Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Дін мен дəстүр » Карантин жайлы шариғат не дейді?

Карантин жайлы шариғат не дейді?

Омар бин Хаттабтың (р.а.) халифалығы кезінде һижраның 18 жылы оба ауруы тарады. Тарихта бұл обаға Амуас обасы деген ат берілген. Амуас – оба шыққан ошақ. Палестинадағы Рамлә мен Байт-Мақдис арасында орналасқан шағын қала.

Оба Шам аймағында тез тарала бастады. Бұл дерт 25-30 мыңға жуық кісінің өмірін жалмады. Дерттен көз жұмғандар қатарында Әбу Убайда ибн Жаррах, Мұғаз бин Жабал, Сухайл бин Амр (р.а.) және басқа да көптеген сахабалар шейіт болды. Бұл хабар Мәдина қаласына жеткенде халифа Омардың Шам аймағына мемлекет басшысы ретінде іс сапарға шығуы жоспарланған еді.

Аталған оқиғаны Абдулла бин Аббас (р.а.) еске алып былай деп баяндайды: «Халифа Омар (р.а.) Шам аймағына сапарға шығып, Мәдина қаласынан алыстап, Сарғ елдімекеніне де жетіп қалған еді. Осы кезде Шам қолбасшысы Әбу Убайда (р.а.) серіктерімен суық хабар алып келді. Шам аймағында оба барын хабарлады. Халифа Омар (р.а.) Ибн Аббасқа алғашқы мұхажир сахабаларды шақыртып кеңес құрды. Меккелік мұхажир сахабалар бір шешімге келе алмады. Бір тобы: «Үлкен жоспармен жолға шықтыңыз. Кері қайтқаныңыз дұрыс болмайды», – десті. Екінші тарап: «Сізбен бірге бұл жолға Алла елшісінің сахабалары да шықты. Олардың басын бәйгеге тігіп оба жайылған жерге барғаныңыз жөн болмас», – деген пікір білдірді.

Халифа ансар сахабаларды шақыртып, олармен де жеке кеңес құрды. Мәдиналық сахабалар да бір тоқтамға келе алмады. Соңында халифа: «Ертең жолға шығамыз. Кері ораламыз, жұртқа хабар берілсін», – деді. Мұны естіген Әбу Убайда (р.а.): «Алланың тағдырынан қашып барасыз ба?» – деді.

Сонда Халифа бұл шешімін қолбасшыға былайша түсіндірді: «Иә, Алланың тағдырынан Алланың тағдырына бара жатырмын. Егер де сенің түйелерің болса, ал алдыңнан бір жағының шөбі шүйгін, екінші жағы сортаң жайылым кезіксе, түйелеріңді қалауыңмен шөбі шүйгін жағына жайсаң да, Алланың тағдырымен, сортаң жағына жайсаң да Алланың тағдырымен жайған болмайсың ба?» деді.

Осы кезде жеке шаруасымен жүрген сахаба Абдурахман бин Ауф (р.а.) қайтып келе жатқан еді. Болған жайтты естіп, халифаға: Бұл мәселеге қатысты менде Алла елшісінен (с.ғ.с.) естіген риуаятым бар: «Бір жерден оба шықты деп естісеңдер, онда барушы болмаңдар. Ал егер сендер тұрған жерден шықса, обадан қашып ол жерден шықпаңдар», – деген еді» – дейді. Мұны естіген халифа Омар (р.а.) қабылдаған шешімінің хадиске сай келгеніне шүкіршілік етті. Міне, бұл риуаят жұқпалы ауру белең алған кезде орындалатын қажетті карантин шаралары.

 

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика