Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Мінбер » ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС — ЖЕМІСТІ НӘТИЖЕ

ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС — ЖЕМІСТІ НӘТИЖЕ

Науқастар азайып, стационар жабылды

Шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан Шымшаһарда шаруа қызып тұр. Көпке үрей әкеліп, халықты әбігерге салған пандемия дерті бәсеңси бастағанымен, босаңсуға болмайды.

Шымкент қаласына дәрі-дәрмектер жеткізу жұмыстары әлі де жалғасын табуда. Мемлекет қолдауымен бөлінген екі ұшақ, бес жүк көлігімен Индия, Ресей, Украинадан қажетті дәрілер қалаға жеткізілді. Олар ең алдымен медициналық ұйымдарға, сосын дәріханаларға таратылды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов «Аптека №5», «Мега Фарм Плюс» серіктестіктердің көтерме қоймаларына арнайы барып, жоспарланған дәрілік заттарды жеткізу және дәрілік қордың жеткілікті екеніне тағы да көз жеткізді. Бүгінде аталған фарм компаниялар қорында 273 мың флакон левофлоксацин ерітіндісі, 200 мың қорапқа жуық аскорбин қышқылының инъекцияға арналған ерітіндісі, 130 мың қорап аналгин мен димедрол, эуфиллин ерітіндісі сынды маңызды медикаменттің сегіз түрі табылады. Сонымен қатар, Қазақстанды оның ішінде Шымкент қаласын қажетті дәрімен қамтамасыз етуде «Химфарм» дәрі-дәрмек зауытын атап өткен жөн. Бүгінде мұнда инъекциялық ерітінділер мен инфузиялар, қатты пероральді дәрілік заттар (таблеткалар, саше, ампулалар), антибиотик ұнтақтары шығарылуда.

Осындай жедел шаралардың ұйымдастырылуы арқасында өткен аптада Шымкентте медициналық көмекке жүгінетін азаматтар саны азая бастады. Нәтижесі сол, қаладағы жеңіл атлетика спорт кешеніндегі 360 орындық күндізгі стационар жабылды! Оқырмандардың есінде болса, газетіміздің бұдан бұрынғы шолуларында ЖРВИ мен пневмониямен ауырғандар санының күрт өсуіне байланысты қала әкімдігі спорт кешенінен күндізгі стационар ашқанын жазған болатынбыз. Стационарда алғашқы бірнеше күнде 500-ден 700-ге дейін тұрғын емделді. Науқастарға жұмыс кестесіне сәйкес күніне қаланың барлық емханаларынан келген 50-ден астам медицина қызметкерлері медициналық көмек көрсетті. Бүгінде қалада эпидемиологиялық жағдай тұрақтала бастады деуге толық негіз бар. Соңғы күндерде стационарға келушілердің саны күніне 25 адамға дейін азайып, әр емханадан күніне екі-үш емделуші келді. Емханалар жанындағы күндізгі стационарларда да қосымша төсек-орындардың ашылуына байланысты аталған спорт кешеніндегі  стационар қызметіне жүгіну қажеттілігі төмендеді. Тиісінше спорт кешенінде дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп, ондағы бірқатар жабдықтар емханаларға берілді.

Осы тұста айта кетейік, коронавируспен күрес шараларына Шымкент қаласының кәсіпкерлері де өз үлестерін қосып отыр. Жомарт жандар «Шымкент – қайырымды қала» әлеуметтік-қайырымдық қорына бүгінге дейін 100 миллион теңгеден астам қаржы бөлген.

«Қор директоры Дәуренбек Құрбаниязовтың айтуынша, аталған қаржыға 5 дана өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппараты алынған. Құралдардың төртеуі жаңа жұқпалы ауруханаға, біреуі кардиологиялық орталыққа орнатылған. Бүгінде осы мақсатқа жұмсалған қаржы көлемі 90 миллион теңгені құрайды.  Сонымен қатар, қызметтік борышын өтеу барысында қаза болған дәрігерлердің отбасына да «Шымкент қайырымды қала» қоры тарапынан қаржылай қолдау көрсетілді. Күні бүгінге дейін қордың көмегімен қосымша ашылған провизорлық орталықтардағы төсек-орынға арналған 30 кереует пен 2400 литр минералды су алынған. Алдағы аптада 10 мың бетперде мен 1000 дана медициналық киім тарату жоспарланып отыр», – деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

Жалпы, «Шымкент – қайырымды қала» қорының негізгі мақсаты – әлеуметтік, мәдени, ғылыми, спорттық, білім беру мақсаттарына қол жеткізу, азаматтардың денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау, сонымен қатар басқа да әлеуметтік пайдалы мәселелер. Бұл қор коронавирустық инфекциямен күресте үлкен әлеуметтік көмек көрсетіп келеді.

 

Жаңашыл жобалар жүзеге асуда

Бүгінде қалада науқастарды қашықтан қарайтын жаңа онлайн қызмет іске қосылды. Білікті дәрігерлер 1430.kz сайты арқылы онлайн тегін кеңес беруге көшті. Аталмыш сайтқа жергілікті емханалардың жалпы тәжірибелік дәрігерлері тіркелген. Олар желі арқылы науқасқа жедел кеңес беріп, алғашқы медициналық көмекті көрсететін болады. Ол үшін 1430.kz порталына тіркеліп, қажетті маманды таңдап, онлайн-қабылдауға жазылу жеткілікті. Яғни, қала тұрғыны сайтқа өзінің атымен, логинімен тіркеледі. Сосын тиісті дәрігерін тапқан соң, бос уақытына сай онлайн кеңеске жазылады. Онлайн кеңес уақытына 10 минут қалғанда дәрігер мен пациентке консультация күтіп тұрғандығы туралы смс хабарлама келеді. Қазіргі кезде емханалардағы жалпы тәжірибелік және мамандандырылған дәрігерлер, оның ішінде хирург, травмотолог, уролог, гинеколог сынды жетпіске жуық маман аталған сайтқа тіркелген. Елімізде телемедицинаны дамыту бойынша қолға алынған Start-Up жобасы бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жүзеге аса бастаған болатын.

Шымкент қаласындағы кардиологиялық орталықта пневмонияға шалдығып, денсаулығы күрт төмендеген науқастар экстракорпоральді мембраналы оксигенациялық (ЭКМО) аппараты арқылы емделуде. Мамандар бұл құрылғыны ИВЛ аппаратына қосымша көмек ретінде науқастарға қолдануда. «ЭКМО аппараты – өкпе қабынып жұмысы қатты нашарлаған кезде қанды оттегімен қамтамасыз етеді. Яғни, адамның күре тамырларынан арнайы түтікшелер арқылы аппаратқа қосып, ЭКМО-ға құйылған қанға қажетті деңгейде оттегі беріледі. Сосын қайта адам ағзасына жіберіледі. Осының арқасында қан айналымы жақсарады. Аталған құрылғы науқасқа дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді», — дейді Шымкент қалалық кардиологиялық орталықтың директоры Ермағанбет Қуатбаев.

Бүгінде қалалық кардиологиялық орталық жанынан ашылған ЭКМО орталығына шаһардың өзге ауруханаларынан денсаулығы күрт нашарлаған науқастар жеткізілуде. Күні бүгінге дейін бұл аппаратқа 5 науқас қосылып, жағдайы жақсарған емделушіні дәрігерлер үйіне шығармақ. ЭКМО орталығында 35 төсек-орын дайындалған. Қазір онда науқастар ем алып жатыр. Бүгінде ЭКМО тек Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми кардио-хирургиялық орталық пен Шымкенттегі кардиологиялық орталықта  пневмония және короновируспен күреске қолданылып жатыр екен. Шымкенттік кардиологтар өзге облыстардағы әріптестерінің де ЭКМО аппаратын осы бір індетке қарсы күресте қолдануын қалайды. Бірақ ЭКМО-ны адам ағзасына қосу үшін кардиохирург, анестезиолог-реаниматолог, перфузиолог сынды мамандар командасы қажет. Десе де, жұмыстың 80 пайыз ауыртпашылығы медбикелерге жүктеледі. Жүйелі жұмыстың арқасында күні бүгінге дейін қалалық кардиологиялық орталықтың бірде-бір қызметкері жаман індетті жұқтырмағанын айта кеткен жөн.

Иә, осылайша Президенттің Қазақстан  халықына арнаған Жолдауында айтқанындай, медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі Шымкентте өз шешімін тауып отыр.

 

Жолдар жөнделіп, аулалар абаттанып…

Қала көркінің уақыт санап келбеттенуі шаһар қонақтарына сын болса, тұрғындарына әркез қуаныш сыйлайды. Бүгінде Шымкент қаласындағы Нұрсәт шағын ауданында тозығы жеткен 57 аула абаттандырылып, заманауи үлгідегі балалар алаңшалары мен жаттығу құрылғылары орнатылып жатыр. Бұл жұмыстарды «Бай-болашақ» ЖШС-і  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүргізуде. Сондай-ақ, ауданда жергілікті бюджет есебінен қосымша 8 аула абаттандырылуда.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов шағын аудандағы абаттандыру жұмыстарын да назардан тыс қалдырып жатқан жоқ. Құрылыс жұмыстарын тексеріп, жергілікті халықпен кездесті. Тұрғындар өз кезегінде шаһар басшысына балалар алаңшаларының бой көтеріп жатқанына ризашылығын білдірді. Измир көшесі бойындағы көпқабатты үйлердің абаттандыру жұмыстарымен танысқан қала әкімі жауаптыларға автотұрақ жайын кеңейтуді тапсырды. Бұдан бөлек, құрылысты қала тұрғындарына ыңғайсыздық туғызбайтындай және жұмыс сапасын қамтамасыз ете отырып жүргізу қажеттігін міндеттеді. Қазір аудан аумағындағы Нұрсәт, Тұран, Мирас, Достық, Қайнарбұлақ шағынаудандары мен Қайнарбұлақ саяжайында жаңадан 10 ашық спорт алаңшасы орнатылуда. Ондағы құрылыс жұмыстарын «Алем Строй-1» ЖШС-і атқаруда.

Шымкентте, сондай-ақ, 75 шақырым магистралды жол жөндеуден өтуде. Оның ішінде Қонаев даңғылының жалғасы мен айналма жолын қайта жөндеу жұмыстары қамтылған. Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы хабарлады. Басқарманың мәліметінше, Ташкент, Түркістан, Алматы бағытына апаратын автомобиль жолдары 2023 жылға дейін пайдалануға берілетін болады. Ал, бүгінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген төрт аудандағы 11 ішкі орам көше ел игілігіне берілді. Атап айтқанда, Абай ауданындағы Таңқурай, Агропром, Тарактас, Болашақ, Ермекбаев пен Сейтов көшелеріне орташа жөндеу жүргізілді. Ал, Еңбекші ауданында Бойт ата, Абрикосовая, Қараменде батыр көшесі жөнделсе, Әл-Фараби ауданында Саттарханов, Қаратау ауданында Байжігітов атындағы көшелердің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған.

Бұған дейін төрт аудан бойынша 12 ішкі орам көшенің құрылысы аяқталып, тапсырылған болатын. Жалпы биыл қаладағы 296 шақырым ішкі орам көшелерде күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп отыр. Бұдан бөлек, 112 шақырымды құрайтын көшелерге шағал тас төселеді деп күтілуде.

Қарбалас уақытқа қарамай, қиын кезеңді артқа қалдырған қалада жүзеге асып жатқан жемісті жұмыстар аз емес. Алда әлі талай жауапты күндер күтіп тұрғанын ескерсек, тиісті мамандар шаруаны шашау шығармауға тас-түйін бекініп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында билік өкілдеріне халықпен тиімді кері байланыс орнатуды тапсырған болатын. Міне, жоғарыда жария етілген іс-амалдардың барлығы да халықпен тығыз байланыс орнатып, олардың мұң-мұқтажына құлақ салудың нәтижесінде жүзеге асырылып отыр.  

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика