Елдегі, облыстағы бүгінгі ахуалға байланысты Түркістан облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Нұрбек Нышановтың 17 шілде күнгі №28 Қаулысы негізінде карантин режимінің ұзартылғаны белгілі. Демек, шектеу шаралары да қатаң сақталуы тиіс.
Алайда, осы шектеу шаралары қаулыда нақтылап көрсетілгенімен, оның орындалуы қандай дәрежеде? Бұл сауалдың көпшілікті толғандыратыны анық. Айталық, аталған қаулыда «Сауда саласында, соның ішінде піскен тағамдарды, фасфуд, жұмсақ балмұздақ, сусындар, сату дүңгіршектерінің жұмыс күндері (дүйсенбі-жұма) сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін шектелсін, демалыс күндері (сенбі-жексенбі) жұмыстары тоқтатылсын» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Бұл бүкіл облысқа, дәлірегі облыстағы барлық мекемелер мен жеке кәсіпкерлерге, әрбір азаматқа қатысты құжат. Алайда, бұл құжаттың Сайрам ауданында күші жоқ па?
Бұлай деуімізге не себеп? 19 шілде, яғни жексенбі күні Қарабұлақ ауылына барып, орталық көшесімен өтіп бара жатқанымызда адамдардың шоғырланғанын байқап қалдық. Жақын барсақ, олар самсаның кезегінде тұрғандар екен. Демек, мұнда жексенбі болғанына қарамастан самсахана жұмысын тоқтатпаған. Індеттің таралуы осы секілді келеңсіздіктердің салдарынан көбейіп отырған жоқ па?
Көпшіліктің есінде болса, елімізде төтенше жағдайдың жарияланғанына қарамастан Қарабұлақ ауылының базарында ешқандай да сақтық шараларының сақталмай, тіпті кәуаптың емін-еркін сатылып жатқаны жайындағы түсірілім желіде қызу талқыға түскен болатын. Сол түсірілімнің әсерінен сайрамдықтар етек-жеңін жиған екен деп ойлағанбыз. Бірақ…
Біз осы мәселеге орай Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Мамыржан Шадиевке хабарластық. «Менің бұл қызметке келгенім кеше ғана. Ауыл жағдайымен әлі толық танысып үлгермедім. Қордаланған мәселенің барлығын зерттеп, заң талаптарының орындалуы үшін жұмыс жүргіземіз. Кім екеніне қарамастан алдағы уақытта карантин ережелерінің бұзылуына жол берілмейді. Барлығын бақылауға аламыз», – деп жауап берді ауыл әкімі.
«Сенбі, жексенбі күндері сауда орындарында жұмыс тоқтатылуы тиіс. Қаулыда барлығы да анық жазылған. Олар жұмыс күндері сағат 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін ғана жұмыс істей алады. Сенбі, жексенбі күндері тыйым салынған», – дейді біздің сауалымызға орай Сайрам аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Дина Құттыбекова.
Міне, Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылындағы жағдай осы. Жаңылмасақ, Қарабұлақ ауылында 50 мыңға жуық адам тұрады. Сонымен қатар, бұл ауылға көрші Түлкібас, Бәйдібек, Төлеби, тағы да басқа аудандардан түрлі шаруаларымен келушілер қатары да көп. Ал осындай халық көп жиналатын ауылдарда шектеу шаралары сақталмаса, індетті тоқтату мүмкін бе? Мұндай жағдай керісінше індеттің өршуіне себеп емес пе? Бұл жағдайды Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков бақылауға алады деген сенімдеміз.