Асыға күткен жазғы демалыс та аяқталып, жаңа оқу жылы басталатын күн таяу. Бала денсаулығын қалыптастыруға бірден бір ықпал ететін дене шынықтыру пәні карантин жағдайында қалай оқытылмақ? Өкінішке қарай, дене тәрбиесі сабағы бұған дейін маңызды пәндер санатына кірмей келгені белгілі. Ұлдар доп қуып, қыздар жүгіріп уақыт өткізетін сабақ ретінде ғана қарастырылып келді. Соның әсерінен білім беру жүйесі қашықтан оқытуға көшкенде денешынықтыру пәні мұғалімдері сабақты жаңа форматта қалай ұйымдастыруға болатынын зерттегенде дайын видео дәрістері түгілі арнайы нұсқаулықтар да таба алмады. Осыған қарамастан қашықтан оқыту форматында сабақ уақтылы, жоспар бойынша өткізіліп отырды. Денені қыздыруға арналған қимыл-қозғалыс жаттығуларын видеоға түсіріп, бейнероликтерді оқушыларға вацап желісі арқылы жіберіп тұрдық.
Жоғарыда айтылған кедергілерге қарамастан әр пәнге оң көзқарас қалыптастыру сабақ беретін мұғалімнің қолында екені анық. «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ал ұлы мұғалім шабыттандырады». Шебер педагог кез-келген жағдайда білім бере алады, қазір ХХІ ғасырда оған техникалық мүмкіндіктер де зор. Дене тәрбиесі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру саласының негізі болып табылады. Ол жеке тұлғаның жан-жақты дамуына, күшті де қуатты болып өсуіне, ұзақ уақыт шығармашылық еңбекке жарамды адам қалыптастыруға қызмет етеді. Дене тәрбиесімен айналысу —жеке тұлғаның табиғи күш-қуатын нығайтып, өзін-өзі үнемі дамытып, көңілді де сергек жүруге баулиды. Болашақ ұрпақтың денсаулығының мықтылығы, салауатты өмір сүруі мектеп мұғалімінің жеке басы мен оның жоғары оқу орнындағы теориялық жеке тәжірибелік дайындығының дәрежесіне де тікелей байланысты. Дене тәрбиесі мұғалімдері оқушылардың психологиялық ерекшеліктеріне сай, оқу-тәрбие міндеттерін шешуде олардың рухани жетекшісі де болуы тиіс.
Пандемия бізге денсаулықтың қадірін, спорттың адам өмірінде қаншалықты маңызды екенін білдірді. Карантин кезінде қала тіршілігі тоқтап қалған секілді болды. Тұрғындар үйлерінен шықпауға тырысып, уақыттарын тиімді өткізуге арнады. Бірі кітап оқып, енді бірі әлеуметтік желіде челлендж жасап, ермек қылып жатыр. Ал, азаматтар салауатты өмір салтын ұмытып кеткен жоқ па? Үй жағдайында өзіміз, балаларымыз спортпен қалай шұғылданып жатыр? Бұл ретте көпқабатты үйде тұратын оқушыларға бір бөлменің өзі де жеткілікті. Жаттығудың бірнеше түрі бар, баспалдақты қолданса да болады. Жоғары көтеріліп, түсудің пайдасы зор. Ал, жер үйде тұратын адамдар есік алдында түрлі жаттығу жасаса болады. Оған ең бірінші ата-аналар қолайлы жағдай жасап, денешынықтыру жаттығуларын балалармен бірге жасаса деген тілегіміз бар. Өйткені, бала денсаулығы бәрінен маңызды екеніне денсаулық саласында орын алып жатқан жағдайлар дәлел болуда. Дене тәрбиесі баланы тек физиологиялық жағынан ғана емес, рухты, ерік-жігері мықты адам болып өсуге тәрбиелейді.