Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Отбасы » Тату абысындар

Тату абысындар

Бір шаңырақ астында – үш келін

Бүгінде бір үйде бірнеше келін тұрмақ, бір келіннің өзімен сыйысып тұру мұңға айналған заман болды. Жас келіндер арасында ақ босаға аттай сала бөлек отау құрып шығуға құмарлар көбейіп барады. Керісінше, түскен әулетіне «тастай батып, судай сіңіп», сол шаңырақтың тіршілігін дөңгелетіп әкететін саналы келіндер де жоқ емес. Солардың бірі, Шымкент қаласындағы «Асар» шағынауданында тұратын жас келін Таңшолпан Имантаева. Бүгінде өзінен кейін босаға аттаған екі бірдей келінін қолында тәрбиелеп, абысындық міндетін адал атқарып жүрген Таңшолпанды оқырмандарға таныстырып, оның өнегелі ісі жас келіндерге сабақ болса деген едік.

«Мен өзім үлкен шаңырақта өскен қызбын. Ата-әжем мен ата-анамнан  алған тәрбиемнің тұрмыс құрғаннан соң тигізіп жатқан пайдасы көп болуда. Әкем тоғыз ағайынды. Жоғары оқу орнына түсіп, туыс әпкемнің тойына күйеужолдас болып келген жігітпен таныстым. Таныстығымыз махаббатқа ұласып, үйленуге ұсыныс білдірді. Нағашы атамның «жақсы жігіт кездессе, көзді жұмып, етегінен ұстап, тұрмысқа шығыңдар» деген өсиеті ойыма оралып, келісім бердім. Жолдасым да ата-әже тәлімін көрген, үлкен әулеттің ұлы. Қайын атам өмірден ертерек озған екен. Енем алты перзентін тәрбиелеп өсірген  ардақты ана. Бес ұл, бір қызы бар. Халқымызда «Жібекті түте алмаған жүн етеді, келінді күте алмаған күң етеді» деген сөз бар. Бізді босаға аттағаннан соң үлкен өмірге тәрбиелеп, отбасын айрандай ұйытып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» үйреткен апам деп айта аламын. Келін болып түскен кезде әлі жоғары оқу орнын бітірмеген едім. Қаладағы үлкен қайынағам мен  абысынымның қолында тұрдық. Екі абысынымның үлкені Шымкенттегі он сегізінші шағын ауданда, екіншісі Қазығұрт ауданы, Қызылбұлақ ауылындағы енемнің қолында тұрады. Алғашқы үш жылда абысынымнан отбасылық өмірдің қыр-сырын әбден үйрендім. Жас болған соң тамақтың өзін дұрыс дайындай алмайтынмын. Тұрмысқа баулып, көп көмек берді. Үш жылдың ішінде ұл-қызды болып, балаларыма қарасып, еркелеп жүрген мені ересек адамға айналдырды.

Үш жылдан кейін қайынағам өздері салған үлкен үйге көшіп, мен сонда қалдым. Қолымда бойдақ екі қайным болды, екеуі де қалада жұмыс істейтін. Қайынағам мен абысыным, яғни үйдің үлкендері кеткен соң біздің шаңырағымыз нағыз жастардың ордасына айналды. Туысқан қайынінілерім, өзімнің іні-сіңлілерім, қайынсіңлілерім біздің үйде тұрып, бірі оқуын оқып, енді бірі жұмысын істеп жүрді. Кішкентайымнан көпшіл ортада өскендіктен, кейде демалыс күндері олар ауылға кеткенде өзімізді жайсыз сезінетінбіз. Қалада өзіміз тұрғанда туысқандарымыздың пәтер жағалап жүргенін қаламадық. Кез-келген туысымыздың ұл-қыздары біздің үйден табылды. Ата-аналары бізге сенім білдірді, тіпті бір үйде 10-15 адам болып тұратынбыз», – дейді Таңшолпан.

Араға уақыт салып, бойдақ қайныларының үлкені үйленді. Жас жұбайларды өздерімен бірге тұрсын деп шешіп, екі келін бір шаңырақ астында тіршілік ете бастады. Ал, кіші қайнысы үйленгенде «Бір адам сыйған жерге екіншісі де сыяды, пәтерге ақша жұмсағанша оны жинап, басқа әрекет жасасын» деп, кішкентай келінін де қасына алдырыпты. Міне, содан бері бірнеше жыл өтіп, Мамыровтар әулетінің үш келіні бір үйде тұрып жатыр.

— Біз де үлкен үй соғып, жаңа қонысқа көштік. Бірақ бұрынғы үйде қалғысы келмеген келіндерімді өзіммен бірге көшіріп әкелдім. Бір-біріміздің жеке шаруамызға араласпаймыз, ал үй шаруасын ақылдаса отырып бірге жасаймыз. Шүкір, екі келінім де бірінен кейін бірі аяқ-қолын бауырына алып,  сәбилі болып жатыр. Біріміз үлгермеген тірлікке екіншіміз қолғабыс етіп жатамыз. Балаларды да бөліп-жармай бірдей қараймыз. Мен көбіне жұмыстамын, үй тіршілігі мен балаларды қадағалап отырған келіндерім үйде. Үлкен келінім дәмді тағамдар даярлағанды ұнатса, кейінгісі қолынан бал тамған  аспаз дерсіз, —дейді Таңшолпан.

Иә,  «абысын тату болса ас көп» дегендей, тату келіндердің енесі де ауылдан жиі келіп тұрады. Бір үйдің қыздарындай жарасымды тіршілік етіп отырған келіндеріне ризалығын білдіріп, батасын беріп кетеді. «Ерлеріңнің ризалығын алсаңдар мен ризамын» деген сөзді жиі айтады. Ақылын санасына құйып, өткені мен бүгініне шүкір етуден жаңылған емес. Жаратқаннан ұрпағының амандығын әркез тілеп отырады. Ал, «қос келінім —қос қанатым» деп ағайындылар арасын жарастырып отырған Таңшолпан Имантаева Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының белсенді қызметкері. Жұмысына жауапкершілігі мол, білікті маман.

«Апамның бір жақсы қасиеті, кітап оқығанды жақсы көреді. Көктемгі карантин кезінде қалада болды. Сол кезде кітапханадан «Абай жолын», Шыңғыс Айтматов, Дулат Исабеков, Шерхан Мұртаза сияқты жазушылардың кітаптарын  апарып бердім. Соның бәрін оқып  бітірді. Ол кісінің кітапқа осыншалықты құмар екенін білмеппін. Мен енемнің топырағынан жаралған келін екенмін» деп риза кейіппен күлімсіреген Таңшолпанға біз де дән риза болдық.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика