Бата мен тост…

Екеуінің аражігін ақсақалдар да ажырата алмай жүр

Аты аңызға айналған атақты Шақшақ Жәнібек бозбала кезінде Төле биге келіп: «Уа, биеке, бозбала болдым, ерлік қылайын ба, әлде сізден үлгі алып, билік құрайын ба, батаңызды беріңіз», – депті. Төле сонда: «Өгізіңді өрге салма, қанатың талар. Наданға көзіңді салма, сағың сынар. Досыңа өтірік айтпа, сенімің кетер. Дұшпаныңа шыныңды айтпа, түбіңе жетер. Қыс қарға жығады, ұрыншақтық жарға жығатынын ұмытпа! Тұмаудың түбі – құрт. Тұманның түбі – жұт. Ақылдың түбі – құт, қарағым. Менің батам осы!» – деген екен. Қазақ дәстүрінде батаның сан түрі бар. Атап айтқанда, дастарханға, сапарға, қызға арналған, елге тыныштық тілейтін, ұлсызға ұл тілейтін бата, тағы басқалар…

Халқымыздың «Жауынмен жер көгереді, батамен ер көгереді» деген нақылы ұлттық тәрбиенің барометрін айналған. «Баталы ұл – арымас, батасыз құл – жарымас» деген де сөз бар. Қазақ батаны қай кезде берген? Ертеде батыр жорыққа аттанарда, қыз ұзатылар кезде бата сұралған.

Бірде ауданда беделді қызмет атқаратын ағамыздың үйінде құран оқытылып, ас берілді. Дәмнен кейін төрде отырған қариядан бата сұралды. Ақсақал қос алақанын жайып, кедір-бұдыр, жалаң-жадағай «батаны» бастап кетті. Кәдімгі тойларда шараппен айтылатын тост тәріздес. Ас берген кісіге қарап «Сіздің жоғары деңгейде атқарып жүрген қоғамдық жұмыстарыңызды бағалаймын. Әрдайым биіктен көріне беруіңізге тілектеспін. Осындай дастархан басында бас қосайық!..». Мәнсіз болса да ақсақал берген батаға лажсыз «әумин» деп бет сипай салдық.

Өкініштісі, соңғы кезде осындай жайтқа жиі тап боламыз. Байқағаным, көптеген қариялар бата мен тостты шатастырып алады. Былтыр қос ауданның құрметті азаматы атағы бар, дүниеден озған кісінің жылдық асы болды. Әлгі асқа әрісі Астана мен Алматыдан, берісі Шымкент пен Түркістаннан қонақтар келді. Жазушы, көркемсөз шебері Мархабат Байғұт та қатысты. Рухани жиынның мәнін келтірген жазушы бата мен тосттың айырмашылығын ажыратып, талдап берді. Ақсақалдық жасқа жеткен көкелеріміздің көбі осыны айыра алмайтынына қынжыласың. Бата берудің тарихын тарс ұмытқанымыз өкінішті-ақ.

Бата – дана халқымыздың ежелгі тұрмыс-салтымен біте қайнасқан дәстүр. Ол біздің өміріміздегі рухани құндылығымыз бен қажеттілігімізді өтейді. Ағайын-туыс, жекжат–жұрағаттың бір-біріне ықылас-мейірімін, ашық пейілін білдіреді. Қазақтың ұлан-ғайыр даласына, халқымыздың ғұмыр тіршілігіне, салтына, әдет –ғұрпына орыстың ойшылдары, қытай ғұламалары көз тікті. Бұлардан бөлек шығыстанушылар мойындады. Этнограф-фольклорист В.Н.Василев: «Қазақ даласын көрген адам қазақ халқының батаға ерекше көңіл бөлетінін, назар аударатынын аңғарады», – депті. Ғұлама ғалым батаның қазақ поэзиясындағы ерекшеліктерін зерттеп, саралаған. Бата – Алладан тілер тілек.

Осы орайда дінтанушы ғалым Қайрат Жолдыбайұлының бата ұғымын құранның беташары – «Фатиха» сүресімен астастыратыны жайдан жай емес. Себебі, кез-келген істің батасыз пәтуасы болмайды. Фатихасыз құлшылық болмайды. Теологтың таным-түсінігін тәпсірлесек, құран аяттарынан алынған батаның қазақ қоғамында рөлі зор. Сонысымен де құнды. Ұйқас тіркестерді жыр форматында қазақылап, дұға-тілек етіп айта білу – өнер. Ендеше, мұндай құнды дүниемізді санамызға сырттан сығалай сіңген «тост» дейтұғын жоралғыға жықпағанымыз жөн.

«Тост» христиандық әдеп нормаларына негізделген аристократтардың үрдісі. Отыз бес жасында Франция императоры болған Наполеон мен Ресей тарихындағы ең жас әмірші реформатор Петр І-ді ұлықтау рәсімінде арақ – шарап құйылған ыдысты ұстап тұрып айтылған. Бізге бұл үрдіс кеңес кезеңімен бірге енді. Отарлаушылар біздің батамызды бұзып, тостпен шатастыруға жол ашты. Осылайша әдет-ғұрпымыз өзгерді. Оны қойыртпақтап, ара жігін ажырата алмайтындар көбейді. Қазақта «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» деген бар емес пе? Әлі де кеш емес. Үйренейік. Дастарханның сәні мен мәнін бағалы батамен арттырайық.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған