Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Өзбекстанның Тауелібай өңіріндегі Тәспен ауылының қарт тұрғындары Тоқтыбай ата мен Қалақ ата ақпан айының бас кезінде көктемде боталайтын буаз түйелерін іздеп Ақбайтал ауылына қарай бет алады. Үйлерінен түс кезінде шыққан ақсақалдар мінген күйлі көліктерінің жайлы жүрісімен желдірте отырып, әңгіменің қызығымен жарты жолға келіп қалғанын да байқамайды. Арада көп уақыт өтпей-ақ «қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, қыстың қысқа күнінде қырық құбылатын ауа райы күрт бұзылып, көзге түрткісіз қалың тұман түсе бастайды. Айналадан түк көрінбей қалған соң, амалдың жоқтығынан ақсақалдар аттарынан түсіп, тұманның сейілгенін күткен. Бірақ, қалың тұманның жуық арада сейілер түрі білінбегендіктен, оның ашылуын күтіп отыра беруге тағаттары таусылған ақсақалдар амалсыздан қайтадан аттарына мініп, алға қарай жылжиды. Қою тұманнан бастары айналып, бағыт-бағдардан айрылып қалған ақсақалдар мінген аттарының жем жеген жағына қарай бұрылып, өздерінің қайтадан келген жақтарына қарай беттегенін де байқамайды. Бір кезде жайлап тұман ашылып, қыстың қып-қысқа күнінің батып кеткенін байқаған үлкен кісілер жүрістерін жеделдете түседі. Көп ұзамай-ақ түннің қою қараңғылығында биік төбенің басына шыға келген салт аттылардың алдынан ауылдың жарығы жамырай көрініп, құлаққа гүрілдеп тұрған дизельдің дыбысы анық естіледі. Жарықты көріп қуанып кеткен Тоқтыбай ақсақал қасындағы серігіне қарап:
– Ал, қосшым, екеуіміз мына көзге түрткісіз қараңғыда Оңғардың үйін қалай табамыз? Әлде ат басы деп шеткі үйге түсе саламыз ба, қайтеміз, – деп сұрайды.
– Ойбай, Тоқа дұрыс айтасыз. Оңғардың үйін іздейміз деп жүргенде адам айтып бола ма, сүрініп құлап мойын омыртқамызды қиратып алармыз, оның үйіне тәңірдің таңы атқасын-ақ бара салмаймыз ба, – деп Қалақ шал Тоқтыбай ақсақалды қостай кетеді. Сол жылдары Ақбайталда ферма меңгерушісі Даңбаев Оңғар екен. Сонымен осы ұйғарымға келген екі ақсақал ауылдың ең шетінде орналасқан үйдің алдына келіп, аттарынан түсіп, қазыққа байлайды да, үстеріндегі тобыққа түсетін тондарын сүйрете:
– Ассалаумағалейкум, кеш жарық, біз құдайы қонақпыз, – деп әндете сәлем беріп, үйдің табалдырығынан аттайды. Үй иесі Тәуен шал тондарын сүйретіп, құдайы қонақпыз деп келіп тұрған екі ауылдасын көргенде бұл олардың не ойыны, не шыны екенін білмей аузы ашылып, таңырқап қалады. Үйдің төріне жайласып отырған Тоқтыбай ақсақал Тәуенді танып:
– Сен неме бұл жақта не істеп жүрсің? Әй, сен ауылдан қашан келдің, өзің шайтансың ба деймін, кеше кешқұрым ауылда жүрген сияқты едің ғой, – деп таңырқайды.
– Ақсақал-ау, мен өз үйімде отырмын ғой. Бұл жерге қашан келіп едің дегеніңіз қалай, – деп жауап береді Тәуен шал.
– Ой, оңбаған неме. Менімен әзілдесетіндей мен сенің жездең бе едім. Әлде мені қартайғанда мазақ етейін деп пе едің, – деп Тоқаң ашулана бастайды.
– Ойбай, ағажан-ау, сізді мазақ етіп өле алмай жүрмін бе. Мынау отырған менің кемпірім, анау пештің қасындағы қолын жылытып тұрған балам, – деп Тәукең де түсіндіре бастады. Әңгіменің мән-жайына енді түсініп, қара басып адасқандарын білген Тоқаңның екі көзі шарасынан шығып кеткен күйі қасында аузы ашылып, таңырқап отырған Қалақ шалға жалт қарап:
– Тұқымың жайылғыр Қалақ-ау, сен мені қайда әкелгенсің? Ай, көже басқыр-ай, тапа-тал түсте адастырып, мені Тәуеннің үйіне алып кеп, елге масқара еттің-ау, – деп күйінеді.
– Мен қайдан білейін, қою тұманда басым айналып, есімнен танып қалыппын ғой. Ең болмағанда астымдағы атымның ауылға қарай бұрылып кеткенін де сезбеппін. Оның үстіне сіздің де әңгімеңіз таусылып болмады, менің көзімнің нашар екенін өзіңіз де жақсы білесіз, – деп бет бақтырмай қарсы дау айта бастайды. Дауласып жатқан екеуге қараған Тәуен шал мен кемпірі иықтары бүлкілдеп мәз боп күледі де:
– Енді түбінде құдайы қонақпыз деп ниет қылып келген екенсіздер, бүгін осында қонып кетесіздер. Үйдің төрі, төсектің жайлысы сіздердікі. Тәңірдің таңы атқасын, ертең қонақасыларыңызды жейсіздер, – деп күледі. Сол кезде есін жиып алған Тоқаң күлген үй иесіне қарап:
– Күлсең кәріге күл деген осы. Екі соқыр шал буаз түйені тауып келеміз деп, қарап жүрмей досқа күлкі, дұшпанға таба болдық-ау. Ал, Тәуенжан, сен жаман ағаңның адасып үйіңе келгенін тісіңнен шығармай-ақ қой. Тұқымы құрысын, енді біз ел жатып қалмай тұрып, өз үйімізге барайық. Бала-шағаға не бетімізді айтатынымды да білмей тұрмын. Атам қазақ ит даусы естілетін жер болса бөтен үйге қонуға болмайды дейтін еді. Қалақжан, сенің қызметіңе де рахмет, әйтеуір айдалаға алып кетпей өзіміздің ауылды тауып келдің ғой, сенің жолбасшы болғаныңа болайын, – деп өзі де күліп жіберіпті.