Омар Жәлелұлы:
Жапон елінде атом стансасы жарылғанда бүкіл дүкен, банк ашық қалды. Жапон халқы ашық жатқан банктен бір иен, дүкендерден бір суыртпақ жіп алмады. Арлы халықты, ар-иманын жоғалтпаған халықты Ел дейді. Жапон халқы Ел екен, қиын-қыстау, ел басына күн туғанда Елдігін көрсетті. “Бүлінгеннен бүлдіргі алма” деген елдік қасиет бізде де бар еді ғой. Иә, бар-тын, болған. Қазір – жоқ. Қазір : “Атаңды жау шапса, қоса шап!” қағидасы күшіне еніп тұр. Ар-иманын жоғалтқан халық тарих сахнасынан кетеді. Қасиетті Кітапта солай жазылған. Біз де кетеміз. Өйткені арымызды сақтай алмадық. Халық қырылып жатқанда пайда таптық. Халыққа ауадай қажет дәріні тығып, қымбатына саттық. Біз Ел бола алмадық. Шәкәрімнің: “Ерді адалдық жолға бастайтын, Елді арамдыққа әсте баспайтын, Басшы адам қойылса” деген арманы орындалмады.
Ерді адалдық жолына салмадық, елді арамдыққа баспақ түгілі, белшесінен батырдық. Отыз жыл бойы қазақтың тұнығын лайладық. Қаскөй дұшпан да бұлай істемес. Қазақтың тұнығы ми батпаққа айналды. Енді сол батпаққа өзіміз тұншығып жатырмыз. Пневмониядан ауырған адамның ғана емес, бүкіл ұлттың өкпесі қабынып тұр. Ұлтқа дем жетпей жатыр. Ауруын (отар екендігін) жасырып келген ұлт өлімші халде… Індет жалмаған қаймана қазақтың жаны жәннатта болсын, рухы пейіштің төрінде шалқысын. Кешіріңдер, бізді…