші қабатын да қолдануға болады. Бұл күндізгі стационарға дәрі жеткізу мәселесі де шешілген. Дәл осындай стационарлар Сәуле, Ақжар шағын аудандарында да дайындалуда. Ал жеңіл атлетика манежінде күндізгі стационар ретінде бес жүзге жуық төсек-орын әзірленуде. Қала әкімі спорт кешенінде болып, ондағы жұмысты үйлестіру және қажетті жабдықтармен қамту мәселесі бойынша нақты тапсырмалар берді.
Бүгінде қалада жедел жәрдем қызметіне жүгінетіндердің саны артқан. Күніне орталық екі мыңға дейін қоңырау қабылдауда. Науқастардың дені ЖРВИ мен пневмония сынды жұқпалы ауруларға шағымдануда. Медицина мамандары қолайсыз эпидемиологиялық ахуалға байланысты сақтық шараларын күшейтуге шақыруда. Ал, жеке және заңды тұлғалар бұл талаптарды сақтауға қаншалықты ынталы? Бұл сұрақтың жауабы арнайы жүргізілген рейд барысында анықталғандай.
Қала әкімдігі мен жергілікті полиция, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы өкілдерінен құрылған мобильді топ кәсіпкерлік нысандарға күнделікті рейд жүргізуде. Түсіндіру жұмыстары мен бақылау нәтижесінде карантин режимін бұзушылар саны күн санап төмендеуде. Қаладағы кәсіпкерлік нысандардың 99 пайызы карантин режимінде көрсетілген шекті уақыттарда өз жұмысын аяқтауда. Алайда, ара қашықтық сақтау, антисептик пайдалану сияқты талаптарға немқұрайды қарайтын тұлғалар мен меншік нысандары да бар. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасынан осындай 2 мың мекемеге ескерту берілді. Үш күннің ішінде карантин талабына бағынбай, кешкі мезгілде жұмыс істеп жатқан 50 –ге жуық мекемеге хаттама толтырылған.
Сақтық шараларын күшейту қала әкімінің қатаң қадағалауымен жүзеге асуда. Шымкент қаласы әкімдігінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпісіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары А. Қосалиев пен денсаулық сақтау басқармасының өкілі Ж. Мәуленовтің қатысуымен короновирус пандемиясы бойынша эпидемиологиялық жағдай мен атқарылып жатқан мониторингтік жұмыстар бойынша брифинг өткізілді.
Дәрі-дәрмек қоры көбейеді
Өткен аптада қаладағы дәріханаларда қажетті препараттардың тапшылығы орын алды. Дәріханаларда дәрілердің жетіспеушілігін байқау мақсатында біз «Нұрсәт» шағынауданындағы бірнеше дәріханаға таңғы сағат оннан кейін бас сұғып көрдік. Жайшылықта қолжетімді саналатын қарапайым «Парацетамол» дәрісін таба алмадық. Тіпті, желілік дәріханалар жүйесі саналатын ең ірі орталықтардың бірі – «Еурофармның» үш бірдей нүктесінде де аталған дәрі жоқ болып шықты.
Шаһарда тұрғындарға дәрі-дәрмектердің қолжетімсіздігі инфекциялық аурулардың көбеюіне байланысты сезілуде. Осыған орай сала мамандарынан құрылған арнайы топ мониторинг жүргізді. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ләззат Қашқынбаеваның айтуынша, дәріханаларда дәрілердің тез таусылып кетіп жатқаны туралы ақпараттар бар, бірақ, дәрі тапшылығы туралы арыз түспеген. Қоймадағы дәрілер дәріханаларға жеткен соң тез таусылып қалуда. Атап айтқанда, «Парацетамол», «Эффералган», «Панадол», «Нурофен», «Ибупрофен», «Нимесулид», «Миг 400» сияқты рецептсіз босатылатын, ыстықты төмендететін дәрілерге сұраныс артқан. Бүгінде қалада 730-дай дәріхана болса, оның алпыс пайызы үлкен, қалғаны кіші дәріханалар.
—Қалада ЖРВИ, пневмония және тұмаудың басқа да түрлерімен ауырғандар көбейіп кетті. Осыған байланысты халық рецептсіз босатылатын дәрілерді жаппай сатып алуда. Бұл дұрыс емес. Дәрілердің мерзімі мен сақтау жолдары бар. Егер ол дұрыс сақталмаса, адам ағзасына кері әсер етеді. Сондықтан дәрілерді мейлінше дәрігердің нұсқаулығымен сатып алу керек, —дейді департамент басшысының орынбасары.
Аталған жағдайға байланысты қала әкімі Мұрат Әйтенов дәрі-дәрмек шығаратын өндіріс орындарында болып, қаланы дәрімен қамту мүмкіндігін бағамдады. «Santo» дәрі-дәрмек зауытының өндіріс цехын аралап көрді. Компанияның өндіріс жөніндегі директоры С. Майорская: «Зауытта 830 қызметкер тәулік бойы төрт ауысыммен жұмыс істеуде. Өнімнің 70 пайызы көтерме, 30 пайызы бөлшек бағада сатылуда», — дейді. Мұнда иньекциялық ерітінділер мен инфузиялар, қатты пероральді дәрілік заттар, антибиотик ұнтақтары, стерильді емес ерітінділер шығарылады.
Қала әкімі бұдан кейін «Ақниет», «Зерде» дәрілік заттар қоймасына барды. Аталмыш қоймалар қаладағы жүз шақты дәріханаға екі мезгіл дәрі жеткізуде. «Зерде-Фито» НПО ЖШС-і өкілінің айтуынша, кейінгі кезеңде төртінші категориядағы вирусқа қарсы дәрілерге сұраныс жоғарылаған. Сәйкесінше, компаниялар тапсырысы да бес есеге артыпты. Ал, парацетамолдың 50-ге тарта аналогтік түрі дәріханаларда бар. Тараз, Қызылорда, Түркістан сияқты көрші аймақтардан да сұраныс көбейгенмен, бірінші кезекте Шымкент тұрғындарын қамту басты назарда тұр. Мамандардың айтуынша, дәрі таусылып қалады деген қауіппен шамадан тыс көп дәрі алып, үйде сақтаудың қажеті жоқ. Әрбір дәрінің сақтау мерзімі мен шарттары бар. Оны қолданбаса адам ағзасына кері әсер беруі мүмкін.