«Қазақпарат» агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан бақыттылық деңгейі бойынша Еуразия экономикалық одағының елдерін, соның ішінде Ресейді басып озып, рейтингтің 50-ші қатарынан көрінді. Сондай-ақ, Қазақстанда ер адамдар әйелдерге қарағанда өздерін бақыттырақ сезінетіні анықталған.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті жыл сайын «Халықтың өмір сапасы» тақырыбында халық арасында сауалнама жүргізеді. Ішінара жүргізілген зерттеуге сәйкес, респонденттердің 63,5 пайызы өз өміріне қанағаттанады екен. Бұл ретте, ауыл тұрғындары қалалықтарға қарағанда өз өмірлеріне анағұрлым риза. Сұрақтарға жауап бергендер арасында тағдырына қанағат еткен ер адамдар (61,8%) әйелдерге қарағанда (58,5%) көп болып шықты. Айта кетейік, 2019 жылы респонденттердің алпыс пайызы өмір сапасына риза болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш елу алты пайызды көрсетті. Ал, 2020 жылы бақыттылық деңгейі бойынша әлемдік рейтингте бірден 10 сатыға көтеріліп, 153 елдің арасында 50-інші орынға тұрақтады. Бұл ретте, ЕАЭО елдері арасында Қазақстан бірінші орын алып отыр. Одан кейін Ресей (73-орын), Қырғызстан (74-орын), Беларусь (75-орын), Армения (116-орын) орналасқан.
Бақыттылық деңгейі бойынша әлемдік рейтинг – бұл әлем елдері халқының бақытты болу көрсеткішін анықтайтын халықаралық зерттеу жобасы. Оны құру барысында халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ деңгейі, өмір сүру ұзақтығы, азаматтық бостандықтардың болуы, қауіпсіздікті сезіну және ертеңгі күнге деген сенім деңгейі, отбасылық тұрақтылық, жұмыспен қамту кепілдігі, жемқорлық көрсеткіші, сондай-ақ сенімділік, кеңпейілділік, жомарттық сынды қоғамның жанама қасиеттері назарға алынады. Адамдардың бақытты немесе бақытсыз екенін қандай өлшемдермен таразылағанын қайдам, бірақ, соңғы жылдары біздің елімізде әйелдер қауымының наразылығы артқанына байланысты оларды ерлерге қарағанда бақытсыздау деп есептеген болар. Ал жоғарыда аталған қасиеттер елімізде қаншалықты салтанат құрып жатқанын әркім өз санасы арқылы електен өткізер болса бәлкім, біреулер келісер, ал біреулер келіспеуі де мүмкін. Қалай болғанда да бақытты елдер қатарында бағымыз жанып келе жатқаны бас бармақпен бағалайтын көрсеткіш.
Биылғы рейтингтің басында бұған дейінгі жылдардағы сынды Финляндия мемлекеті тұр. Үздік ондық қатарына Дания, Швейцария, Исландия, Норвегия, Нидерланды, Швеция, Жаңа Зеландия, Австрия және Люксембург енген. Статистикаға сәйкес, өздерін бақытсыз санайтын халық Зимбабве, Оңтүстік Судан және Ауғанстанда тұрады.