Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Мәселе » Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

Бала саны бойынша еліміздегі алдыңғы орындардағы өңірге жататын Шымшаһарда қазір жаңа оқу жылына дайындық мәселесі қызып тұр. Білім беру саласының мамандары мен ұстаздарды, ата-аналарды тыншытпайтын нағыз қарбалас шақ. Осыған орай өткен аптада қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы баспасөз мәслихатын өткізді.

Қаланың бас ұстазының мәлімдеуінше, Шымкент қаласының білім ұйымдары биылғы жаңа оқу жылын 222 мыңнан астам оқушымен бастағалы отыр. Ал, бірінші сыныпқа 24 мыңнан астам оқушыны қабылдау жоспарланған. Бүгінге дейін 17 401 өтініш беріліп, құжаттар электрондық үкімет Egov.kz порталы және mektep.shymkent.edu.kz сайты арқылы қабылдануда.

—Қала жаңа оқу жылын 745 білім беру мекемелерімен бастағалы отыр. Олардың қатарында мектеп, балабақша, колледж бен қосымша білім беру мекемелері бар. Қаладағы 172 мектептерге 18 мың жаңа парта әкелініп, соңғы үлгідегі бейне бақылау камералары мен 30 мектепке турникеттер орнату жоспарлануда. Ал білім мекемелерінің жылыту жүйелерін жөндеу, қысымдау жұмыстары толық аяқталды. Жеке қазандықпен жылытылатын 25 мекемеге 4 793 тонна қатты және 190 тонна  сұйық отын тасымалдануда», — дейді басқарма басшысы.

Жаңа оқу жылында 11-сыныптарды оқулықтармен 100 пайыз және қалған сынып оқушыларын қосымша кітаппен қамтамасыз ету үшін баспалармен толық келісім-шарт жасалып, оқулықтарды тасымалдау басталған. Оқулықпен қамту жұмыстары 25 тамызға дейін жалғасады.

Бүгінде Шымкент қаласында әлеуметтік көмекті қажет ететін 42 368 бала бар. «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында оларға 30 мың теңге көлемінде бір реттік көмек беріледі. Бұл көмекті атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары мен айлық күн көріс көрсеткіші төмен отбасылар алады. Ол үшін ата-аналар құжаттарын білім ұйымдарына ұсынуы керек. Ал жетім және жартылай, көп балалы отбасы балаларына мектептердегі қамқоршылық кеңестердің шешіміне сәйкес бір реттік көмек белгіленуде. Басқарма басшысы сонымен қатар қажеттілікті қамту мақсатында 24 955 отбасыға компьютер берілетінін атап өтті.

   —  Ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін жергілікті бюджет есебінен 4 800 компьютер сатып алу жоспарлануда. Нәтижесінде, жалпы компьютер саны  25 мыңды құрап, аз қамтамасыз етілген отбасы балаларын есепке алмағанда қамтуды қажет ететін 24 955 отбасы ақпаратты техникамен қамтылатын болады, — деді Ж.Тәжиева. Бүгінде қалада әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасы балалары – 35 798 болса, оның ішінде аз қамтылған отбасы балалары – 28 445, жетім балалар – 685, ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны 6668-ді құрайды. Оқушыларға жасалып жатқан жағдай мен қолайлы мүмкіндіктердің барлығы да ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған білім сапасын арттыру талаптарын жүзеге асыруға арналып жасалған қамқорлық болып табылады.

 

Эпидемиологиялық ахуал тұрақталды

Қаладағы эпидемиологиялық ахауал күннен-күнге тұрақталып келеді. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Тимирхан Варзиловтың  мәлімдеуінше, бүгінде инфекциядан жазылып шыққан науқастар саны 3006-ға жетіп отыр. Дертінен сауыққандардың басым бөлігі егде жастағы азаматтар.

«Шымкент қаласында 2020 жылғы 30 шілдедегі жағдай бойынша коронавирустың 4839 жағдайы тіркелді. Оның 2364-і симптомсыз болып анықталған. Қазіргі таңда науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде», —дейді  Т. Варзилов. Бүгінде емханалар жанынан құрылған мобильді бригадалар саны артып, 211-ді құраған.  Мобильді бригада мамандары үйде 16 382 пациентке қызмет көрсетіп, 47 945 адамға дәрі-дәрмек жеткізіп берген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесу барысында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың жақсарғанын баяндады. Қала әкімі қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, коронавирус індетінің таралуына жол бермеу, сондай-ақ карантин режимін қамтамасыз ету, әлеуметтік көмекке мұқтаж тұрғындарға қолдау көрсету мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

Шымкент қаласында коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бәсеңдей бастады. Өткен тәулікте 54 вирус жұқтырғандар тіркеліп, өсім 1,2 пайызды  құраған. Осы айдың басындағы көрсеткіштермен салыстырғанда бұл көрсеткіш екі есеге төмендеген. Сонымен қатар, жедел жәрдем шақыру 43 пайызға азайып, стационарларда ем алушылардың саны 56,9 пайызға төмендеп отыр. Сіздің тапсырмаңызбен қала қоймаларында бір айлық дәрінің қоры жасақталды. Бүгінде шет мемлекеттен 2 млн. 676 мың флакон бірінші кезектегі дәрілер мен 16 млн. 700 мың маска жеткізілді. Сондай-ақ, қосымша 58 ИВЛ, 250 «Бобров» тыныс алу аппараттары және 26 реанимациялық мониторлар алынды. Қазіргі таңда, реанимациялық орынның 88,7 пайызы  ИВЛ аппараттарымен қамтылып отыр, — деді қала басшысы.

Сонымен қатар, Мұрат Әйтенов төтенше жағдайға орай табысынан айырылған азаматтарға тиесілі 42500 теңге көлеміндегі біржолғы төлем Шымкент қаласының 100 504 азаматына берілгенін атап өтті.Телефон арқылы сөйлесу барысында Президент ахуалды қатаң бақылауда ұстап, аталған міндетке басым бағыт ретінде мән беруді тапсырды. Бұл ретте карантин шараларын сақтаудың маңызды екені және халыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізе беру керектігін айтты. Азаматтардың денсаулығын түзетуге қатысты Президент халыққа арнаған Жолдауында да нақты тапсырмалар жүктеген болатын.

 

           Қыс шананы жаз сайлап…

Шымшаһарда жылу беру маусымына дайындық шаралары да бақылаусыз емес. Атқарылған жұмыстарды пысықтау үшін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен 2020-2021 жылдардағы қысқы маусымға дайындық барысы туралы жиын өтті. Жиында қалалық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ж.Шайхисламовтың айтуынша, тұтынушыларды жылумен қамтамасыз ететін коммуналдық кәсіпорындардың жөндеу жұмыстары жоспармен жүзеге асырылуда. «Мәселен, «3-Энергоорталық» АҚ-ның қысқы маусымға дайындық жұмыстарына бөлінген 648 млн. теңгенің бүгінде тең жартысы игерілген. Яғни, жоспардағы жұмыстардың басым көпшілігі аяқталып отыр. Сонымен қатар магистральдық және ішкі орамдық жылу жүйелерінің қысыммен тексеру жұмыстары 94 пайызға орындалған. Ал орталық жылу қуатына қосылған 1896 көпқабатты тұрғын үйлердің бүгінгі таңда 765-і қысқа толық дайын. Қаланың білім саласындағы дайындық жұмыстары 95 пайызды құраса, қалған нысандар 15 тамызға дейін дайын болады», — деді басқарма басшысы.

Қала әкімі жиынға қатысқан сала мамандарына мәселені жіті назарда ұстау керектігін айтып, жұмысты ширатуды тапсырды. Сондай-ақ, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандарының дайындық жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтауды міндеттеді.

 

Тұрғындарға —  ашық қызмет

Мегаполисте «iKomek» жедел қызмет ету орталығы ашылғанын хабарлаған болатынбыз. Қала әкімі жақында орталықтың жұмысымен арнайы танысты. Қалада көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыруда аталған орталықтың қосар үлесі мол екеніне сенім білдірген шаһар басшысы бұл қызметтің күрмеуі шешілмеген көп мәселені анықтап, жедел әрі сапалы шешілуіне ықпал ететінін айтты.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауында азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды айтқан болатын. Аталған орталықтың жұмысы осы тұжырымдамада көрсетілген барлық азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді әрекет етуге бағытталуы тиіс,  —деді қала басшысы.

Үшінші мегаполистегі қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында ашылған «109» бірыңғай телефон нөміріне бір ай көлемінде 7000-ға жуық қоңырау келіп түсіп, олардың 95 пайызы қанағаттандырылған. Қазіргі таңда 33 маман жұмыс істейтін орталыққа негізінен карантин режиміне қатысты сауалдар келіп түсуде. Әуелі тұрғындардан келген өтініш-шағымдарды оператор қабылдап, одан әрі инспектор сұрақтың сапасы мен мазмұнын бақылап, атқарушы органдарға бағыттайды. Үшіншісі, тапсырманың орындалуын қадағалайды. «iKomek» жедел қызмет ету орталығы тұрғындардың өтінішін күндіз-түні қабылдап, мемлекеттік жұмыстың қызметін ашық әрі қолжетімді етуді көздейді. Осыған дейін 30 мекемемен байланыста болса, енді қызмет көрсету аясын кеңейтіп, олардың қатарын 300-400-ге арттыруды жоспарлап отыр.

Тұрғындармен ашық диалогқа құмбыл қала әкімдігі азаматтардың өтініш-тілегін ескерусіз қалдырмауға барынша күш салуда. Азаматтардың жеке мәселелеріне қала әкімінің өзі онлайн форматта құлақ асуы соның дәлелі. Әр аптаның жұма күндері өтетін онлайн қабылдауда қала тұрғындары аулаларды абаттандыру, кәсіпкерлікті қолдау мәселесі мен көшеге атау беру, тарихи тұлғаларға ескерткіш орнату және білім салаларына қатысты сұрақтарын жолдады. Қала әкімі барша азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын мұқият тыңдады. Тұрғындар тілегіне орай абаттандыру бойынша жұмыстар рет-ретімен шешімін табатынын жеткізді. Сонымен қатар биыл Шымкенттегі 300-ден астам аула абаттандырылып, ойын және спорт алаңшалары жаңартылып жатқанын атап өтті. Ал атауы жоқ көшелерге атау беру заң талаптары шегінде қаралып, мораторий ашылғанда тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Қабылдау барысында көтерілген басқа да сауалдар бойынша қала әкімі басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне әрбір өтінішті жеке қарауды айтып, тиісті жұмыстарды жүргізу үшін нақты тапсырмалар жүктеді.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика