Осыдан он бес жылға жуық уақыт бұрын белгілі ғалым, сол кездегі бас мүфти Әбдісаттар Дербісәлі бастаған делегация Сирияға барып, Әл-Фараби бабамыздың басына туған жері Оқсыздан алынған топырақты салып, баба қабірінің басынан топырақ алып келгені белгілі. Осы іс-шараның басында жүрген сол кездегі Отырар ауданының әкімі, қазіргі сенат депутаты Әлімжан Құртаевтың айтуынша, биыл әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өтуге көптеген іс-шаралар жоспарланғанымен, пандемияға байланысты ол іске аспай тұр.
– Биыл ғалымның 1150 жылдық мерейтойына орай «Фараби жолымен» атты халықаралық экспедиция ұйымдастырылуы тиіс еді. Алайда ол індетке байланысты тоқтатылды,-деді ол бүгін Түркістанда өткен «Түркілер төрі Түркістан» онлайн конференциясында.
Әлімжан Құртаев әл-Фараби мұрасын насихаттауда өте көп еңбек сіңіріп жүрген азамат. Сенатор әл-Фарабидің жүзден астам шығармаларын қазақ тіліне аудару, бабамыздың өмірі туралы деректі, көркем фильмдер түсіру, Нұр-Сұлтан мен Түркістаннан ескерткіш орнату туралы ұсыныстары өте орынды деп есептейміз.
Айта кетері, жоғарыда аталған конференция барысында белгілі жазушы, «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұттың
«Түркілер төрі Түркістан» атты кітабының таныстырылымы өтті. Кітапта жазушы Оңтүстіктің тарихын Елдос Елжанұлы деген кейіпкердің аузымен эссе түрінде баяндайды. Шығармадағы басты кейіпкердің үлкен өмірге жасаған қадамы Оқсыз бен Отырардың ортасындағы шағын ауылдан басталады.
«Түркілер төрі Түркістан» онлайн конференциясы Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, Қазақстан Журналистер одағы және Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалдарының бірлесе ұйымдастыруымен өтті.