Түркістанда табылған ханака – көне тарихымызды тірілтпек
Түркістан қаласының тарихы ежелгі Күлтөбе қойнауында жатқаны өткен аптада тағы бір жағымды жаңалықпен дәлелденді. Қалашықты қайта қалпына келтіру кезінде ежелгі ханака орны табылып, тарихи тәбәрігіміз тағы бір мұрамен толықты. Ханака Қ. А. Ясауи кесенесінен екі жүз метр қашықтықта орналасқаны анықталды. Ежелде бұл аумақ бүкіл Орта Азиядағы сопылық ілімнің отаны саналған.
Күлтөбеде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен біраз уақыттан бері археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. «Күлтөбе қала жұртының тарихи нысандарын қалпына келтіру» ауқымды жобасы аясында көптеген жәдігерлер табылып, көне тарихымыз тірілуде. Ежелгі сопылық құрылыс орнында үй-жайлар мен ғұрыптық бөлмелердің қалдықтарымен қатар, дәруіш тариқатына қызмет еткендердің табыттары табылды. Яғни, қазба жұмыстары пеші мен кішкентай тандырлары бар 10 бөлмеден тұратын кешенді ғимараттың оңтүстік-шығыс бөлігінде 7 жер асты табыты бар тікбұрышты пішінді кесененің орналасқанын анықтады. Кесенеде жерленгендердің басы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан солтүстік бағытқа қаратыла жатқызылған.
Күлтөбелік ханака — елімізде үшінші рет табылып отырған сопылық құрылыстың орны. Мұндай ескерткіш бұған дейін Отырар және Қаялық қала жұрттарында табылған. Алайда, зерттелуі жағынан аз және көлемі мен ауқымы бойынша күлтөбелік үлгіден кіші екені анықталған. Ханакаларда қасиетті қабірге табынған ежелгі қоғамдастықтың негізін қалаушы немесе сопылық тариқаттың құрметті мүшесі жерленген. Мұндай орындарды салу мешіт пен медресе тұрғызумен тең дәрежелі іс деп саналып, барлық мұсылман елдерінің қалаларында, жол бойларында бой көтерген.
—Қазба жұмыстары кезінде жеті адамның сүйегі қазып алынды. Олар қағбаға емес, керісінше, солтүстікке, Ясауи кесенесіне қарап жерленген. Бұл қабірдегілердің сопылық ағымның өкілдері екенін дәлелдейді. Олар осында өмір сүріп, құлшылық жасаған. Кешен ХY-XIX ғасырларда сопыларға қызмет еткен. Мұнда жатын орын, асхана, жуыну бөлмесі, кеңесетін орындар болған. Сондай-ақ, керамикалық заттар мен теңге, тиындардың қалдығы табылды, —дейді археолог Ерлан Қазизов.
Ескерткіштің маңыздылығы сол, бірегей нысан тек сопылық кешеннің архитектуралық тұжырымдамасы ғана емес, Ясауи жолы өкілдерінің өмірі мен еңбегінің көптеген аспектілерін ашуға мүмкіндік туғызады. Тарихи орыннан табылған нумизматикалық және өзге де материалдар ғалымдарды антропологтар мен генетиктердің адам сүйегін зерттеу жұмыстарында тың деректердің ашылуына үміттендіруде.
«Əрбір халықтың, əрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың əрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дəстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз… Мəселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ. Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жəдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін жəне басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді».
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан.
Қойнауына тарих қазынасы мен құпиясын бүккен Күлтөбе археологиялық ескерткіші «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің аумағында орналасқан. Қорық-музей директорының орынбасары Бақытжан Нұрхановтың айтуынша, 2018 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бес жылдық даму тұжырымдасы дайындалып, бекітілген. Осы тұжырымдамада Күлтөбе қалашығының ашық аспан музейіне айналуына арналған іс-шаралар қарастырылған. Аталған ғылыми-зерттеу жұмыстары үш жылға жоспарланған. Сонымен қатар, Түркістан қаласының рухани-мәдени орталығының дамуының ғылыми негіздемесін қалыптастыратын ғылыми-әдістемелік кеңес құрылып, Күлтөбе қалашығын зерттеу жұмыстарына тыңғылықты көңіл бөлінуде. Зерттеушілер жетіп жатқан нәтижелі жетістіктер кеңес мүшелерінің археологиялық бағдарламасының нәтижесі болып табылуда. Жерленген адамдардың сүйегі қазір Әзірет Сұлтанға туыстық қатысы бар не жоқ екенін анықтау үшін антропологиялық зерттеуден өткізілуде.
Ашық аспан астындағы археологиялық парктің «інжу-маржандары» әлі де аршыла түсуде. Ежелгі ханака орнынан кейін көп ұзамай-ақ, көне Түркістанның шахристаны болған аумақ археологтар назарын аударды. Шахристан аумағы XIX ғасырдың 1843-49 жылдары Қоқан иелігі кезінде Тәкия қақпасымен сыртынан қоршалған.
— Төрт қақпаның барлығының түбінде керуен сарайы, моншасы, кішігірім мүричә деген моншасы болған. Бұл жерде негізгі есік арқылы қабылдау бөлмесіне кірген. Қабырғаларында арнайы қуыстар көп, яғни мұнда келушілердің қымбат заттары сақталған. Қарама-қарсы бұрышта Керуен сарай басшысының кеңсесі орналасқан. Ал, ортадағы алаңға көше арқылы керуен келсе, батыс бетіне түгел қойма салынған. Бұл қоймаға жүктерін түсіріп, сақтап отырған. Керуен сарайдың көпшілігі екі қабатты, оның екінші қабатында керуеншілер дамылдаса, бірінші қабаты қоймаға арналған. Көлемі 35-40 метрдей болатын бұл құрылысты биылғы қазба жұмыстарының үлкен жаңалығы деуге болады, – дейді, тарих ғылымдарының кандидаты, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері, археолог Марат Тұяқбаев.
Тәкия қақпасына жақын жерден ашылған үлкен мектептің құрылысы да тарихи жаңалық! Бұл Түркістанда табылған алғашқы мектеп екендігімен ерекше және құнды. Тағы бір ерекше олжа – ата-бабаларымыздың ежелден өндіріс технологияларын жасап, кеңінен қолданғандығын айғақтайтын керамикалық цех орны. Ясауи кесенесі аумағында орналасқан қыш бұйымдарын дайындайтын кең ауқымды цех – Қазақстанда алғаш рет анықталған орынның бірі. Мамандардың айтуынша, бұл жерде ыдыс–аяқ пен құрылыс кірпіштерін күйдіретін үлкен көлемдегі кешенді цех орналасқан.
Тарихтың таңғажайып сырын қойнауына бүккен жәдігерлер осылай болашаққа жол тартуда. Алдағы жылы аяқталады деп күтілген зерттеулер талай жұмбақтың сырын ашарына мамандар да сенімді. Ұлт тарихын түгендеуге арналған қазба жұмыстары Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асуда.