Бас бармақпен бағалайтын бастамалар көп

Қазақстан аграрлы мемлекет. Болашақта ел табысының басым бөлігі осы салаға тәуелді болмақ. Сол себепті елімізде ауылшаруашылығы саласының жұмысын жандандыруға айрықша көңіл бөлінуде. Көптеген тиімді бағдарламалар қабылданып, шаруалар оның игілігін көруде. 

Ауылшаруашылығы саласының көшін ілгері сүйреп келе жатқан аудандардың бірі – табиғаты тамылжыған Түлкібас. Алмасымен атағы алысқа ұзаған аудандағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Мұстафа Желдібаев төмендегідей мәліметтерді назарымызға ұсынды.

«Түлкібас ауданында ауылшаруашылық саласын дамыту үшін үш жақты келісім бойынша сегіз индикативтік көрсеткіш бекітілген. Қазіргі таңға ауыл  шаруашылығының жалпы өнім көлемін орындауда жылдық жоспар 43  миллион теңгеден асып отыр. Статистика басқармасының мәліметіне сәйкес, көрсеткіш 102 пайызға орындалыпты. Оның ішінде егін шаруашылығы – 18,3, мал шаруашылығы – 7 852,0, халыққа көрсетілген қызметтер – 6,5 миллион теңге.

2020 жылы ауданда ауыл шаруашылығына тартылған инвестициялар жөнінде айтсам, «Табиғи өнім-ЛТД» ЖШС – жылына 1200 тонна күрке тауық етін өндіретін фабрика құрылысын жүргізбек. Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына тартылған инвестиция жоспары 600,0 миллион теңге. Биылғы жылғы игерілетін егіс көлемінің жоспары да ауқымды. 63194 гектардың барлығы толық игерілді. 154 шаруа қожалық бір жерден екі өнім алу жоспарлаған. Жаңбырлатып суғару технологияларын енгізу жоспары 500  гектар.

Ірі қара мал басын импорттау жөніндегі мәліметтерге тоқталсам, етті бағыттағы ірі қара малдың (ІҚМ) аналық басын несиелендіру жолымен импорттау бойынша былтыр 204 бас аналық сатып алынса, биылғы жылға 317 бас аналық сатып алу жоспары қойылған. Т.Рысқұлов ауылдық округінің «Мөлдір» ШҚ несие алған жағдайда 100 бас аналық және Майлыкент ауылдық округінің «Майлыкент агро» серіктестігі 100 бас аналықты Еуропа елдерінен аламын деп ниет білдіріп, келісім жүргізуде. Биылғы жылға бекітілген жоспар 12700 бас болса, қазіргі таңға 1285 бас аналық түрлендіруге қатысқан.

Ауданның экономикасын көтеру мақсатында өнімді мол беретін өсімдік ретінде алма бау, таңқурай көшетін отырғызу, көкөніс өсіру (Израильдік технологиясын үй іргелік жерлерге енгізу арқылы) жұмыстары атқарылуда. Ауданымыз таулы аймақта орналасқандықтан алма бау шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерінің ішінде жеміс-жидек шаруашылығы негізгі даму бағыты ретінде қолға алынған. Бүгінгі күнге алынған өнімді сақтау үшін жалпы сыйымдылығы 8,9 мың тонна құрайтын алты қойма жұмыс істеуде. Жаңа заманауи технологияны ендіру арқылы «КЕН-ТАУ» серіктестігі 2012 жылдан бері алма бау шаруашылығымен айналысып келеді. Барлық алма бау көлемі 231,0 гектарды құраса, оның ішінде қарқынды бау көлемі 188,5 гектар.

Биылға 50 гектар таңқурай көшетін отырғызу жоспары берілген. Қазіргі таңға көшет отырғызуға он бір кәсіпкер ниет етіп отыр. Таңқурай көшеті Алматы облысының Қаскелең ауданындағы жеке кәсіпкер «Абишевтің» тұқым саябағында өсірілген өнімді мол беретін өсімдік. Шаруашылық өзінің суармалы жерін «Қолдау» сайтына енгізгеннен кейін кәсіпкермен келісім шартқа тұрып, олар көшетті жеткізіп береді.

Көкөніс өсірудің Израильдік технологиясын үй іргелік жерлерге енгізу бойынша он жеті жағдайы төмен отбасыға қаржы бөлінді. Қаржы тізімдегі азаматтардың шотына аударылды. Алынған 555000 теңгенің 200 мың теңгесіне Израильдік технология орнату жұмыстары жүргізілуде, ал 355 мың теңгесіне мал алуға мүмкіндік жасалған. Технологияны орнату жеке кәсіпкер «Т.Сейсенбаев» арқылы жүзеге асырылуда. Израильдік технология орнатудың негізгі мақсаты: атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсарту. Орнатылған технология болашақта атаулы әлеуметтік көмек алушылардың иеліктерінде қалады.

Жалпы, Түлкібас ауданында егістік жер көлемі 63194 гектар. Оның ішінде суармалы жері 13613 гектар. Осы жылы 62 каналды жөндеу барысында жеті мың гектар жер суғарылады. Суармалы жерлердің көлемін ұлғайту мақсатында ұзындығы 15,4 шақырым темір құбырларынан канал құрылысы жүргізіліп, қосымша 1115 гектар жер телімі суармалы жер санатына ауыстырылады. Нәтижесінде суармалы жердің көлемі 14728 гектарға ұлғаяды.

Суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында Арал-Сырдария инспекциясы арқылы елу төрт миллион м/куб ағын су тасымалдауға келісім алынды. Оны тасымалдау қызметі үшін төлем ақы бекітілді. Мың м/куб ағын су көлеміне 329,28 теңге бекітілген. 122 шақырымды құрайтын он үш су нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары үшін 2 миллиард 600 миллион теңге қаржы мақұлданды. Облыстық төтенше жағдайлар есебінен бес су нысандарына 25,3  шақырым канал бойына механикалық тазалау жұмыстарын атқару үшін құжаттар дайындалып, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде.

Статистика басқармасының нақтыланған мәліметіне сәйкес ірі қара мал басы былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 107,1, қой мен ешкі 102,3, жылқы 110,7, түйе 100, құс 130,1 пайызға орындалды. Ет өндіру 101,5, сүт 103,4, жұмыртқа 00,5 пайызға өскен. Етті мал шаруашылығын дамыту бойынша бұқашықтарды бордақылау алаңдарына өткізу жоғары деңгейде жүріп жатыр. «Сыбаға» бағдарламасы және елді мекендердегі аналық ірі қара малдардан қалыптастырылған, жалпы табынға қосылған асыл тұқымды бұқаларды шағылыстыра отырып, ірі қара малдан алынған төлден  бордақылау алаңына өткен жылы 887 бас тапсырылған, ал биылғы жоспар 4039 болып отыр».

Ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметтеріне үңілсек, ауданда көптеген игі істердің атқарылып жатқанын байқауға болады.Әсіресе, суармалы жердің көлемінің ұлғайғаны қуантады. Бұл егін шаруашылығын алға сүйреуге мол мүмкіндік ашатыны анық. Ауылшаруашылығы саласындағы жетістік – ауыл азаматтарының әлеуметтік ахуалын көтеруге тікелей септігін тигізетіні түсінікті. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған