Қ. ТОҚАЕВ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ТІРЛІККЕ ОҢ БАҒА БЕРДІ

Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Түркістан облысында болды. Президент іссапары биыл көктемде Мақтаарал ауданындағы Сардоба су қоймасындағы апаттан зардап шеккен тұрғындардың бүгінгі тынысымен танысудан басталды.

Бүгінде мақталы аймақтағы су шайып кеткен Мырзакент ауылын қайта қалпына келтіру үшін жаңа ықшамауданның құрылысы жүруде. Апаттан  жалпы саны төрт мыңға жуық халық зардап шеккен болатын. Бүгінде елі жаңарып, жері қайта түлеген өңірде бес жүзден астам баспана толығымен сүріліп, қайта бой көтерді. Жаңа ықшамауданға Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елдімекендерінің тұрғындары шоғырландырылып, әр отбасы мүшесіне жүз мың теңгеден қаржылай жәрдем берілді. Өргебас, Фирдауси ауылдарында да қайта қалпына келтіру жұмыстары ойдағыдай жүзеге асуда. Бұл елді мекендерде баспаналары су апатынан бүлініп, қираған тұрғындарға 17 миллион теңгеден  берілуде. Құрылыс барысымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездескен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сын сағатта бүкіл халықтың ұйымшылдық танытқанын атап өтті.

Тасқыннан зардап шеккен бірде-бір адам далада қалған жоқ. Жаңа шағын аудан салынып жатыр. Баспанаға көшем деген адамдар осында қоныс аударып, көп ұзамай барлығы өз үйіне оралатын болады. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, кәсіпкерлер, құрылысшылар, дәрігерлер, қарапайым азаматтар, көптеген еріктілер белсенді жұмыс істеді. Ауқымды тірліктер атқарылып жатыр. Барлығына шынайы ризашылығымды білдіремін, – деген Президент мемлекет шұғыл шешім қабылдап, ауданды қалпына келтіру үшін қазынадан қаржы бөлінгенін жеткізді. Ал, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Өзбекстан Республикасымен бірлесіп су тасқынының салдарын жою, алдағы уақытта мұндай апатты болдырмауға қатысты қабылданып жатқан шаралар жайында баяндады.

Іс-сапар барысында Президент Арыс қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстарын да назардан тыс қалдырмады. Былтыр жарылыс кезінде бүлінген нысандардың бірі темір жол бекеті ғимаратына барып, «Арыс -1» теміржол вокзалының қазіргі ахуалымен, тұрғындармен кездесті.

«Мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп, орасан зор жұмыс атқарылды. Нәтижесі жаман емес. Арысты қайта қалпына келтіруге еліміздің барлық аймағы атсалысты. Бұзылған ғимараттар жөнделді, жаңа үйлер салынды. Соның ішінде осы теміржол вокзалы да бар. Ғасырлық тарихы бар бұл ғимараттың қала тұрғындары үшін маңызы зор екені түсінікті», – деген Мемлекет басшысы барша қазақстандықтар былтыр Арыстағы ағайынның жағдайына алаңдағанын, еріктілердің көмекке келгенін, ұйымшылдықтың арқасында осындай ауқымды жұмыстар атқарылғанын, бұл халқымыздың татулығының көрінісі екенін айтты.

– Баршаңыз көріп отырсыздар, қазіргі пандемия ахуалы ешкімге оңай тиіп жатқан жоқ. Дегенмен, біз Арысты қалай бірігіп қалпына келтірсек, бұл дертті де солай бірлесіп жеңеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Өз кезегінде тұрғындар да жарылыс болған күні шұғыл түрде ұшып келіп, халықпен кездесіп, жағдайды үнемі бақ

ылауда ұстаған Президентке алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр жарылыс болған Арыс қаласындағы №44859 әскери бөліміне де барып, оның бүгінгі жағдайымен танысты. Қалада қазір қауіпсіздік шаралары қалай жүзеге асуда, әскери аймақта тағы да жарылыс қаупі болуы мүмкін бе деген сауалдар әркімді-ақ мазалауы заңдылық. Осыған орай, былтырғы жарыл

ы

стан кейін әскери қызметшілер 450 мыңнан астам оқ-дәрі мен жарылғыш затты залалсыздандырған. Қоймадағы оқ-

дәрілерді көшіруге дайындықтың негізгі жұмыстары да аяқталыпты. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қоймадағы оқ-дәрілерді кәдеге жарату және оларды тасымалдау жұмыстары жайында баяндады. Сонымен қатар әскери бөлімнің техникалық аймағындағы оқ-дәрілердің қалдығын тазалау, жарылғыш заттарды залалсыздандыру, бұзылған ғимараттарды қайта қалпына келтіру жайында сөз қозғады. Бұдан бөлек Қазақстан Президентіне әскери құрал-жабдықтар мен арнайы техникалар таныстырылды. Мемлекет басшысы оқ-дәрілердің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Үкіметке қазіргі заманға сай қоймалар салу үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Олардың елді мекендерден алыс жерлерде салынуын, жарамсыз оқ-дәрілерді уақтылы жою қажеттігін де ескертті. Қазір Арыс қаласы толықтай қайта жаңарды деп айтуға негіз бар.

Түркістан облысына іс-сапарын Қасым-Жомарт Тоқаев облыс орталығы Түркістан қаласының жаңа келбетімен танысумен түйіндеді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралап, жаңартылған күмбез жұмысының нәтижесін көрді. Өңірдегі маңызы зор нысандардың бірі, биыл іске қосылған «Сапар» орталығында болды. Түркістанға келген туристерге бағыт-бағдар беріп, қажетті материалдармен қамтып, заманауи талаптарға сай қызмет көрсетумен айналысатын орталықта барлығы 54 адам жұмыс істейді. «Қазақ хандығы» атты залда орналасқан экспозициялар мен қолдан жасалған көне кілемдердің көрмесін аралап көрген Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев киелі шаһарды жаңғырту жұмыстарына оң бағасын берді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған