Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Мəдениет жəне өнер » ӘМИНАНЫҢ ӘШЕКЕЙЛЕРІ

ӘМИНАНЫҢ ӘШЕКЕЙЛЕРІ

Әмина Шоқпарова — қазақтың әшекей бұйымдарын бүгінгі заманға лайықтап қайта оралтып, қолөнер саласының жаңаша сипатта дамуына тер төгіп жүрген жан. Бәрі де ойламаған жерден басталған.

Осыдан он шақты жыл бұрын еді. Қыздары Ақмаржан мен Гауһар кішкентай бүлдіршін болатын. Әминаның қазақы нақыштағы әшекейлеріне қызыққан қыздары өздеріне де алып беруін сұрайды. Бірақ, ұлттық әшекейлердің кішкентайларға арналған түрін еш жерден таба алмапты. Сөйтіп оны зергерге арнайы тапсырыспен жасатады. Қыздардың сырғасына қызыққан көршілер, туған-туыстар да тапсырыс бергісі келеді. Осылайша Әмина неге ұлттық әшекейлерді бүлдіршіндерге лайықтап насихаттамасқа, нарыққа шығармасқа деп, жаңаша тірлік бастапты. «Amina Jewels Kazakhstan» орталығын құрып, ұлттық қолөнердің зергерлік бұйымдары саласына бұрын-соңды ешкім қолға алмаған жүйе енгізеді. Әдетте шеберлер әрқайсы өз бетінше күн көріп, тапсырысты орындап, оны сату арқылы қарапайым ғана тіршілік етсе, енді олардың ісі бір арнаға тоғысады. Сату жүйесі де қарабайыр сауда емес, жаңа нарыққа икемделген. Интернет арқылы буклеттер шығарылып, маркетинг, менеджмент жүйесі қызмет көрсетуде. Ұлттық әшекейлерді көпшілікке насихаттап, оны күнделікті тұрмыста тағуға қызықтыру үшін актриса Венера Нығматуллина, тағы басқа шоу-бизнес өкілдері жарнамаға шақырылып, Әминаның ісіне қолдау білдіреді. Бұл бастаманы қолөнершілер де қуана мақұлдап, зор қызығушылықпен еңбектенеді. Өйткені, зергерлердің өнімін әлеуметтік желілерде насихаттап, тікелей жұмыс істейтін бұған дейін ешкім болмаған.

Ешқандай іс алғашқыда қиындықсыз болмайды. Ал, жаңа жобаны іске асыру көп еңбек пен ізденісті қажет еткен. Балаларға арналған әшекейлерді зергерлерге жасату кезінде де олардың физиологиялық ерекшелігін ескермеске болмайтын еді. Осы тұрғыда әшекейлердің өлшемін, тіпті салмағының өзін жасауда Әмина көп тер төкті. Қолөнершілер де бұған дейін кішкентай қыздарға арналған сырға, жүзік, білезіктерді жасамаған болып шықты. Сөйтіп, бәрін басынан бастауға тура келді. Күнделікті елене бермейтін сырғаның құлаққа кигізер ілгегінің өзі қыз баланың қозғалысына қолайсыздық туғызады екен. Мұны жас ана әуелгі өнімді өз қыздарына тағып көріп, арнайы тәжірибе арқылы көз жеткізді. Сөйтіп, сырғаның ілгегін бұрынғыша ілмек тәрізді емес, қазіргі заманға сай қыстырғыш пішінде жасап шығарды. Ол құлаққа берік орналасады әрі қыздардың шашына ілініп қалмайды.

— Білсеңіз, осы әшекейлер арқылы біз кішігірім тарихты баяндай аламыз. Мысалы, «Бесбілезік», «Мереке», «Құстұмсық» сияқты жүзік, сырға мен топтамалардың әрқайсының шежіресі бар. Мәселен, құстұмсық жүзігін ежелде тұрмысқа шыққан қыз төркіндегі анасына сыйға тартқан болса шешесі текті әулетке, жақсы жерге барғанын осыдан білген. Әшекейлердің көзі болып табылатын тастардың түсі де мәнді. Қызыл түсті тіл-көзден сақтайды деcек, көк ашық көңілді, ал алтын жалатылған сары түс биліктің мағынасын білдіреді. Өңіржиек, сырға, алқа, тұмар, жүзік, білезік, шашбау… Қазақтың зергерлік тарихы бай, мазмұнды, қыз-келіншектер мен аналарымыздың салтанаты жарасқан. Қыз баланың тақиясына үкі тағып, асыл тастармен, тана-моншақтармен зерлеп, бұрымына шашбау байлаудың да мәні бар. Заманға сай салтымыз жаңғырса да әдемілікке деген құштарлық санамызда қалып қойды. Қуанатыным, ою-өрнекті ұлттық әшекейлерге қыз-келіншектердің қызығушылығы артқан. Оны той-жиындарда ғана емес, күнделікті тұрмыста да таққысы келеді. Әлбетте қазақ қыздарының талғамы биік, сәнқой ғой… Осыған қарай менің негізгі мақсатым – бұйымдардың философиялық, идеологиялық мәнін сақтай отырып, дизайнын бүгінгі заманға икемдеп шығару. Бұл тұрғыда әлемдік брендтердің үлгісіне де назар аударамын.

Өнім арзан болуы үшін ең алдымен индустрия жақсы дамыған болуы керек. Дамыған елдерде бұл жақсы жолға қойылған. Қалыптасқан индустрия институтында бір өнімді қаншама адам бірлесе жұмыс жасап шығарады. Ал, бізде бір ғана шебер көзінің майын тамызып бірнеше апта, ай жасауы мүмкін. Оны қалай арзанға бағалауға болады? Демек, индустрия бар жерде баға қолжетімді. Осыған қарамастан, бренд өнімдерімізді барынша халыққа жақындатудамыз, – дейді жас кәсіпкер, өнер жанашыры.

Әмина танымал дизайнер Құралай Нұрқаділовамен бірлесіп, «Қыз ұзату» топтамасын жасаған. Ұзатылар қыздың әшекейін жасауда кездесетін келеңсіздіктер де жоқ емес. Көбіне салпыншақты алқа, сырғалар бойжеткеннің таңдаған көйлегіне сай келе бермейді. Шашбау таққысы келгенмен, ол да көрінбей қалады. Осыларды болдырмау арқылы ұлттық көйлекпен әшекей тағынып ұзатылатын қыздардың көбеюі үшін дизайнермен одақтас тірлік жасау анағұрлым нәтижелі болды. Билік басындағы бикештер мен кәсіпкер келіншектер де соңғы уақытта ұлттық ою-өрнек таңбаланған сәндеуіштерге аса қызығуда екен. Алайда күнделікті қызмет бабына қолайсыздығын айтып қынжылатындықтан, «Amina Jewels Kazakhstan» орталығы мұндай әйелдерге сырғаның жинақы түрлерін ою-өрнектеп күмістен жасап шығарады. Жаңа заманға лайық топтамалар ішінде костюмнің өңіріне қадайтын сәнді түйреуіш, тана, моншақ, кулон, білезік, шаш түйреуіш, алқа, жүзік, бойтұмар бар екен.

— Әсіресе, арнайы «Amina Jewels Kazakhstan» орталығының брендіне ғана еңбек ететін суретші-реставратор, сақ ескерткіштерін қалпына келтіруші Қырым Алтынбековтің қолынан шыққан, Y-YI ғасырдағы сақ-скиф таңбалары бейнеленген кулондар сұранысқа көп ие болған. Күміс, сүйек, киіз, түрлі тастардан әшекей заттарын жасайтын мүсінші, зергер әрі педагог Сержан Бәшіров та бармағынан бал тамған, темірден түйін түйетін шебер. Оның туындылары Варшавада, Азия және Мұхит елдері музейінде, Мәскеудегі Шығыс халықтарының мұражайында, Назарбаев орталығында сақтаулы тұрғанын айтқым келеді, — дейді Әмина.

«Кәсіпкерлік саладағы жетістіктері үшін» байқауының жеңімпазы Әмина Шоқпарованың ұйымдастыруымен өткізілетін көрме-жәрмеңкелер ұлттық мәдениетіміздің жанашырлары арасында қолдау тауып келеді. Жас ұрпақтың өз халқының зергерлік дәстүріне қанығып өсуіне осылайша үлес қосып жүр.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика