Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Басты жаңалықтар » Лас орын – індет ошағы

Лас орын – індет ошағы

 Немесе бір бөлмені дүкен еткендер білгенін істей бере ме?

Бүкіл әлем, оның ішінде біздің еліміз де коронавируспен күресіп жатқаны белгілі. Барлық өңірлерде карантиндік шектеулер сақталып, індеттің кең таралмауының алды алынуда. Бұлай етпеске болмайды. Дегенмен, біз әлі де бір мәселеге толықтай көңіл аудара алмай отырған секілдіміз. Ол – тазалық мәселесі.

Тазалық – денсаулық кепілі. Бұл талас тудырмайтын қағида. Біз бәріміз тазалық жайында жиі сөз қозғауға құмармыз, ақыл айтуға құштармыз. Бірақ, соны өзіміз орындап, сақтап жүрміз бе?! «Болашағы баянды ұлт боламыз десек, тазалықты күн тәртібінен бір сәтке де түсірмеуіміз керек», – деген шардаралық тұрақты оқырманымыз Қанатәлі Бегалиев редакциямызға қоңыраулату себебін төмендегідей түсіндірді.

-Өткен аптада ауылымызға аудан әкімі Қайрат Жолдыбай мырза келіп, халықпен кездесу өткізді. Сол жерде қозғалған мәселенің бірі – ауылдағы дүкендер жайы болды. Қазір қаланы былай қойғанда ауылдарда да жеке меншік дүкендер көбейіп кетті. Әрине, оған жергілікті тұрғындар қуанбаса, өкінбейді. Өйткені, біріншіден, бәсекелестік пайда болады, екіншіден, үйге жақын жерден дүкен ашылғанын кім қаламайды дейсіз. Алайда, ондағы тазалық, санитарлық ахуалға көпшілік көңіл аудара бермейді. Мәселен, дүкеннің сатушысы кім, ол жұқпалы аурумен ауырмайды ма, санитарлық кітапшасы бар ма деген секілді жайттар ешкімді қызықтырмайды десек те болады.

Әр заманның өзіне тән озық үлгілері, жақсы қасиеттері болады. Мәселен, кеңестік жүйе кезеңінде дүкенде сатушы болып істеу үшін ол адам арнайы білім алатын, тәжірибеден өтетін. Талап сондай еді. Қазір ше? Кез келген адам үйінен дүкен ашады да баласын, қызын немесе тағы біреуді сатушы етіп отырғызып қояды. Және олар кез-келген уақытта ауысып жүре береді. Дүкенге нан алуға барсаңыз, сиыр сауып жүрген келін де, балаға қарап отырған ене де, малдың қиын тазалап, қорадан келген бала да сатушының қызметін атқара береді. Жалған сөйлеп қайтейін, клиентке қызмет көрсетпес бұрын қолды сабындап жуу керектігі олардың ойына да келмейді. Ал енді санитарлық кітапша жайында көпшілігі тіпті, білмейді десем, артық айтқаным емес. Азық-түлік сатылатын дүкенде, дәлірегі дүкен етіп алған үйдің бір бөлмесінде мысық та емін-еркін жүре береді. Ол мысық қандай жерді басып келгені ешкімді ойлантпайды. Бір сөзбен айтқанда санитарлық талаптар мүлдем сақталмайды. Осыдан кейін жұқпалы ауру туралы сөз қозғаудың өзі артық секілді.

Осындай себептерге байланысты мен сол кездесуде ауылдардағы тазалығы талапқа сай келмейтін дүкендердің барлығын құзырлы орындар бақылауға алып, талап үдесінен шықпағандарына айыппұл салып, тіпті, жауып тастасын деген бастама көтердім. Әрине, менің бұл талабым кәсіпкерлікті дамытуға қайшы келетінін білемін. Бірақ заң, азаматтардың денсаулығы бірінші орында тұруы керек емес пе? «Мен кәсіпкермін, тексеруге тыйым салынған» деп, ойларына келгенді істеп, тұрғындардың денсаулығына зиян келтіруіне қалайша жол беруге болады?

Тұрғындардың кәсіпкерлікпен айналысып, тұрмыстарын түзеуіне қарсы емеспін. Рас, тазалыққа ұқыппен қарайтын дүкендер бар. Бірақ азық-түлігі мен химиялық қоспалары бар заттарды қатар қойып, үйінің кішкентай бір бөлмесін дүкенге айналдыру ешбір заңның шеңберіне сыймайды деп ойлаймын. Расымен дүкен ашып, кәсібін жүргізгісі келгендер үйінен бөлек жерге жеке ғимарат салып, маңдайшасына атауын, кіре берісіне жұмыс кестесін жазып қойсын. Ол жердегі сатушының талапқа сай медициналық кітапшасы болып, дәрігерлік тексерулерден уақтылы өтіп тұруы қадағалануы қажет. Кім білсін, біз сауда жасайтын дүкендердегі сатушылардың арасында туберкулез немесе басқа да қауіпті жұқпалы аурумен ауыратындар бар шығар. Оны қайдан білеміз?

Тағы бір мән беретін мәселе – спирттік ішімдіктер мен темекі өнімдерінің сатылуы. Заң бойынша мұндай заттарды сату үшін арнайы рұқсат керек. Рұқсаты барлардың өзіне түн мезгілінде, сонымен бірге кәмелетке толмаған жас балаларға ол өнімдерді сатуға тыйым салынған. Бірақ, мұны кім ескеріп жатыр? Кейбір дүкендерде арақ-шарап ашық сатылмағанымен, сұранысыңыз қанағаттандырусыз қалдырылмайды. Тіпті, түнде барсаңыз да қолыңыз бос қайтпайды. Өйткені, арақ-шарап дүкен бөлмесінде емес, жатын бөлмеде жасырын тұрады. Тексеріп келген адам жатын бөлмедегі жағдайды бақылауға құзыры болмағандықтан арақ таппауы мүмкін. Адамдар осыны өз мүдделеріне пайдалануда. Әрине, олар да бір жартыны кім көрінгеннің алақанына салып бере салудан сақтанады. Бірақ, «өзіміздің адамдар» ешқашан өкпелеп қайтпайды. Содан келіп, түн ішінде неше түрлі қылмыстық оқиғалар орын алып жатады.

Біз «заң алдында бәрі бірдей» деген ұстаныммен өмір сүреміз. Олай болса, заңды сол кәсіпкерлердің өздері де сақтау керек. Олар кәсіпкерлікті тексеруге мараторий жариялағанын алға тартады. Дұрыс. Бірақ бұл ойыңа келгенді істеп, заңды белінен бас деген сөз емес. Өкінішке орай, кейбір кәсіпкерлер заңның өздеріне тиімді тұсын ғана көреді. Ал бұл қоғамға қауіпті. Әрине, бұл менің жеке пікірім.

Иә, оқырманымыз Шардара ауданындағы ауылдардың жағдайын алға тартқанымен, мұндай келеңсіз көріністердің барлық ауданда, барлық ауылда кездесетіні рас. Тазалық барлық жерде сақталуы тиіс. Сол үшін расында да ауылда болсын, қалада болсын, тазалығы талапқа сай келмейтін дүкендерге деген бақылауды күшейтіп, қажет болса жұмысына тоқтам салған жөн. Бұған құзырлы органдар ғана емес, әрбір сатып алушы бей-жай қарамауға тиіс. Өйткені, біздің денсаулығымыз – өз қолымызда.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика