Жылқы сүтінің пайдасын білген британиялық компаниялар да қымыз сатумен айналыса бастапты. Ұлттық сусынымызға енді еуропалықтардың да қызығушылығы оянуда.
Қымызға деген сұраныстың артуына әлемдік пандемия себеп болып тұр. «Сусынның құрамында вирустан қорғап, иммунитетті нығайту үшін керек С дәрумені бар. Сондықтан дәрігерлер аурудың алдын алу үшін немесе одан оңалған кезде қымыз ішуге кеңес береді. Жылқы сүті, сонымен қатар, өмірлік маңызы бар А, В1, В2, В6, В12, К сияқты дәрумендерге бай. Олардан бөлек құрамында жоғары қан қысымын төмендетіп, уайымшылдықтан құтқаратын калий минералы бар. Сонымен қатар, жылқы сүті тез қорытылады. Ас қорыту жүйесіне жеңіл әсер етіп, іштің кебуі және қатуы, асқазанның бұзылуы сияқты симптомдардың төмендеуіне ықпал етеді. «Аттай шауып» кетуге көмектесіп, қуат беретін темір, кальций және фосфор сияқты минералдар да осы қымыздан табылады. Оның адам терісіне тигізетін пайдасы да шаш етектен. Псориаз және экземамен ауыратын адамдарға таптырмас ем. Жылқы сүті құрамында микробқа қарсы қасиеті бар лизоцим ферменті бар», – дейді британиялық Кромвель фермасына тиесілі интернет дүкен.
Сиыр сүтіне қарағанда жылқы сүтінің майы және ақуызы аз, бірақ лактозаға бай және пайдалылығы жөнінен ана сүтіне ұқсас екен.
Ұлыбританияда қазір жылқы сүтінен жасалған өнімдердің түр-түрі саудалануда. Бағасына келетін болсақ, орта есеппен алғанда органикалық, пастерленген құтыдағы қымыздың 250 грамы ұлттық валютамызға шаққанда 3 650 теңге тұрады. Бұдан бөлек компания жылқы сүтінен жасалған қол күтіміне арналған 50 миллиграм кремдерді 10 000 теңгеге сатады. Кромвель фермасы Англияның оңтүстік батысындағы Сомерсет ағылшын графтығындағы Комб-Хэй ауылында орналасқан. Бұл 40 жылдан бері келе жатқан отбасылық бизнес және Ұлыбританиядағы жылқы сүтінің саудасымен айналысатын жалғыз компания екендігін хабарлайды шетелдік сайттар. Айта кетерлігі, қазір әлем бойынша жылқы саны 60 миллионнан асады.