Кішкентай ауылдың үлкен мәселелері бар
Отырар ауданы соңғы кездері жағымды жаңалықтарымен танылып, нәтижелі көрсеткіштерімен көрініп жүр. Дей тұрғанмен айдың көлеңкелі беті болатыны секілді, жетістіктің қасында кемшіліктердің де бұғып жүретіні жасырын емес. Осындайда жақсының жақсылығын айтумен қатар, кемшіліктерді де көрсетпесек, азаматтығымызға сын болар.
Отырар ауданының Қарақоңыр ауылдық округіне қарасты Бестораңғыл деген шағын ауыл бар. Шағын болғаны себепті болса керек, ол ауылдың тыныс-тіршілігі жыл сайын әкімдердің есеп беруі кезінде назардан тыс қалып қоя береді екен. Алайда, ауыл шағын болғанымен, онда шешімін күткен үлкен мәселелер баршылық. Бұған дейін біз әлеуметтік желіде аталмыш ауылдағы жалғыз аялдаманың апаттық жағдайда тұрғанын жариялаған едік. Сол кезде аудандағы тиісті басшылар оны жөндейтінін айтқан. Ал ауылдық округ әкімі Сәкен Айсеитовты кездестіру мүмкін болмады. Тұрғындар «Бұған мемлекеттен жүздеген мың немесе миллион теңге шығарып жөндеу қажет емес. Әкім іскер болса, ауыл жастарын ұйымдастырып-ақ дәнекерлеп тастауға болады» деген еді. Бірақ, әкімнің ұйымдастырушылық қабілеті төмен болды ма, әлде тұрғындармен тіл табыса алмады ма, бүгінде сол аялдама төңкеріліп, жерде жатыр. Енді оны жөндеу үшін міндетті түрде қаржы керек.
Сол ауылда «А.Жармұхамбетов» атындағы бастауыш мектеп бар. Бала саны да көп емес. Осы білім ұясы биыл жабылады деген сөз шыққан. Бірақ жергілікті тұрғындардың қуанышына орай жабылмапты. Әрине, бүлдіршіндердің мектепке өз үйінен қатынағанына не жетсін! Алайда, ауыл азаматтарының осы мектептің білім сапасына риза еместігі, басшысын ауыстыру қажеттігін қалайтыны байқалады. Ауыл тұрғындары мектеп басшылығы тарапынан бақылаудың бостығы, тәртіптің төмендігінен ауласында әркімнің малы емін-еркін жайылып жүре беретінін айтады. Ертең оқу жылы басталса, балалар мен малдар араласып жүре ме деген уайымдары жоқ емес. Мал еркін жүрген жерге ит-құс та үйір болмай ма?
Қазіргі заман бейқамдықты кешірмейді. Шынын айтқанда, мектеп – бөтен адам да, мал да емін-еркін кіріп-шығып жүре беретін сұраусыз мекеме емес. Әрбір баланың қауіпсіздігі жіті назарға алынбаса, қандай да бір қайғылы оқиғаның орын алмасына кім кепіл? Сақтансақ қана сақ болатынымыз әмбеге аян ғой.