Елімізде жаңа оқу жылы қыркүйектен бастап барлық мектептерде қашықтықтан басталатын болды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ресми мәлімдеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша күзде ЖРВИ-дің кеңінен таралатын кезі. Сондықтан осы мәселені саралай келе барлық сыныптар тұтас қашықтан оқыту форматында білім алады.
— Ең басты мәселе — балалардың, ата-аналардың, педагогтардың денсаулығы. Ал, шалғай ауылдардағы шағын мектептерде штатты режимде оқыту жұмыстарын ұйымдастыруға мүмкіндік беріп отырмыз. Мұндай мектептерде 5,10,15 баладан оқиды және білім ұясына жаяу барып келетіні ескеріліп отыр. Екінші мәселе, бастауыш сыныптардың оқушыларына қатысты. Егер бастауыш сыныптарға қатысты ата-аналар өтініші болса, біз уақытша сыныптар ашып беруге дайынбыз, —деді министр.
Еліміздің бас ұстазының айтуынша, бұл жағдайда барлық жұмыстар санитарлық талаптарға сай жүргізілетін болады. Оның ішінде бала таңертең сабаққа келгенде оның дене қызуын өлшеу, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу, сыныптарды бірнеше ауысымға бөлу мәселесі қарастырылмақ.
Айта кетелік, бұған дейін жаңа оқу жылын бірнеше сыныптар (1,2,4,9,11) мектепке қатынап, қалған сынып оқушылары қашықтан оқытылатыны туралы айтылған еді. Бірақ, бұл мәселеге педагогтар мен ата-аналар қарсылық білдіріп, үндеу жолдаған болатын.