Ұзақ жылдар бойы оқу-ағарту саласында жемісті еңбек еткен, өмірден көргені мен көкірегіне түйгені көп Құлбарақова Ұлту апайдың тыңдар құлақ болса талайларға айтар өнегелі әңгімесі көп. Жетпісінші жылдардың орта кезінде Ұлту апай өзінің қайынағасы Жакеев Дербіс ағамен бір мектепте жұмыс істеген екен. Бұл күнде жасы тоқсанға таяп қалған «Батыр ана», құрметті зейнеткер, Саран қаласының тұрғыны Ұлту апай сынаптай сусып өтіп кеткен күндерді сағынышпен еске ала отырып:
– Ойпырмай, айналасындағы адамдарды күлдіріп отырмаса қайынаға марқұмның бойына ас батпайтын әдеті бар еді ғой. Мен ол кісінің кез келген адамның езуіне еріксіз күлкі үйіретін, тыңдаушыларының құлақ құрышын қандыратын қыршаңқы әңгімелерді қайдан тауып айта беретініне таң қалатынмын. Оның үстіне «түлкі жатарда жер таңдамайды» дегендей, адамның ішек-сілесін қатыратын әңгімелерін ыңғайы келген жерде айтып сала беретін еді. Ол кісінің әйелі Күмісай да, мен де Төлеңгіт руынанбыз, бірақ менің күйеуім ол кісімен рулас болғандықтан, мен қайынаға деп Декеңнің алдынан кесе өтпейтінмін. Біз жақта қайынағаның атын атау үлкен ұят саналатыны тағы бар.
Тауелібайдағы Төлеңгіттердің бір бөлігі Ақтауды қоныстанса, екінші бөлігі Дербіс тауын мекен еткен. Менің ата-бабама осы Дербіс тауы құтты қоныс, жайлы мекен болған. Сондықтан Тауелібайлық ағайындардың барлығы біздерді «Дербістік төлеңгіттер» дейтін. Бір күні оқытушылар бөлмесінде отырғанымызда Декең күтпеген жерден маған көз қиығымен барлай қарап:
– Келін, сіз осы «Ақтаулық» төлеңгіттерденсіз ба, – деп тосын сұрақ қойды. Мен ойымда ештеңе жоқ, қасымдағы кәсіптестеріммен жайма-шуақ әңгімелесіп отырғанмын. Оның үстіне қайынағам мені күлкіге қалдырады-ау деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Сол кезде қаннен қаперсіз отырған мен жұлып алғандай етіп:
– Жоқ, қайынаға, мен «Дербістік» төлеңгіттерденмін, – деп қайынағамның атын атап жауап бергенмін ғой.
– А, мен сізді «Ақтаулық» төлеңгіт қой деп жүретінмін, – деп ол кісі сәл езу тартқандай болды.
– Жоқ, жоқ, қайынаға, мен «Дербістік» төлеңгітпін. Керек десеңіз, менің әкем Құлбарақтың өзі де сол Дербіс тауында дүниеге келген, – деп ештеңені сезбестен ағымнан жарыла, білгішсініп жатырмын. Бірақ қайынағамның құрған тозағына өзім түсіп, ол кісінің есімін қайталап отырғанымды білмеппін.
– Иә, «Дербістік» болсаңыз дұрыс екен. Онда сіз өзіміздің ауылдан екенсіз ғой келін, – деп қайынағам маған күле қараған кезінде, айналадағылар ду ете қалды. Бөлмедегілердің қыран-топан күлгенінен сасқалақтап қалған менің көзім қасымдағыларға түсе кетті. Маған қарсы отырған әйелдің саусақтарымен бетін шымшылағанын көргенде, өзімнің бірдеңені бүлдіріп, аңғалдықпен қайынағамның қалжың қақпанына түсіп, оңбай күлкіге қалғанымды сездім.
Ол кездері жасы үлкендердің атын айту келіндер үшін үлкен айып болып саналатын кез. «Қайынағалап» алдынан кесе өтпей, сызылып жүрген келінін жаңылдырып, өзінің атын көпшіліктің алдында үш рет айтқызуы да оның үлкен «шеберлігі» ғой. Қас пен көздің арасында күлкіге қалған мен осыдан кейін «аузы күйген үріп ішеді» дегендей, қайынағамның аузынан шыққан әрбір сөзіне ойланып барып жауап беретін болдым ғой, – деп сылқ-сылқ күлген Ұлту апай сөзін аяқтады.
Расында ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүр бойынша қазақта келін атасы мен енесі былай тұрсын, қайынаға мен қайны, қайын әпке мен қайынсіңлісінің атын атамаған. Ол да бір сыйластықтың үлгісі болса керек-ау.