Өткен ғасырдың екінші жартысындағыдай жаппай кітап жастанып ұйықтайтын буын қазір жоқ. Қойшының етігінің қонышында да газет-журнал жүретін бұрынғы кезең келмеске кетті. Оның орнын ақпаратты техника алмастырды. Десек те, бұл оқу үдерісі біржола тоқтап қалды деген сөз емес. Тек, заман талабына сай оқырмандар қызығушылығы алмасты. Бүгінгі оқырман өткен ғасырдың еншісіндегідей көркем әдебиетті ақтара бермейді. Оның орнына психологиялық, мотивациялық, қаржы тақырыбына арналған кітаптар трендте.
Соңғы кездегі карантин мерзімі оқырмандар санын арттырды ма? Руханият орталықтар бүгінде онлайн жүйе бойынша қызмет көрсетіп жатқаны белгілі. Тиісінше, желіге жүктелген кітаптарды оқушылар саны да артқан. Бірақ, мамандар бұл оқырмандар саны көбейді дегенді білдірмейді дейді. Өйткені, электронды форматтағы кітапқа сұраныс артқанмен, шектеу бойынша кітапханаға оқырман келіп жатқан жоқ. Есесіне, әлеуметтік желідегі кітап маркетингіне сұраныс көп. Қуаныш Шоңбай, Айнұр Тұрсынбаева, Динара Болат, Аягүл Мантай, Кәмшат Бекжігіт сияқты қазіргі заман жазушылары мен мотиваторларының еңбектерін бүгінгі оқырман сөреде шаң бастырмайды. Кітап маркетингімен айналысатын, инстаграмда «@makpal_bookstore» парақшасымен белгілі онлайн кітап дүкенінің админі Мақпал Төребек:
— Мен кітап сатуды бала күнімнен армандадым. Әкем кішкентайымда «өскенде кім боласың?» дегенде «кітап дүкенінің иесі боламын» деп айтады екенмін. Өзімді әуесқой сатушымын деп есептеймін, бұл саланы зерттеп, қолға ала бастағаныма үш жыл болды. Алғаш келген жылдардың өзінде мен айналамнан «қазір адамдар кітап оқымайды» деген ойды көп еститінмін. Бірақ, шындығында олай емес. Көпшілік әдеби кітаптарды көп оқымауы мүмкін, бірақ әркім өз саласы, өзінің сферасы бойынша қызықтыратын кітаптарды көп іздейді.
Қазір менің тұрақты оқырмандарым бар, олардың елу-алпыс пайызы әдеби кітаптарды сұрайды. Өзім діни кітаптарды көп оқитындықтан, жарнамасын көп жасаймын. Осыған сай діни, мотивациялық кітаптар көп сатылады. Қазір кітап жарнамалайтындар көп. Бүгінгі мәселе оқырманның қандай кітапты оқығанында емес, сатушының қандай кітапты, қалай жарнамалағанында дер едім. Мысалы, Бексұлтан Нұржекеевтің «Ерлі- зайыптылар» кітабының фотосын инстапарақшама жүктегенімде оған сұраныс болған жоқ. Ал, оны өзім оқып шыққаннан кейін оқырманның ол кітапты не үшін оқуы керек екенін, тіпті, әрбір әйел заты, әрбір қазақ қызы оқуы керектігін, кітапты оқыған адам қаншалықты өзгеретіндігін жаза отырып жарнамалағанда әр күнде кем дегенде бір данасы өтетін. Қазір бұл кітап менде сатылымда қалмады, бірақ әлі күнге сұрайтындар көп. Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты», «Шуақты күндер» кітабына, Мұхтар Мағауиннің шығармалар жинағына, студенттердің «Ұлпан», «Ақбілек», «Шұғаның белгісі», Оралхан Бөкейдің «Кетбұғасына», «Ұшқан ұя», «Махаббат, қызық мол жылдарға» сұранысы көп. Ал, оқушылар С. Мұратбековтің «Жабайы алмасын», Б. Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасын» көп оқиды. Кейде өзімде жоқ кітаптарға сұраныс түсіп жатады. Кітапты жарнамалаудың жоғары үлгісін көрсетіп жүрген дүкендер дегенде «Қазына», «Меломан» ғана еске түседі, бұл аз деп ойлаймын, —дейді ол.
Ал, мемлекеттік кітапханалар оқырман сұранысына қандай кітаптарды ұсынып жүр?
—Біздің кітапханада барлық кітап қоры 402 596-ны құраса, оның 136 868-і қазақ тілді басылымдар. Ал, 6546-ы электронды, 6000 данасы санды форматқа көшірілген. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыспен кітапхана қоры молайып отырады. Биыл жоспар бойынша барлығы 4100 дана кітап әкелінуі тиіс болса, алғашқы жартыжылдықта 2294 дана кітап қорымызды көбейтті. Атап айтқанда, Әбу Насыр әл Фарабидің он бес томдығы, Сәбит Досанов, Әкім Тарази, Әлихан Бөкейханов, Бексұлтан Нұржекеевтің шығармалар жинағымен толықты. Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттен кітап қорына арнайы қаржы бөлінеді. Биыл бұл мақсатқа 5 миллион 910 422 теңге бөлінуі тиіс болса, әзірге 1 миллионнан астам қаржыға қазіргі трендтегі авторлар Кәмшат Бекжігіттің «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт», кәсіпкер-мотиватор Қуаныш Шоңбайдың «Екінші болма», «Құпия» кітаптары сатып алынды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша қазақ ақын-жазушыларының кітаптары, Ұлттық бюро баспасы шетел тілдеріне аударылған қазақ авторларының 100 оқулығы да оқырман сұранысын қанағаттандыруда, — дейді Шымкенттегі «Отырар» кітапханасының кітаптарды жинақтау, толықтыру бөлімінің сектор басшысы Г.Иманәлиева.
Байқағанымыздай, бүгінгі оқырман кітапхана кітаптарына қарағанда саудасы қызып тұрған әлеуметтік сатылымдағы жинақтарды оқуға құмар. Бұл бүгінгі күннің талабы. Қалай дегенмен де, ең бастысы қандай тақырыпта болса да кітап оқылымда. Осыған қарай енді «неге кітап оқылмайды?» емес, «неге кітап оқыта алмаймыз?» деген сұраққа жауап іздегеніміз жөн сияқты. Оның жауабы — кітап дүкендері мен кітапханаларда жарнама қызметін жолға қою болып тұр.