Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Мәселе » «Мал өліміне себеп – телероз»

«Мал өліміне себеп – телероз»

Өткен нөмерлерінің бірінде «Арыста ірі қара қырыла бастады»… деген тақырыпта мақала жарияланған болатын. Онда редакцияға хабарласқан Қанатбек есімді азаматтың Арыс қаласына қарасты Жиделі, Байырқұм ауылдарынан шыққан індеттің Шардара мен Отырар аудандарының Қызылқұм, Аққұм ауылдарының малдарына да жұғып жатқанын айтқан алаңдаушылығын, соған байланысты мамандар мен тұрғындардың пікірін оқырман назарына ұсынған едік.  

Аталған мәселе Арыс қаласымен қатар Түркістан облысының тиісті сала мамандарын да бей-жай қалдырмаған сыңайлы. Мақала жарық көргеннен кейін бізге «арыстық мамандар үй-үйді аралап «малымыз аман, өліп жатқан жоқ» деген мағынада түсінік хат жаздырып жүр» деген сыбыс жетті. Әрине, бізге керегі де төрт түліктің амандығы. Қазіргідей атын ауызға алғың келмейтін індет әлемді жайлаған тұста жұқпалы ауру енді қорадағы азын-аулақ тұяқтыны қырып кетпесін деген алаңдаушылық қой біздікі.

Қалай десек те «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны» түсінікті. Арыстағы елді алаңдатып отырған жайтқа байланысты бізге бұл жолы қалалық ветеринарлық қызметтің директоры Андас Мұсабаевпен (cуретте) байланысудың сәті түсті.

«Шындық былай ғой, – деді ол кісі. –  Кез келген ауруға қарсы уақтылы екпе жасалса жазылып кетеді. Тұрғындар далада жайылып жүрген малының ауру екенін білу былай тұрсын, кей жағдайда ұрыдан аман екенінен де бейхабар болады. Бақылаудың жоқтығынан бір-екі малдың ауруы асқынып, далада өліп қалады. Біз малдың өлексесін міндетті түрде беккари шұңқырына тастап отырамыз.

Жалпы, малдың өліміне себеп – қансигек емес, телероз деген ауру. Ол кене шаққаннан болады. Бұл жерде түсіндіріп кету керек, жүз кене шақса да мал өлмеуі мүмкін. Тек соның ішінде бір кене ауру болса малға шығын болады. Оған тез арада дәрі егу керек. Уақтылы ем қабылдаған мал аман қалады. Дәріні алдын ала да, ауру белгілі болғанда да сала беруге болады. Оның белгісі – бездері ісіп кетеді. Кешіккен сайын ауруды қайтару қиындық тудырады. Сондықтан ерте қамданған дұрыс.

Малдың жем-шөп жемей, сүмірейіп тұруы аурудың асқынған кезі. Ондай малды аман алып қалу қиын. Егер ол қансигек болса, қорадағы малдың барлығы қырылады. Одан қалса, сол төңіректегілерге де жұғады. Ал мен айтып отырған ауру қансигек емес, бірақ белгілері ұқсайды. Өлген малды сойып тексергенде денесінің барлығы сап-сары болып кетеді. Бізде оны сары ауру деп атайды. Ал сары аурудан қауіп жоқ.

Тағы мынаны айтып кеткен дұрыс. Қазір ауылда егістікте қауын мен қарбыз көп. Оның барлығы селитрамен өседі. Ол кей жерлерде шашылып қалады. Соны жегеннен кейін де тура жаңағыдай болады. Мал қан сиеді, емге көнбейді. Себебі қанға улы химикаттар өтіп кетеді. Бұл да тұрғындарды жаңылыстыруда. Адамдар мұны «малдар қансигектен өліп жатыр» дейді. Шындығында олай емес, Арыста мал жұқпалы аурудан қырылмады. Қалада жағдай тұрақты және бақылауда.

Жазғы күнгі малдың басты жауы кене екені белгілі. Одан құтылу үшін мал тоғытылып отырғаны дұрыс. Бізде бұл жұмыс тамыздың 1-і мен 15-і аралығында жүргізіледі. Қашан басталса да, айдын алғашқы он бес күніне дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, қала мен ауылдарда ветеринарлық жағдай толықтай бақылаумызда».

Маман осылай дейді. Әрине, «торғай сойса да қасап сойсын» деген тәмсілге сүйенсек, малды аман алып қалу үшін осы салада ұзақ жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан маманның кеңесіне құлақ түргеннен ұтылмаспыз деген ойдамын. Бір сөзбен айтқанда, малдың жоғалуы мен аурудан өлуіне жол бермеу – өзіміздің қырағылығымызға да байланысты екен.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика