Денсаулық саласында дәрмен бар
Өткен аптада шырайлы Шымқалада карантиндік шектеулер жеңілдетіліп, бірқатар кәсіпкерлік нысандар іске қосыла бастады. Бұл шаһар тұрғындары үшін көптен күткен қуаныш. Десек те, мамандар алдағы күзде эпидемиологиялық жағдайдың қауіпті үшінші кезеңі туындауы мүмкін екенін болжауда. Осыған сәйкес, сақтық шараларын босаңсытуға болмайды.
Үшінші мегаполисте өткен аптада атқарылған іс-шаралар легі негізінен денсаулық сақтау саласына бағытталды. Өйткені, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында медицина саласының сапасын арттыруды алғашқы міндеттердің бірі ретінде тапсырған-ды. Жағымды жаңалықтың бірі – «Асар» шағынауданындағы жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа аппаратпен толығуы болды. Науқастарды емдеуге мүмкіндігі зор құрылғыны емдеу мекемесіне «Sauap» белсенділер тобы жеткізген. Оттегі концентраты мен пульсоксиметр құрылғысы жағдайы мүшкіл, ауыр науқастарды емдеудің барлық кезеңінде де қолдануға қажет. Бұл, әсіресе, медицина қызметкерлерін ерекше қуантуда. Ақ халатты абзал жандар қазір індетпен күрес үшін аянбай тер төгіп, еңбек етуде.
Тағы бір қуанышты жаңалық – Шымкент қаласында халықаралық стандарттарға сай жедел медициналық жәрдем көрсету станциясының «Call» орталығы ашылды. Қала әкімдігі мен «Мейдей Қазақстан» түрік компаниясы арасында жедел жәрдем қызметін жаңғырту жобасы аясында екі жақты меморандумға қол қойылған болатын. Келіссөз нәтижесінде бірінші кезеңде жедел жәрдем қызметіне 100 жаңа көлік берілген еді. Екінші кезеңде осы жоба аясында «Call» орталығы әлемдік стандарттар бойынша жаңғыртылып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетпек.
— Бүгінде 103-ке келіп түсетін қоңыраулардың барлығын диспетчерлер жаңадан ашылған орталықта қабылдап, бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы бақылай алады. Қоңырау қабылдау орындары екі есеге артқан. Нәтижесінде тұрғындар енді еш кедергісіз жедел жәрдем нөміріне хабарласа алады. Орталықтағы қоңырауларды басқару үшін PRI арнасының үздіксіз байланыс желісі мен спутниктік бақылау жүйесі (GPS) және мобильді интернет технологиясы қолданылады. Біріктірілген жүйе арқылы операторлар 10 секунд ішінде шақыртуды бригадаға бағыттайды, — дейді жедел жәрдем қызметінің мамандары.
Сондай-ақ, ақпараттық жүйенің көмегімен Шымкент қаласының картасы бойынша мекенжайларды іздеу, көлік бағыттарының карталарын қадағалау, күту уақыты, қозғалыс жылдамдығы туралы мәліметтерді автоматты түрде бақылауға болады. Ал, шақыртуда жүрген мамандардың жұмысын бақылау үшін 100 жедел жәрдем көлігіндегі қызметкердің бәріне толығымен жаңа планшет берілді.
Денсаулық саласына жасалып жатқан қамқорлық пен атқарылып жатқан еселі еңбек өз нәтижесін көрсетуде. Ағымдағы аптада Шымкент қаласында инфекцияның таралу деңгейінің төмендеуін соның бір айғағы деуге болады. Шымшаһарда 14-тамыздағы жағдай бойынша «COVID-19» инфекциясын жұқтырғандар саны 5134-ті құраса, оның ішінде 4285 науқас індетінен жазылған. Емдеу орындарында 2810 төсек-орын бар болса, бүгінде оның сексен төрт пайызы бос тұр. Ал, 211 мобильді топ 22 376 науқастың үйіне барып, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Мамандар ковидпен күресте сүйенетін ең маңызды көрсеткіш – Rt санының репродуктивтілігі екендігін айтады. Мұндағы R – вирус жұқтырған адамның басқа адамдармен байланыс саны болып табылады екен. Егер көрсеткіш бір пайыздан көп болса, вирустың таралу деңгейі жоғары, ал бір пайыздан аз болса, вирус жұқтыру деңгейі төмен деген сөз. Шымкент қаласында пандемиялық дерттің төмендеу көрсеткішіне қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы штаб жұмысының да септігі мол болды. Мамандардың дерегінше, қалада вирус жұқтырғандардың репродуктивтілігі 0,62 пайызды құрайды десек, бұл республикадағы ең жақсы көрсеткіш болып саналады екен.
Қаладағы қалыптасқан ахуалды бағамдап, тұрғындардың денсаулығын жақсартуға бағытталған жұмыстардың қалай атқарылып жатқандығымен танысу үшін өткен аптада үшінші мегаполиске халық қалаулылары арнайы іссапармен келді. Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният және ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова қаладағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты атқарылған шаралармен жақын танысты. Қала әкімі Мұрат Әйтеновпен кездесіп, шаһар басшысының тапсырмасымен құрылған коронавирусқа қарсы күрес бойынша арнайы ситуациялық штабтың жұмысын бағамдады. Қала басшысы жұқпалы дертпен күресте әкімдік тарапынан атқарылған жұмыстар жайлы айтып, жоспарларымен бөлісті. Ал Ажар Ғиният күзгі және қысқы маусымдық инфекциялық аурулардың өршуіне жол бермеу, карантиндік шектеулердің алынуы кезіндегі жұмыстарды жүйелеу жөнінде сөз қозғады.
Егер күзде індеттің екінші толқыны басталар болса қаладағы ахуал қандай болмақ? Бұл сұраққа Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тимирхан Варзилов не дейді? Оның айтуынша, мамандар жауапты кезеңге қамсыз емес. Қазіргі кезде қаладағы мекемелердің резервінде төсек-орындар мен 2 айлық дәрілік заттар қоры сақтаулы. Адам өміріне араша түсуде тек дәрі-дәрмек қуаты жеткіліксіз екені белгілі. Ол үшін дәрігерлердің біліктілігі мен сауаты, науқастармен жақсы қарым-қатынасы да маңызды. Бұл үшін эпидемиолог дәрігерлердің біліктілігін арттыру шаралары да ұмыт қалмаған. Арнайы семинарлар ұйымдастырылып, дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ретте жұқпалы індетпен күресте ерлікке пара-пар еңбек атқарған дәргерлер де назардан тыс қалған жоқ. Ажар Ғиният ақ халаттылармен онлайн байланысып, әріптестеріне алғыс айтты.
Қалада денсаулық саласында атқарылып жатқан жұмыстар пандемия кезінде Мемлекет басшысының айрықша міндеттері мен Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы «Медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге» арналған тапсырмасы аясында атқарылуда.
Азаматтардың арыз-шағымы — назарда
Шымкент еліміздегі үшінші қала мәртебесін иеленуіне байланысты шаһар күннен-күнге кеңейіп, көркейіп келеді. Жаңадан бой көтеріп жатқан ықшамаудандарда тұрғын үй құрылыс жұмыстары толастамауда. Қаланы кеңейту мақсатында көрші аудандардан қосылған елді-мекендер бар. Мұндай ауылдарда инфрақұрылым, байланыс желісіне байланысты мәселелер кездесетіні сөзсіз. Мысалы, «Ақтас-2» шағын ауданының тұрғындары ауыз су мен табиғи газға біраз жылдан бері қол жеткізе алмай жүр. Жаңа оқу жылы да таяп қалды. Қашықтан оқытуға байланысты интернет жайы бүгінде күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі болып тұр. Ақтастықтардың өтініші жақында қала әкімі Мұрат Әйтеновке тұрғындарды онлайн қабылдау барысында жеткізілді.
Мұрат Дүйсенбекұлының айтуынша, бүгінде аталған шағын ауданға ауыз су жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттары дайындалуда. «Табиғи газ желісі құрылысының жобасы әзірленіп, маусым айында жұмыстар басталған. Сараптама қорытындысы шықса, бюджеттен қаржы қаралып, газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізіледі. Ал интернет мәселесі бойынша қалада 43 нүктеге байланыс станциясын орнату жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде Ақтас-2 шағын ауданына да орнатылатын болады», – дейді қала басшысы.
Жер учаскесінің заңсыз басқа азаматтарға берілгенін айтқан Ұлболған Мелдебаеваның мәселесін де қала әкімі онлайн-қабылдау арқылы өз бақылауына алды. Тұрғынның арызы бойынша бүгінде ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын бақылау комитетіне тиісті тексеру жүргізу үшін хат жолдаған. Заң шеңбері аясында тиісті тексеру жұмыстары жүргізілетін болады. Онлайн-қабылдауда жол құрылысы мен тұрғын үй кезегіне қатысты тұрғындардың арыз-шағымы да тыңдалды.
Қала әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жалпы Шымкент қаласында биылғы жеті айда 8 мыңнан астам өтініш қаралған. Қаңтар-шілде айларында әкімдікке 8 711 арыз-шағым келіп түссе, 950 өтініш қанағаттандырылып, 8491-іне жазбаша түсіндірме берілген. «Оның ішінде жер қатынастары – 3986, карантин кезінде қалада жүріп-тұруға рұқсат алу – 839, энергетика және коммуналдық шаруашылық – 314, баспана мәселесі бойынша – 302, әлеуметтік және жұмысқа орналастыру – 300, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары – 198, құрылыс саласы бойынша – 161, білім саласы – 142, денсаулық сақтау – 135, екінші деңгейдегі банктерден алған несие сомасын өтеу туралы – 78, басқа мәселелер бойынша 2 134 арыз-шағым болған. Сонымен қатар, биліктің бұқараға барынша жақын болуы мақсатында қала әкімі Мұрат Әйтенов карантин кезеңіне дейін, яғни қаңтар-наурыз аралығында халықпен 7 рет жүздесіп, 186 тұрғынды қабылдады. Әкімнің қабылдауына келген 108 азаматтың мәселесіне түсіндірме жауаптар берілсе, 75 азаматтың өтініші шешімін тапты. Ал 2 азаматтың уәжін шешу ұзақ мерзімдік бақылауға қойылды. Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасарлары жыл басынан 266 азаматты қабылдап, өтініштер негізінде жұмыстар атқарды. Ал, әкімдіктің ресми сайтындағы «Ашық диалог», «Сұрақ-жауап» блогтарына 375 арыз-шағым түсіп, оған толығымен жауап берілген», – деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз мамандары.
Елімізде енгізілген карантиндік шаралар да әкімдіктің азаматтардың арыз-шағымдарын тыңдауға кедергі болған жоқ. Қала әкімі Мұрат Әйтенов азаматтарды онлайн байланыс арқылы қабылдап, тікелей эфирде өтінштерін тыңдады. Өткен жұма күні өткізілген онлайн қабылдауда 26 азаматтың өтініші тыңдалып, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктелді. Қуантарлығы, әкімге жеке өтінішін арқалай келген азаматтардың мәселесі тыңдаумен ғана шектелген жоқ. Жеке қабылдауға қатысқан 16 азаматқа заң аясында медициналық құрал жабдықтар (қол арба, ортопедиялық аяқ киім, көзілдірік), дәрі-дәрмек, ота жасатуға ақшалай көмек берілді. Құжаттарын рәсімдей алмай жүрген 15 азаматтың мәселесі шешіліп, заңгер көмегі көрсетілді. Тұрғындарға қол ұшын созуға қаладағы қалталы, жаны жомарт азаматтар көмектесті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Шымкент қаласы әкімдігінің жұмысында осылай көрініс табуда.