Махажановқа сабақ болмай отыр ма?
Осыдан бір айдан сәл астам уақыт бұрын Түркістан облысының Кентау қаласына қарасты Шорнақ ауылында болған жастар арасындағы жанжал әлі естен шыға қойған жоқ. Мәселенің шиеленіскендігі болар, бұл оқиға Мемлекет басшысына да жетті. Ашуға булыққан тұрғындарға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өзі барып, жағдайды реттегенінен көпшілік құлағдар.
Қазіргі кезде Шорнақтағы жағдай тұрақты. Алайда, осы оқиға жергілікті басшыларға сабақ болмаған секілді. Сол кезде бірнеше күн көпшіліктің ортасында болып, жанашырлық танытқандай болған қала әкімі Дәурен Махажанов бүгінде қайта байырғы әдетіне басып, тұрғындарға қолжетімсіз тұлғаға айналғанға ұқсайды. Егер жағдай осы үрдіспен жалғасып, әкімдіктегілер тұрғындардың талабын тыңдап, шешудің оңтайлы жолдарын тез арада қарастырмаса, Кентауда тағы бір келеңсіздіктің орын алуы әбден мүмкін.
«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, бұл жолы кентаулықтардың жүйкесіне салмақ салып отырған мәселе – орталық базардағы жағдай. Шыны керек, қазіргі кезде өзін өзі жұмыспен қамтып отырғандардың дені несібесін осы базардан іздегендер болып табылады. «Базар бұзылады» деген әңгіме шыққалы онда сауда істейтіндерден күндіз күлкі, түнде ұйқы қаша бастаған. Әсіресе «Береке» базарындағылардың дегбірі қашып жүр. Өйтпегенде ше, күнделікті ішіп-жемі мен жүріс-тұрысына қажетті қаражат осы базар арқылы келіп отыр емес пе? Оның үстіне көпшілігінің банк алдындағы несие қарыздары бар. Әттеген-айы, «базар жабылса күніміз не болады» деп уайым шеккен тұрғындардың уәжіне құлақ түретін жан табылмай тұрғанға ұқсайды. Мәселені ушықтырмай, реттеп отыруға тиісті жергілікті атқарушы билік өкілдері алаң көңілді көпшілікке «Базар басшысы ауырып жатқандықтан сөйлесе алмаймыз. Оған ескертілді, жұмысқа шықса мәселе шешіледі», – деген ауызша жауаптан басқа ештеңе айта алмапты.
Әрине, сауда жасаушылар бұл сөзге сеніп отырған жоқ. Солардың бірі Жанар Абдуллаева (суретте) былай дейді.
«Біз қала әкімі Дәурен Махажановқа төрт рет бардық. Қабылдамайды. Айналасындағылар «базар басшысы Рахымжан Абдужаппаров ауырып жатыр, шықсын» дегеннен әрі аспайды. Түсінеміз, адам баласы үшін ең үлкен байлық – денсаулық. Оны түзетпей өзге шаруаға мойын бұру да мүмкін емес. Базар басшысы өзінің орнына ұлы мен інісін қойып кеткен, бірақ олар ештеңе де шеше алмайды. Осыншама адамды сергелдеңге салмай, өздігінше шешім қабылдай алатын сенімді бір серігіне тапсырса болмас па еді? Ендігі жерде оның жазылуын қашанға дейін сарылып күтуіміз керек? Істің сағызша созылғанына қарап, бұл жерде басқа мәселе бар ма деген күдік күшейіп тұр. Жуырда бір танысым «Рахымжан жүр екен» дегенге дереу базарға барсам, ол кісі көлігіне мініп жатыр екен. Жолығып үлгермедім. Шынымен сырқаттанып қалса, базарда ол не істеп жүр?
Уәжімізге құлақ асар адам табылмаған соң Президент аппаратына хат жазғанбыз. Олар хатымызды облыс әкіміне жолдапты. Ол жақтан бізге «базар бұзылмайды, кезекпен «реконструкция» жасалады, орындар бұрынғы сатушыларға беріледі» деген мағынадағы хат келді. Ал базар бұзылып жатыр. Реконструкция деген бұзу емес қой. Бізге базар басшылығы «дүкендеріңді бұзып алып кетіңдер, жаңасын саламыз» деген талап қоюда. Айтуларына қарағанда базарды жаңадан салғаннан кейін біз орындарымызды қайтадан сатып алуымыз керек екен. Көпшілігіміз карантинге байланысты бірнеше айдан бері жұмысқа шыға алмадық. Бірақ салығымызды төлеп отырмыз. Өзім ол орынды алу үшін бірнеше миллион теңге жұмсағанмын. 8 мың долларға сатып алғандар да бар. Енді ол жерлерді бұзбақшы. Ертең дәл осы жерден маған жаңа орын береді дегенге сенбеймін. Былайша айтқанда, мені лақтырып отыр. Орындарды сатып алу барысында бізге ешқашан сату-сатып алу құжатын берген емес. Ал қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы осы құжатты сұратып отыр. Сонда біз не істеуіміз керек? Людмила Хуснудинова есімді көршім де осындай жағдайды басынан өткеруде. Сөзімізді тыңдайтын адам жоқ. Не істейміз, көшеге шығамыз ба енді?».
Халық алаңдаулы, Дәурен Махажанов мырза әзірге үнсіз. Дәл осындай кезде тұрғындардың мәселесіне көңіл бөліп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, күдікке толы көңілді тыныштандыру керек емес пе? Ал үнсіздік, халықты қабылдамау – мәселені ушықтырмаса, шешпейтіні анық. Сол себепті, бірінші кезекте халықтың үніне құлақ түріп, мәселесінің оң шешілуіне күш салу қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да әкімдерден басты талабы осы, яғни халық үнін естуші мемлекет құруға күш салып отырған жоқ па? Ал Президенттің тапсырмасын, халықтың талап-тілегін назардан тыс қалдырған әкімнің бір күн де жұмыс істеуіне хақы жоқ. Қазіргі кезде базар жұмысшыларының басты талабы – «базар жөнделген соң өз орнымызды қайтарсын, қайтадан миллиондарға сатпасын» болып отыр. Ал салық, басқа да төлемдерді төлеуге қарсы емес.
Ендеше, құрметті Дәурен Сәбитұлы, онсыз да жүйкесі жұқарып, төзімі таусылуға таяу тұрғындарды онан сайын ашындырмаңыз. Сіз Президенттің Кентау қаласындағы өкілісіз. Президенттің атына кір келтірмей, өзіңіздің де абыройыңызды сақтау үшін халықтың үніне құлақ түріңіз! «Арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін» жол табатыныңызға сенгіміз келеді.