Әрине, қозғағалы отырған әжетхана тақырыбы баспасөз бетінде талқыланатын соншалықты маңызды мәселе емес екені түсінікті. Бірақ, театрдағы мәдениеттің киім ілгіштен басталатынын ескерсек, туризмді дамытудан мол үміткер Түркістан облысы үшін бұл тақырыпты бүге-шігесіне дейін қопара қозғау өте маңызды. Әйтпесе, ұятты тақырыпты қозғаудан ұялып жүргенімізде әлемнің әр бұрышынан саяхаттап келген қонақтардың алдында ұятқа қалуымыз әбден мүмкін.
Жасыратыны жоқ, жабық тақырып болса да әжетхана мәселесі Түркістан облысында соңғы жылдары ашық айтылатын болған. «Шаш ал десе бас алатын» әлдебіреулер бір әжетхана үшін бюджеттің 3 миллион теңгесін ысырап етіп, көпшіліктің ашуын тудырса, енді біреулері әжет өтейтін жерге кондиционер қойып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Осылайша біраз уақыт қызу әңгімеге арқау болған бұл тақырыптың «шаңы басылғанда» сол кезде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап шыға келген әжетханалардың жағдайы қазір қайта ұмыт болды.
Іссапарға жиі шығатын болғандықтан, әжетхана мәселесімен қайта-қайта бетпе-бет келуге тура келеді. Бүгінде Түркістан облысының үлкен тас жолдарының бойында әжетханалар аз емес. Бірақ олардың кімдер үшін салынғаны түсініксіз. Өйткені, оны пайдаланып жүрген қарапайым адамдарды көру қиын. Себебі – қашан барсаңыз да ішінде алтыны бар сандық секілді есігі құлыптаулы болады. Сонда олар кім үшін, не үшін салынған? Түсініксіз. Ал қалаға кіре беріс пен шыға беріс тұстардағы әжетханалардың сиқын айтуға ауыз бармайды. Тазалау көрмеген. Кірген адам әжетін өтемек түгілі жүрегі айнып, құсқысы келеді. Сырттағы контейнерлерге толған қоқыс сыртқа төгіліп жатыр.
Өткен аптада Түркістан мен Кентау қалаларына сапарлатып қайттық. Түркістан түркі әлемінің рухани астанасы саналады. Сол себепті оңтүстікке келген туристердің Түркістанға соқпай кететіндері кемде кем. Тіпті, Ясауи кесенесіне алыс шетелдерден арнайы ат терлетіп келетіндер де аз емес. «Ұлы сөзде ұят жоқ», демекші олардың әжет өтеу қажеттігі табиғи нәрсе. Сонда олар Түркістан, жалпы Қазақстан мемлекеті туралы не ойлайды, қандай көзқараста болады? Екінші мәрте қайта келе ме? Ал Түркістанға негізінен дін жолын ұстанған азаматтардың жиі келетінін ескерсек, олар дәретті қайтып алмақ?
Түркістан қаласына кіре берісте көліктер аялдайтын тұрақ бар. Жақсы ойластырылған. Алыстан келе жатқан жолаушылар тоқтап, бой жазып, көліктерін тексеріп алады. Аздап демалып, тамақтануға да болады. Сол жерге де әжептеуір әжетхана салынған. Бірақ ол жолаушылар үшін қолжетімсіз. Өйткені, үнемі жабық тұрады. Есігін жыл он екі ай қара құлып күзетеді десек, жалған айтпағанымыз болар. Мұның себебін сол жерде тазалық жұмыстарымен айналысып жүрген азаматтан сұрағанымызда: «Біз «Қазақ автожол» мекемесіненбіз. Осы жердің тазалығына жауаптымыз. Ол әжетхана салынғалы ашылған жоқ. Себебін білмейміз», – деген жауап алдық.
Одан әрі Кентау қаласына барғанда да осыған ұқсас көрініске тап болдық. Қалаға кіре берісте су қоймасы орналасқан. Сол жерде адамдардың демалуы үшін жағдай жасалып, орындықтар қойылған. Әжетхана да бар. Бірақ әжетхана деген аты ғана. Оның ер адамдар кіретін жағы мүлде жабық. Көлеңкеде отырған кейуана қолайсыз күйге түскен ер азаматтарға әйелдер жағына кіруге кеңес береді. Бірақ, үлкен дәретке отыруға болмайтындығын да ескертеді. Өйткені, ағызып жіберетін су жоқ екен. Әжетхана босаған бойда әлгі кейуана қолына су толы шелегін алып, әжетханаға кіріп бара жатады. Қол жуатын кран да судың жоқтығынан кеуіп, құрғап қалған.
«Ағай, біз «Жасыл Кентау» мекемесіне қараймыз. Бірақ бұл туралы ешкімге ештеңе айтпаңызшы, әйтпесе жұмыстан қуады», – деген жұмысшының жүзінен әлдеқандай үрейдің бар екенін байқадық. Соған қарағанда тиісті мекеме басшылары олқылықтың орнын толтырудың орнына жауырды жаба тоқумен, ақиқатты айтқандарды үркітумен айналысатын болғаны ма? Бұл мәселе жайында біз Кентау қаласы әкімінің орынбасары Арман Басаровқа айтқанымызда, оның берген жауабы төмендегідей болды: «Қозғап отырған мәселеңіз өте дұрыс. Осы кезге дейін жөндеп қоюымыз керек еді, бұл біздің кемшілігіміз. Алдағы уақытта ескертпеден қорытынды шығарамыз. Кентау қаласына туристерді тарту үшін бар жағдай жасалады».
Әрине, креслосының буына малданып, шын айтылған сынды мойындамай, қажет болса айтысып-тартысып, өзінікін жөн ететін басшылар аз емес. Бірақ, Арман мырза ондай басшылардың қатарынан емес екен. Кеткен кемшілікті түсініп, одан қорытынды шығаруға сөз бергеніне риза болдық. Ал енді осы сөзінде тұрып, уәдесін көп ұзатпай орындайтын болса алғыстан басқа айтарымыз болмас еді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, Түркістан облысы еліміздегі туризмді дамытуға ең бір қолайлы аймақ. Көптеген шет мемлекеттер осы саладан қомақты табыс тауып отыр. Біз де туризм саласын табыс көзіне айналдырғымыз келсе, әңгіменің әлқиссасын әжетхана мәселесінен бастағанымыз жөн-ау. Ал мұны шеше алмасақ, онда туризм тақырыбын мүлде қозғамай-ақ қойғанымыз жақсы.