Қазақстан үшін ауылшаруашылық саласын дамыту өте маңызды. Өйткені, бұған қажеттілік жоғары және мүмкіндік те бар. Осы мақсатта көптеген шаруалар атқарылып, бірнеше бағдарламалар тәжірибеге енгізілді. Соның ішінде шаруаларға «Бизнестің жол картасы-2020», «Агробизнес-2020» бағдарламалары көп шапағатын тигізіп отыр.
Шыбық шаншысаң шынар болып өсетін жері жомарт оңтүстік өңірі аграрлы саланы өркендетуге өте қолайлы. Халқы да шаруақор. Оңтүстіктің оңтүстігі есептелетін бірнеше аудандарда мақта шаруашылығы мен бақша өнімдерін өндіру ісі өркен жайса, таулы аудандарда алма баудың ауқымы ұлғайып, бидай өндіру кең етек жаюда. Ал Шымкент қаласына жақын орналасқан, қазақ үшін қасиетті саналатын таудың атымен аталатын, жуырда білікті басшы Нұрбол Тұрашбеков тізгінін ұстаған Ордабасы ауданында аграрлы саланың ахуалы нешік? Осы сауалға орай аудандық ауыл шаруашылығы бөлім басшысының орынбасары Нұрболат Бердімұратов төмендегі мәліметтерді ұсынды.
2020 жылға берілген индикаторлық тапсырмалар саны 28 болатын. Осы тапсырмалар аясында ауданда тиісті жұмыстар жылдың қай мезгілі екеніне қарамастан қарқынды атқарылып жатыр. Қаңтар – сәуір айларының өзінде 8 535 900 мың теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 184 700 мың теңге артқанын көрсетеді.
Мал шаруашылығында 7 448 600 мың, егін шаруашылығында 1 055 800 мың теңгенің өнімі өндірілген. Ауылшаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемін арттыру жоспары негізінде де нақты жұмыстар атқарылуда. Тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемі жылдық жоспар бойынша 450 миллион теңге. Ал ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемін 65 400 гектарға орналастыру жоспарының орындалуы бүгінгі күнге 62 650 гектарға жетіп, 95,8 пайызды құрап отыр.
Егістік жерлерді тиімді пайдалану мақсатында бір жылда екі өнім алу жобасы аудан бойынша жалпы 90 шаруашылық 171,9 гектар егістік алқапқа егуді жоспарлаған. Бүгінгі таңда 83 шаруашылық 169 гектарға бірінші дақылдарын орналастырды. Осы жаңа тәжірибеге байланысты түсіндіру жұмыстары да кең көлемде жүргізілуде. Наурыз айында аталған бағытта Шұбар ауыл округінде орналасқан «Ақ Орда» серіктестігінің егістік алқабында семинар өткізілді.
Жылыжай желісін биыл 15 гектарға ұлғайту жоспары бойынша сәуір айына дейін 5,43 гектарға орындалды. Аудан бойынша жалпы жылыжай алаңы 72,3 гектар болса, оның 21 гектары өндірістік жылыжайлар. Өткен жылдың өзінде 20,3 гектар жылыжай алаңы іске қосылды. Тамшылатып суғару әдісін 600 гектарға ендіру жоспарының орындалу қарқыны да жоғары. Аудан бойынша жалпы 1438 гектарға тамшылатып суғару әдісі ендірілген. Оның 620 гектары жеміс-жидек, 317 гектары бақша және 501 гектары көкөніс.
Қарқынды бау шаруашылығын дамыту бағытында 100 гектар жерге бау отырғызу жоспары бар. Қажымұхан ауыл округінде «ҚазГарден» ЖШС 11 гектарға қарқынды алма бау мен 44 гектарға сүйекті жемістер отырғызған. Сондай-ақ, «Миграж-Б» ЖШС 28 гектарға бау, Бөржар ауыл округіндегі «Нұрқасым» шаруа қожалығы 10 гектар және «Бал Кәусар» ЖШС 10 гектарға жүзім көшетін тамшылатып суғару жүйесін енгізе отырып отырғызған. Аудан бойынша жалпы 1062 гектарға бау орналастырылса, оның ішінде қарқынды бау көлемі 299 гектарды құрап отыр.
Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау бойынша он бес дана техника сатып алынды. 2019 жылы 43 бірлік ауылшаруашылығы техникасы алынған болатын. Жалпы аудан бойынша 1476 дана ауыл шаруашылығы техникалары тіркелген.
Мал басын ұлғайту, оның ішінде ірі қара малды 72,6 мың басқа жеткізу жоспары 86,4 мың басқа немесе 119 пайызға орындалды. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7,0 мың басқа өсті. Оның ішінде сиыр 35,5 мың басты құрап, 109,3 пайызға өсті. Ұсақ малды 401,7 мың басқа жеткізу жоспарланса, ол 508 мың басқа немесе 126,4 пайызға орындалды. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш те 20 мың басқа өсті. Жылқы басын 24,5 мыңға жеткізу жоспарының орындалуы 23,7 мың. Дегенмен өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш жоғары. 314 басқа өсті. Түйе басын 660 басқа жеткізу жоспары да толығымен орындалады. Ал құс басын 487,7 мыңға жеткізу жоспарланған болса, жылдың алғашқы төрт айының өзінде құс саны 381 мыңға жетті.
Аудандағы мал бордақылау алаңдар саны 279 болса, жанұялық сүт фермаларының саны 54 бірлікті құрайды. Шағын отбасылық үш құс фермасын салу жоспары жыл соңына дейін нақты іске асырылатын болады. Олар Шұбар ауыл округінен ЖК «Муртазаев Ж», Бөржар ауыл округінен «Аққұс» ЖШС мен «Бөржар Құс» ЖШС. Түйе шаруашылығын дамыту бағытында 112 бас түйе алу тапсырмасы болатын. Жеңіс ауыл округіндегі «Береке-1» шаруа қожалығының өзі алпыс жеті түйе сатып алды. Ірі қара мал басын импорттау (етті бағыттағы импорттық) бағытында 500 бас, атап айтқанда, Қажымұхан ауылында 50, Бадам ауылында 50, Бөржарда 200, Қараспанда 100, Шұбар ауылында 50 және Төрткөлде 50 бас алу жоспары енгізілген. Түйе сүтін қайта өңдеуге өткізу тапсырмасы 341 тонна деп белгіленіп, осы мақсатта Бөген ауылында 300 литр, Төрткөлде 250, Жеңіс ауылында 100 литр сүт өткізу бойынша келісім-шарт түзілген.
Мақта дақылы өнімділігін 30 центнерге жеткізу жоспарланған. 2019 жылы 8125 гектарға мақта дақылы егіліп, 22 841 тонна өнім алынды. Бұл гектар түсімділігі 27,8 центнер деген сөз.
Егістік жерлерді ағын сумен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында бірқатар каналдарға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Атап айтар болсақ, Қараспан ауылдық округінде ұзындығы 38,8 шақырым алты каналдың 12,1 шақырымы, Қажымұхан ауылдық округіндегі ұзындығы 66 шақырымды құрайтын алты каналдың 23,6 шақырымы, Бөген ауылдық округінде үш шақырым, Бөржар ауылында 0,5 шақырым канал тазаланған. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 378,9 шақырымды құрайтын каналдың 212,6 шақырымы механикалық тазалауды қажет етеді.
Ауыл шаруашылығы саласындағы 85 715 гектар егістік және 103271 жайылым жерлерді «Qoldau.kz» сайтына ендіру тапсырмасы бойынша ауыл округтеріне енгізілетін жер көлемі бөлініп берілген. Мамыр айының соңындағы есеп бойынша 53 603,48 гектар егістік және 69 861,4 гектар жайылым жер ендірілген. Бұл жұмыста Жеңіс ауыл округі 100,2 пайыз, Қарақұм ауыл округі 112,9 пайыз орындап, жылдың алғашқы төрт айының өзінде меже артығымен орындалды. 8678,7 гектар ортақ жайылым жердің мемлекеттік актісін алу мақсатында құжаттар ХҚКО-ға өткізіліп, тіркеу жұмыстары жүргізілуде».
Ордабасы ауданы Шымкент қаласына көрші орналасқандықтан, мұнда өндіріс саласын дамытуда қарқын жоғары. Бір ауданның өзінде бірнеше кірпіш зауыты, өзге де өндіріс орындары жұмыс істейді. Дегенмен, ауданның ауылшаруашылық саласында да ілгерілеушілік бар екені осы мақалада жан-жақты баяндалып отыр. Ұн, құс етін өндіруді айтпағанның өзінде егін, мал шаруашылығында нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Жылыжайға қатысты да жағымды жаңалықтар бар. Мұның барлығы, әрине, ауданның экономикасының көтерілуіне себеп болып, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартатыны сөзсіз. Халыққа билік тарапынан лайықты қолдау болса, шаруалар да «алма піс, аузыма түс» деп аспанға қарап жатпастан, өз кәсібін дамытуға бар күш-жігерін салатыны талассыз. Ең бастысы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында айтқандай, «жергілікті билік өкілдерінің халықпен тиімді кері байланыс орнатуы, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аударуы» көп көмегін тигізеді. Және бұл мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады.