Кентау мектептерінде неге дау көп?

Талассыз, көп жылдар бойы Кентау қаласының білім саласы өзге әріптестеріне үлгі тұтылып келді. ҰБТ қорытындысы мен басқа да жетістіктер бойынша облыста алдыңғы үштіктен түспейтін. Өзіне тән жүйе қалыптасқан-тұғын. Алайда, мұны неге өткен шақпен айтып отырмыз?

Неге екені белгісіз, соңғы кездері осы жүйенің іргесі сөгілгендей сезіледі бізге. Олай деуімізге Кентаудың білім саласындағы ұстаздар қауымы арасындағы соттасу мен ұрыс-керістің артуы себеп болуда. Өкініштісі, араздасқандарға басу айтып, сабырға шақыруға, мұғалім мәртебесіне көлеңке түсірмеуді талап етуге тиіс бөлім басшыларының өздері де сол дау-дамайдың бел ортасында белсеніп жүргендігі.

Мысал келтірер болсақ, жылдың басында Ескі Иқан мектебінің директоры жұмыстан заңсыз босатылған екен. Ол көктемде сот шешімі негізінде қызметіне қайтып оралады. Осы оқиға сабақ болған шығар деп жүргенде қадамын қайта қиыс басқан Кентау қалалық білім бөлімінің басшысы міндетін уақытша атқарушы Баянғали Жұмабеков 11 тамыз күні Ю.Гагарин атындағы мектептің жаңадан тағайындалған директоры Іңкәр Спатаеваны еңбекке уақытша жарамсыз, яғни «больничныйда» жүрген кезінде еңбек шартын үзіп, жұмыстан шығарған. Бірақ, жұмыстан босаған директор бұл үшін сары уайымға салынбады. Өйткені, Еңбек кодексін жетік білетін Іңкәр Орақбайқызы Б.Жұмабековтың бұл әрекетінің заңсыз екенін жақсы біліп, ем-домын алаңсыз әрі қарай жалғастыра берді. Себебі, ұстаздар қауымы үшін жаз айларындағы демалыстарда денсаулығын түзетіп алмаса, өзге уақыттарда мүмкіндік бола бермейді.

Әрине, сары уайымға салынбады дегенімізбен бұл оқиға директор мен бөлім басшысы міндетін уақытша атқарушы азаматтың өзара қарым-қатынасына сызат түсуіне себеп болыпты. Неліктен мұндай қадамға барғанын алдымен Б.Жұмабековтің өзінен сұрап көрдік. «Мен Спатаеваның «больничныйда» жүргенін білген жоқпын. Бұл жайында маған хабар бермеген. Еңбекке жарамсыздығы туралы парақшасын алып келсін, келісім комиссиясына саламыз. Содан кейін бұйрықты өзгертемін. Жұмысын қайта жалғастыра береді, онда тұрған ештеңе жоқ», – дейді Б.Жұмабеков.

Бірақ мұның уәжімен І.Спатаева келіспейді. «Не үшін бұл мәселені келісім комиссиясы қарау керек, – дейді ол. – Б.Жұмабеков өз қателігін өзі түзесін. Әйтпесе сотта кездесеміз. Менің еңбекке уақытша жарамсыз болғанымды білмедім дегені де жалған. Мен 11-тамыз күні ұстаздармен Zoom бағдарламасы арқылы жиналыс өткізбек болғанмын. Бірақ сырқаттануыма байланысты оны кейінге қалдырдым. Бұл жөнінде ұстаздарға хабарланған. Мені білім бөліміне шақырғанда да хатшысына денсаулығыма байланысты ем қабылдап жүргенімді айтқанмын. Сол себепті білмедім дегені бос сөз». Осылай деген І.Спатаеваның уәжінен оның Б.Жұмабековпен соттасуға әзір екенін байқадық және мұны ашынған адамның сөзі деп түсіндік.

Осы тұста тағы бір назарға алар мәселе – І.Спатаеваның директорлыққа тест тапсырып, қамқоршылық кеңестің мақұлдауынан, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының конкурсынан, білім бөліміндегі сұхбаттасудан өтсе де жұмысқа үш ай сынақ мерзімімен қабылдануы көңілге күмән ұялатады. Келісім-шартқа күмән келтірген І.Спатаева облыстық Еңбек инспекциясына арызданғанда, басшының орынбасары Б.Нұрмаханов арызданушының талабы орынды екені жөнінде жауап берген. Онда былай делінген: «…Конкурсты жариялаған білім беруді басқару органының басшысы үш жұмыс күні ішінде оң нәтиже алған конкурс қатысушысымен төрт жыл мерзімге шарт жасасады және жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығарады. Бұл тұрғыда жұмыс беруші тарапынан ҚР білім және ғылым министрінің 28.09.2018 жылғы №510 бұйрығы 49 тармағының талабы бұзылған… Тексеру қорытындысымен жұмыс берушіге анықталған бұзушылығы бойынша орындалу мерзімі 30.07.2020 жылға дейін көрсетілген Нұсқама берілді…».

Б.Жұмабаев Еңбек инспекциясының Нұсқамасына сәйкес өз бұйрығын өзгертуге мәжбүр болғанымен, араға бес күн салып, яғни 11 тамыз күні І.Спатаевамен жасалған келісім-шартты бұзады. Нақтырақ айтқанда, жұмысқа уақытша жарамсыз күйде екеніне қарамастан, алғашқы келісім-шартта көрсетілген сынақ мерзімі аяқталатын күні қызметтен босату туралы бұйрық шығарады. Сонда қалай, күші жоқ бұйрықты негізге алып, тағы да заңсыз бұйрық шығаруға жол берген бе? Парадокс. Бөлім басшысы еліміздің заң талаптарын бұлайша аяқ асты етсе мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері қарамағындағыларға не істемейді?

Кентаудың білім саласындағы дау-дамайлар мұнымен бітпейді. Осы саланың өз мамандарының сөзіне сенсек, біліктілік талабы сай келмейтін басшылар басқарып отырған балабақшалар кездеседі екен. Бір мектептің айрандай ұйып отырған ұжымының бірлігіне іріткі салған директор өз еркімен қызметтен кетсе, екінші бір мектептің директорымен тіл табыса алмаған мұғалімдері жазған арыз қала басшылығынан асып, облыс әкіміне дейін жетіп үлгерген. Аудандық ішкі істер басқармасының басшысы мен прокурордың да алдында жатыр екен. Тіпті, өзара жанжалдың салдарынан түн жарымында үйіне баса көктеп кіріп, сабап кету, терезесінен оқ жаудыру секілді оғаш қылықтар ұстаздар қауымының әрекеті дегенге сенгіңіз келмейді. Өкініштісі, осының дені ойнап жүріп шекісіп қалған қос бүлдіршіннің төбелесі секілді сұраусыз, зерттеусіз қала беретіні екен. Ал әділдік іздегендер айлап, жылдап түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырғанымен, нәтижеге қол жеткізе алмайтыны ащы шындыққа айналып барады.

нгі Кентау – жұмыссыздық белең алып, тұрғындары жаппай көшіп, қаңырап қалған кешегі көңілсіз Кентау емес. Бүгінгі Кентау – Қаратау тәжін қайта киіп, облыс орталығына ең жақын орналасқан, облыстағы ең ірі, іргелі  қалалардың қатарына қосылған. Облыс орталығы – Түркістанмен тел қозыдай қатар өсіп, қанаттаса дамып, баянды болашақ, кемелді келешек күтіп тұрған шаһар. Қаланы мұндай белестерге көтеретін, әрине, білікті мамандар мен білімді ұрпақ. Ал, тәрбиелі, білімді ұрпақ тәрбиелеуі тиіс білім саласында жоғарыда аталғандай келеңсіздіктер көбейіп жатса, не үміт, не қайыр?  Бүгінгідей бәсекеге жан-жақты қабілетті ұрпақ тәрбиелеп шығару үшін білім саласының сапасын арттыру өте маңызды саналады. Бірақ, Кентаудың білім саласының бүгінгі тыныс-тіршілігі көңілге қонымсыз. Бұл, әрине, сала басшысының білім-біліктілігіне, іскерлігіне, әділдігіне тікелей байланысты екені түсінікті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған