Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Мәселе » «Арыста ірі қара қырыла бастады»…

«Арыста ірі қара қырыла бастады»…

Бүкіл ел коронавируспен күресіп жатқанда, арыстықтар үшін тағы бір кесел бас көтерген сыңайлы. Ол адам үшін қауіпсіз болғанымен, қорадағы азын-аулақ малға жаудай тиюі мүмкін. Біреулер «Қансигек», екіншілері «Сары ауру», үшіншілері тағы бір аурудың атын айтып жүрген белгісіз кесел талайдың қорасындағы мүйізді ірі-қараның санын кеміте бастағанға ұқсайды.

Сәрсенбі күні редакцияға хабарласқан Қанатбек есімді азамат Арыс қаласына қарасты Жиделі, Байырқұм ауылдарынан шыққан індет Шардара мен Отырар аудандарының Қызылқұм, Аққұм ауылдарының малдарына да жұғып жатқанын айтып, алаңдаушылығын жеткізді. «Бұл тек менің білетінім, басқа ауылдарда да болуы мүмкін. Ең қорқыныштысы, көпшілік ауру малды ешкімге білдірместен сойып, сата бастаған көрінеді. Бұл адам денсаулығы, өмірі үшін өте қауіпті болуы мүмкін. Мені алаңдататыны осы», – дейді оқырманымыз.

Оқырманымыздың айтқаны рас болса, бұл, әрине, дабыл қағарлық мәселе. Бүгінде күллі әлемді үрей құшағына қамап, миллиондарды төсекке таңған, мыңдаған адамның өліміне себеп болған қатерлі індеттің шығуы да алғашында жұрттан жасырылғаны белгілі. Бейресми хабарларда бұл ауру да Ухань қаласының базарында жарқанаттың етінен тарады деп айтылды. Мұның қаншалықты рас екенін білмейміз, бірақ, жұқпалы аурумен ауырған малдың еті адам денсаулығына зиян келтіретіні, тіпті, өміріне қауіп төндіретіні талас тудырмайды.

Арыста бой көрсеткен ахуал қаншалықты шындыққа жанасымды? Осыны білмек мақсатта бірнеше арыстық азаматтарға телефон шалдық. Бірақ, олардан алған жауаптарымыз әртүрлі болды. Бірі мұның қауесет емес, рас жағдай екенін айтса, енді бірі жоққа шығаруда.

Аман ЖҰМАБЕКОВ, Жиделі ауылдық округінің әкімі:

– Ауылда бес-алты сиырдың өлгені рас. Бірақ олар қансигектен емес, сары аурудан өлді. Падашы басқа ауылдан бір сиыр алып келіп қосыпты. Содан сары ауру басқаларға жұққан. Біз оған қарсы емдеу шараларын жасадық. Қазір мал өлімі тоқтады.

Бауыржан РАҚЫМБАЕВ, Жиделі ауылының мал дәрігері:

– Сізге кімнің не айтып жүргенін білмеймін, бірақ бізде мал өлімі орын алған жоқ. Рас, бір-екі бұзау өлді. Ол малды иелерінің қараусыз қалдыру салдарынан орын алды деп ойлаймын. Уақтылы дәрі еккізбейді. Бұзауға дәрі екпесе «Целороз» деген аурудан өліп қалуы мүмкін. Әйтпесе ауылымызда жұқпалы мал ауруы тіркелген емес.

Ержігіт ДӘРМЕНОВ, Жиделі ауылының тұрғыны:

– Малдар қансигектен өліп жатыр деп ойлаймын. Бірақ мен малдарымды емдеттім. Соған дейін де үш сиырым өлді ғой. Көршілерден де өліп жатыр. Қансигектің белгісі, мал алғаш сүмірейіп ештеңе жемей тұрады. Ертеңіне қан сиеді де өліп қалады. Бар нәрсені бар деп айту керек қой. Оны несіне жасырамыз? Атам қазақ «ауруын жасырған өледі» демеп пе еді?!

Жайық ЖҰМАБЕКОВ, Байырқұм ауылының тұрғыны:

– Карантин кезінде үйден көп шықпаймын. Естуімше, тоғайдағы малдар қансигек пе, басқа ауру ма, әйтеуір бірнәрседен өліп жатқан секілді. Әрине, оған жол беруге болмайды. Жұқпалы індет жайылып кетсе, тоқтату қиын болады.

Әли ӘЛІБЕКОВ, Байырқұм ауылының мал дәрігері:

– Ауыл тыныш, бірақ егін жақта жайылып жүрген малдардың арасында өлім бары рас. Ондай өлімді болдырмау үшін алдын ала емдеу шараларын қолдану керек. Ауылда мал өлімін азайту үшін емдеу шаралары жалғасуда. Әрине уақытында ем қабылдамаса мал өледі ғой.

…Біз Арыс қаласына қарасты екі ауылдық округ тұрғындарымен ғана тілдестік. Басқа ауылдарда не болып жатқаны белгісіз. Мұны алдағы уақытта арнайы зерттейтін боламыз. Тұрғындар «қансигектің алдын алуға болады, ол үшін ауылдардағы тоғыту шұңқырларын суға толтырып, малды керолинге шомылдыру керек, бұл індетке қарсы күрестің ең тиімді де, арзан түрі» деген ұсыныс айтады. Бұған жергілікті билік тарапынан жеткілікті көңіл бөлмесе, кейін сан соғып қалуымыз әбден мүмкін. Адамдардың өзі карантиннен әбіржіп жатқанда малды да «карантинде» ұстауға мәжбүр болып жүрмейік. Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек мырза бұл мәселеге ертерек көңіл бөледі деп сенгіміз келеді.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика