Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев елімізде өңірлерге инвестиция тарту жұмыстары нәтижелі басшылардың бірі саналады. Оған өңір басшысының саладағы атқарып жатқан жұмыстары дәлел десек болады.
Түркістан облысының әкімдігі соңғы алты айдың өзінде инвесторлармен 22 кездесу өткізсе, оның 17-сі шетелдік компаниялардың қатысуымен ұйымдастырылған. Бұл компаниялар өңірімізге шамамен 234 млрд. теңге инвестиция әкеліп, 2162-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етуге дайын. Атқарылған жұмыстар “Turkistan Invest” инвестицияларды тарту және экспортты дамыту жөніндегі өңірлік агенттігімен бірлесе жүзеге асуда.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәлімдеуінше, қазір 94,65 млрд. теңгеге 13 жоба бойынша инвестиция тарту туралы шешім қабылданған. Нәтижесінде Түркістан облысында бірқатар ірі кәсіпорындар бой көтермек. Солардың бірі – «Turkistan» индустриялық аймағының аумағында орналасқан «Brownfield» ауыл шаруашылығы техникасын жасау нысаны болып табылады. Құны 12 миллион АҚШ долларын құрайтын жоба 3 кезеңде жүзеге асырылып, 100-ге жуық жұмыс орны ашылады.
Облыс басшылығы сонымен қатар, өңірдегі тоқыма саласын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Осыған байланысты Өмірзақ Естайұлының Өзбекстан Республикасының делегациясымен кездесуі кезінде «Turkistan» индустриялық аймағының аймағында тігін цехын салу бойынша құны 1 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаны іске асыру туралы шешім қабылданды.
Биыл Түркістан облысы бойынша жалпы сомасы 375,1 млрд.теңге болатын 94 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл 5 845 жаңа жұмыс орны құрылатындығын білдіреді. Оның ішінде шетелдіктердің қатысуымен 13 жоба жүзеге асып, 2 820 жұмыс орны ашылмақ. Айтылған жобалардың барлығы дер кезінде жемісін берсе, түркістандықтар үшін инвестиция игілігін сезінетін күн алыс емес. Бұған дейін тарихи, туризм қала саналып келген киелі мекен енді өндіріс орындарымен де қуаттанып, жаңаша серпінмен дамымақ. Түркістанда қолға алынған тірліктер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы «Шетелден тікелей инвестиция тарту жұмыстарын барынша жандандыру қажет. Онсыз алдағы уақытта экономикалық өсім резерві шектеулі болады. Бұл – атқарушы билік басымдық беруі тиіс міндеттердің бірі» деген міндеттемесіне сай жүзеге асуда.