Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Тарих » ШІЛТЕР ӘУЛИЕ…

ШІЛТЕР ӘУЛИЕ…

  Әулиеліктің үшінші сатысы – Ғайып ерен, Қырық шілтен

Төлеби ауданынан Қазығұрт тауын бетке алатын жол бойындағы Әңгір ата ауылында көнеден келе жатқан Шілтер әулие қасиетті мекені бар. Халық сенімінде бұл жер Ғайып ерен, Қырық шілтен ұғымымен байланысты. «Ғайып» деген — көзге көрінбейтін, «ерен» деген — қырық шілтен, періштелердің Жаратушы құдіретімен адамзатты қолдап, қорғап жүретін күш.

Барғандар біледі, бармағандарға ақпар ретінде айтайық, Ғайып ерен, Қырық Шілтеннің босағасынан аттағаннан кейін қасиетті тұт ағашы өсіп тұр. Содан жоғары өрлесеңіз, биіктігі он метрге жуық, ұзындығы жиырма метрдей, бір-біріне «сүйеніп», бастары шығысқа қарай ұйысып жатқан екі алып тасты көруге болады. Оның бірі Ата, екіншісі Ана деп аталады. Ата — Ананы қорғап тұр. Тастағы мың сан тесіктер Ананы оттан, судан қорғаған Атаның қырық тесік шапанын білдіреді. Ал Ана – үй үшін жаралған, от басы, ошақ қасына байланған. Ананың бауыр жағында төрт бөлікке бөлінген, қазаннан аумайтын белгі бар. Бұл – «Төрт құбыла түгел, төрт түлігіміз сай болсын, қора малды болсын!» деп Тәңірден тілек тілейтін жер. Ананың шарасы, нәрестесі, сүті, қамыр белгілері, бәрі де – киелі орынның қасиетін арттырып тұр.

Бұл жердегі ең негізгі зиярат рәсімінің бірі – Ата, Ана аталатын, екі алып жартастың арасынан тілді кәлимаға келтіріп, оң жақ иықты алға салып бір қырымен өту болып саналады. Әулие жайлы халық арасында: «Жапсарлас тұрған екі алып тастың арасынан адамдар өтеді екен. Күнәсі қыруар пенде — тас арасында қысылып қалып, күнәсі аздар —  өтіп кетеді. Тас арасынан жылан, арыстан секілді қорқынышты елестер көрінуі мүмкін, қысылып қалғандар құрбандыққа мал атап, әрең босайды екен» деген аңыз бар. Мұнда келушілер көңілінде жүрген тілектерін іштей айтып, тілін кәлимаға келтіріп, қасиеті бір-біріне ұқсамайтын, тыныс жолдарына таптырмас ем саналатын үш бұлақ суынан дәм татады. Дәмі зәмзәм суына пара-пар қасиетті судан қанып ішіп, қала берді бос бөтелкелерге құйып та алады.

Осы жерде Ғайып Ерен, Қырық Шілтен ұғымына діни мамандардың зерттеулерінен қысқаша түсінік бере кетсек. Қазақ ұлттық энциклопедиясындағы деректер бұл туралы: «Көшпелі халықтардың батырлары пір тұтып, сыйынатын исламға дейінгі көне рухтардың бірі – Ғайып ерен, Қырық Шілтен болған. Көне наным бойынша көзге көрінбейтін, шілтен деп аталатын қырық нөкері бар адамдарға көмектесіп жүретін рух»  делінген. Сондай-ақ, «Ғайып ерен – мұсылмандар арасында сопылық ілім ықпалымен тараған түсінік бойынша, ерекше қасиеттерге қол жеткізген әулиелер. Қазақ фольклорының кейіпкерлері әдетте Жаратушының жәрдемімен “Ғайып ерен, Қырық Шілтен”, “Ғаусыл- ғиас”, т.б. әулие-пірлерді рухани көмекке шақырады. Мысалы, “Алпамыс батыр” эпосында әулиелердің кереметі

«Сол уақытта батырға,

Атса, мылтық өтпеді,

Шапса, қылыш кеспеді —

Ғайып ерен, қырық шілтен,

Қолтықтан сүйеп, демеді», – деп жырланады. Халқымызда көнеден келе жатқан «Ғайып ерен, Қырық шілтен, Назарыңды салып өт. Тар жол тайғақ кешуде, Жәрдемдесіп алып өт» деген сөз бар. Сондықтан болар, бұл қасиетті жерге көбіне жұртшылық Ғайып ерен, Қырық шілтенге тәу ету арқылы Жаратушы Алладан медет тілеп келеді. Бұл жердің басқа әулиелерден айырмашылығы да сонда болса керек.

Киелі мекенге байланысты мынадай да діни жорамалдар бар: әулиеліктің жеті сатысы болса, соның үшінші сатысы – Ғайып ерен, Қырық Шілтен болып саналады екен. Қырық Шілтеннің құрамында қырық әулие болады. Бұл мекеннің қасиетті атануының да себебі сол, адамдардың дертіне дауа болған  қасиетті үш бұлақ бар: шұрық бастау (суы құлаққа ем), өңеш бастау (суы тыныс жолдары мен кеңірдекке ши­па) және көз бастау (суы жанарға дәру).

Әулиелі орын қазір абаттанып, көріктеніп, инфрақұрылымдық кешен ретінде дамып келеді. Жүз адамға арналған заманауи қонақүй бой көтерген. Бұл — киелі орынға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп, зиярат етушілер мен туристердің саны артады деген сөз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген болатын. Осыған сәйкес, былтыр киелі мекенде Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен «Тамыры терең Түркістан» ақпараттық туры ұйымдастырылған болатын. Бұл экспедицияның әсіресе жастар үшін  берер тағылымы мол.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика