Мақтааралда жағдай қалыпты

Егіс өніп, мал басы өсуде

Мамыр айының алғашқы күні тосыннан келген топан су Мақтаарал ауданында бірнеше елдімекен тұрғындарын әбігерге салып қойғаны белгілі. Өзбекстанның «Сардоба» су қоймасынан келген су егіс алқаптарын бүлдірді, мал шығыны да орын алды. Көптеген тұрғын үйлер жарамсызданды. Осыған байланысты ауданда төтенше жағдай жарияланған болатын.

Әрине, топан су мақтааралдықтардың күнделікті тыныс-тіршілігіне өзгеріс енгізіп, бірқатар қиындық тудырғаны рас. Оқшауланған халық отбасы, ошақ қасынан алыстауға мәжбүр болды. Дегенмен, зардап шеккен тұрғындар тез ес жиып алды. Көп ұзамай байырғы кәсіптеріне қайта бет бұрып, шаруалар шаруасымен, кәсіпкерлер кәсібімен айналыса бастады. Кейбір көрсеткіштер бойынша өткен жылғыдан жоғары нәтижеге қол жеткізілгеніне қарап, жергілікті тұрғындардың қиындыққа жасымағанын аңғардық. Біз төтенше жағдайдың орын алғанына қарамастан атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндауды сұрап, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалым Дүйсенбековке хабарласқан болатынбыз.

-Өздеріңіз білесіздер, Мақтаарал ауданында негізінен егін шаруашылығы жолға қойылған, – деді бөлім басшысы. – Өйткені, біздің жер жағдайымыз егін егуге мол мүмкіндік береді. Техникалар да соған сәйкестендірілген. Жыл басынан бері 60 926,3 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Жылдың алғашқы жартысында 122077 тонна бақша, 11812 тонна көкөніс, 570 тонна картоп, 71368 тонна мал азықтық дақылдары жиналып, маусым айына ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өндірілген өнімнің көлемі 6015,6 миллион теңгені құрады.

Ауданымызда жылыжай өндірісі де қанат жайып келеді. Биыл жылыжай көлемін қосымша он гектарға ұлғайту

тапсырылған болатын. Тапсырма қазірдің өзінде толықтай орындалып, іске асырылды. Егін шаруашылығын дамытудың тағы бір тиімді тәсілі бар. Ол – тамшылап суару. Біздің негізгі жоспарымыздың бірі – тамшылатып суару әдісін қосымша 250 гектарға ендіруді қамтамасыз ету. Алғашқы алты айда аталған алқаптың жартысына тамшылатып суару технологиясын ендірдік. Осы мақсатта биыл 98 дана ауыл шаруашылығы техникаларын алу тапсырмасы берілген болса, бүгінгі таңда 93 дана техника, құрал-жабдықтар мен түрлі агрегаттар алынды.

Жоғарыда айтқанымдай, аудан негізінен егіншілікке ден қойғанымен, қазақ үшін мал шаруашылығының орны бөлек. Биыл қосымша отыз екі мал бордақылау алаңдарын ашу тапсырылып, ол толығымен орындалды. Сонымен қатар, сегіз шағын жанұялық сүт фермаларын құру тапсырмасы да мүлтіксіз орындалды. Нәтижесінде, ауданда сүт өндірісі де ұлғая бастады.

Әрине, су тасқыны салдарынан он бір елді мекендегі 1003 агроқұрылымға тиесілі 5694,98 гектар егістік алқапқа егілген мақта, жоңышқа, бақша, жеміс, дәндік жүгері, қырыққабат су астында қалды. Алайда бұл аудан экономикасына кері әсерін тигізе алмады. Себебі шығындардың орны мемлекет және демеушілердің арқасында толтырылды. Мамыр айының 24-ші жұлдызында көршілес Өзбекстан Республикасынан көмек ретінде 50-ге жуық ауыл шаруашылығы техникалары мен 243,6 тонна тұқымдық шиттер жеткізілді. Оның 132,035 тоннасы шаруаларға тарқатылып, қалғаны қоймаға сақтауға берілді.

Қазіргі таңда су басқан 5694,98 гектар егістік жердің 3442,44 гектары қайта өңделіп, 3165,53 гектарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары – мақта, бақша, жүгері, күріш егілді. Ауылшаруашылығы саласы мамандарының қатысуымен жасалған есепке сәйкес жалпы шығын көлемі есептеліп, мемлекет тарапынан қажетті қаржы бөлінді.

Елдегі карантиндік ахуалға қарамастан Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайға билік те, ел азаматтары да бей-жай қарамай, жан-жақты көмек көрсетілді. Президенттен бастап, Үкімет басшылығы айрықша көңіл бөліп, тез арада қолдау шараларын қолға алудың арқасында жағдай тұрақталды. Шығын орны толтырылды. Сонымен бірге, еліміздің әр өңірінен еріктілер мен белсенді азаматтардың ұйымдастыруымен материалдың көмек толастаған жоқ. Моральдық тұрғыдағы қолдау да аз болмады. Соның арқасында төтенше жағдайға тап болған тұрғындар тез ес жиып, өз шаруаларына алаңсыз араласып кетті. Нәтижесі жаман емес. Шығынға ұшыраған шаруалардың сұранысы қанағаттандырылып, бүгінде жомарт жерден несібе теруді жалғастырып жатыр. Осының барлығын ауызбірліктің арқасы деуге негіз бар. Атам қазақ «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп осындайда айтса керек-ті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған