Әлқожа әулие

А.Ясауидің сүйікті шәкірті әрі күйеу баласы жайлы не білеміз?

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен шығысқа қарай 2,5 шақырым жерде тарихта аты мәлім Әлқожа ата кесенесі бар. Әлқожа ата кім болған? Оны бүгінгі ұрпақ біле ме? Газетіміздің «Киелі мекен» жаңа айдарының алғашқы тақырыбында осы тарихи мұраның сырына үңілмекпіз. Бұл туралы бізге “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі” РМҚК-нің  тарихшы мамандары әңгімелеп берді.

Ел аузындағы аңыздарда Әлқожа атаның Қожа Ахмет Ясауидің күйеу баласы, яғни Гауһар ананың күйеуі болғандығы айтылады. Кезінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ең жақын досы, сенімді серігі, ізбасары, ислам дінінің ең ардақты тұлғаларының бірі — Әбу Бәкір Сыддық атты кісі болған.  Әбу Бәкірге «Сыддық» деген атты халық берген, ал оның төл есімі  – Абдуллах. Әбу Бәкір  – Алланың елшісін, Құранды, мұсылмандықты ерлердің ішінен алғаш қабылдаған сахаба. Ол өзінің ақылы мен шешендік қабілетіне сүйеніп, кедей мұсылмандарға көмек көрсетіп, исламды бар жан-тәнімен уағыздаған. Әбу Бәкірдің ұрпағы Әбуләйіс қожаның екі ұлы болған екен. Олардың бірі – Жақып қожа, екіншісі — Әбдімәлік қожа. Самарқандта білім алған ағайынды Жақып пен Әбдімәлік Түркістан қаласына келгеннен кейін ағасы Сыр бойының төменгі жағына қарай бет алып, Өзген қаласына қоныстанған. Ал, Әбдімәлік ата Түркістанда қалады. Әбдімәлік ата Қожа Ахмет Ясауи медресесінде қызмет еткен, онымен бірге екі рет қажылыққа барған деген аңыз бар. Өз кезеңінде Әбдімәлік ата Түркістан өңірінде ірі тұлға саналған. Оның ислам діні үшін сіңірген еңбегін Ахмет Ясауи де өте жоғары бағалаған. Онымен құда болып, Әбдімәліктің баласы Әлиқожаға (Әлқожа) қызы Гауһарды қосқан.

Әлқожа Ата Қожа Ахмет Ясауидің сүйікті шәкіртінің бірі болған екен. Ғұламаның артында қалған барлық мұраларын кейінгі ұрпаққа жеткізуде Әлқожаның сіңірген еңбектері зор. Оның бойында емшілік қасиет болған деседі. Ілімділігі мен әділеттілігі, ақиқаттың ақ туын берік ұстанған ғұламалығы ел аузына ерте ілініп, көзі тірісінде-ақ «әулие кісі» атаныпты. Аңыздарға сенсек, сол заманда кесененің жоғарғы жағында орналасқан көктастан су тамшылайды екен. Сол су төменде орналасқан екінші көктастың үстіне тамшылап тұратын болыпты. Соған жиналған суды адамдар келіп еңкейіп ішкен екен. Себебі оның өзіндік емдік қасиеттері болған көрінеді. Көктастың жоғарғы жағында кесе тәріздес ойық бар. Ел арасында сол ойықтың ішіне жиналған суды ішкен адам бүкіл дертінен айығып кетеді деген пікір қалыптасқан. Көктас жаугершілік замандарда жоғалып кеткен.

Бүгінгі таңда Әлқожа атаның қабірі басына тұрғызылған кесене қайта қалпына келтіріліп, зиярат орны мен мешіт қызметін қос қабат атқаратын орынға айналған. Түркістандағы Ә.Тұтқабаев көшесінің бойында орналасқан ескерткіш қабірхана, жамағатхана және бастырмадан тұрады. Қабырғалары күйген кірпіштен қаланған. Бұл бөлмелер күмбезделіп жабылып, төрт жағынан терезе ойықтары орнатылған. Бастырмасы да айнала төрт қырланып кірпіштен өрілген. 1997-1999 жылдар аралығында өзінің сәулеттік ерекшеліктері толық сақталып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.

Әлқожа ата кесенесі бірнеше жылға дейін адам аяғы баспайтын, қараусыз жатқан жер болған. «Бүгінде кесене көпшілікке намаз оқу үшін қайта ашылып, жергілікті тұрғындар үшін мешіттің де рөлін атқаруда. 2016 жылы «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің бастамасымен кесене алдындағы жер тегістеліп, бау-бақшасы ретке келтірілді. Кесенеге келуші туристерге арналған жолдарға тас төселіп, жарық шамдар мен арнайы орындықтар орнатылды. Алдағы уақытта үлкен мәдени туристік нысанға айналдырылмақ», —дейді қорық-музейдің баспасөз хатшысы Мадина Сабырқызы.

Иә, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда Елбасы Н. Назарбаевтың «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы мен бағдарламалық мақаласы аясында киелі мекендеріміз көздің қарашығындай қорғауға алынды. Бүгінде елге рухани қызмет ете бастаған мұндай орындар біздің тарихи баға жетпес байлығымыз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған