Биыл еліміз тарихында алғаш рет партияішілік таңдауға арналған праймериз өткізу жобасы қолға алынды. Праймериз дегеніміз не? Алдымен осы сауалға жауап іздеп көрелік?
Ағылшын тілінен аударғанда праймериз «алдын-ала іріктеу» деген мағынаны білдіреді. Ол АҚШ саясаткерлерінен бастау алған, партия белсенділерін ашық таңдау тәсілі. Яғни, сайлау өткізу арқылы саяси додаға түсетін көшбасшыларды іріктеп алуға арналған жаңа форматтағы іріктеу. Бұл сонымен қатар партияның өз ішіндегі мықтыларды ғана емес, пікірлері бір арнада тоғысатын азаматтарды партия қатарына тартудың құралы. Қазіргі уақытта Еуропа, Азия, Латын Америкасының біраз мемлекеті осы жүйені қолданады. Франция, Италия, Ресей, Аргентина, Уругвай мемлекеттерінде ашық праймериз өткізіледі. Канада, Германия, Түркия және Ирландияда жабық праймериз өтеді.
«Nur Otan» партиясы тың жобаны Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен және нақты тапсырмасымен жүзеге асыруда. Бүгінгі күнге дейін оның мәнін ел ішінде насихаттап, бағыт-бағдары түсіндірілді. Праймеризге құжат қабылдау 17-тамызда басталып, 28-тамызда аяқталды. 7 қыркүйек пен 3 қазан аралығы үгіт-насихат жүргізу уақыты болып белгіленген. Ал, 1 қазан күні сағат 8.00-ден түнгі 00.00-ге дейін онлайн түрде дауыс берілсе, 3 қазанда дәстүрлі бюллетеньмен дауыс беру өтеді. Елдегі пандемиялық жағдайға байланысты тіркеу мен дауыс беру онлайн режимде ұйымдастырылып отыр.
Партия өз мүшелерінің арасынан лидерлерді анықтау үшін халық арасында беделді, көпшілік жақсы танитын, құрметке бөленген, партиялық-саяси салада жұмыс тәжірибесіне ие үміткерлерді іріктейді. Оларды Мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайлауында партиялық тізіммен ұсынады. Сайлаушылардың қолдауын иеленген тұлғалардан тұратын халық қалаулыларына елдің сенімі де жоғары болады.
Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша партияішілік сайлау тұңғыш рет республикалық ауқымда өтіп жатыр. Ол – партияны «қайта жандандыру» мен жаңғыртудың қорытынды кезеңі болып отыр.
⠀Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде 17 – 28 тамыз аралығында праймеризге қатысуға 10 990 адам тіркелді. Олардың 36,9 пайызы әйелдер, 29,6 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдарынан 3090 азамат ұсынылса, өзін-өзі ұсынушылар 7900 адам. Қатысушылардың орташа жасы – 43.
Праймаризге қатысудан республика бойынша Түркістан облысы көш бастады. Облыстағы 16 аудан, қалада 1144 үміткер тіркелді. Оның 341-і (29,8 пайыз) жастар болса, 388-і (33,9 пайыз) әйелдер қауымы. Одан кейінгі орындарда 1108 үміткер тіркелген Алматы облысы мен 1054 азамат додаға қатысуға ниет білдірген Шығыс Қазақстан облысы тұр.
Ал, Шымкент қаласы бойынша Праймеризге 198 адам құжат тапсырып, 185-і тіркелді. Үміткердің 58-і әйел (31,3 пайыз), 69-ы жастар (37,3 пайыз).т Тізімдегілердің ең жасы 20, егдесі 83 жаста.
Түркістан облысында праймеризді тиісті деңгейде өткізу мақсатында біршама жұмыстар атқарылды. Дауыс беруге және дебаттарды өткізуге арналған 209 орын белгіленді. Үміткерлерді тіркеу, саяси додаға қатыстыру жұмыстары пысықталды. Тізімде жастар, көп балалы аналар, қандастар, мүмкіндігі шектеулі жандар, партия жақтастары бар. Сондай-ақ, ақпарат саласының өкілдері, қоғам белсенділері де қамтылған. «Nur Otan» партиясына мүшелікке өтпеген азаматтар да праймеризге қатыса алады. Бірақ, 3 қазан күні дауыс беру басталғанға дейін ол азамат партия мүшесі болып тіркелуі керек. Себебі, мәслихаттар және Мәжіліс кандидаттарына қойылатын талаптарға сай болуы тиіс.
Үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстарына қойылатын талаптар карантин ережелерін сақтай отырып жүргізіледі. Халықпен кездесулер мен дебаттардың көпшілігі онлайн өткізіледі. Әр кездесу әлеуметтік желілерден көрсетіледі. Халық сұрақ қойып, ұсынысын білдіре алады, сұрақтарды алдын ала беруге де болады. Мәселен, бір ауданда облыстық мәслихатқа 10 үміткер қатысатын болса, олар өзара пікірсайысқа түседі. Үгіт-насихат кезінде әр кандидат кәсіби қызметіне қарай нақты бір елді мекендегі проблемаларды шешуге қатысты өз ұсыныстарын қорғауы тиіс. Ал, шағымданушылар үшін партиялық бақылау комиссиялары жұмыс істейді. «Nur Otan» партиясы кездесу, дебат өткізу алаңдарын дайындайды. Материалдық-техникалық базамен қамтып, безендіру жұмыстарына көмек береді. Ал жекелеген үміткерлер өз есебінен үгіт-насихатпен айналыса алады. Бірақ, барлығы белгіленген ережеге сай болуы қажет. Оларды меморгандардың немесе шетелдіктердің қаржыландыруына жол берілмейді.
Жалпы, праймериз жастарға жасалып отырған үлкен мүмкіндік деп айтуға болады. Егер жеңімпаз жастар саны 20 пайызға жетпей тұрса, жастар арасында бөлек дауыс беру процесі жүргізіледі. Соның ішінде ең жоғары дауыс алған жастар іріктеліп, негізгі үміткерлер ретінде танылады. Алдағы уақытта 35 жасқа дейінгі жастар ішінен талантты, білімді де іскер, беделді, таным-түсінігі заман ағымына сай жаңа буын қалыптасып, жарқын бағытқа жол бастайды деп сенеміз. Сонымен бірге кадрлық резервте әйелдердің үлесі 30 пайыздан кем болмайды. Бұл – ханымдар үшін үлкен мүмкіндік. «Nur Otan» партиясы жастарға депутаттық мандатты бере отырып, проблемаларды жергілікті атқарушы билікпен бірлесіп шешу жолын ұсынып отыр. Бүгінге дейін мәслихат мінберінде жүрген азаматтар да праймеризге қатысатын болады. Ел кімге дауыс береді, сол алғашқы орынды иеленеді.
– «Nur Otan» партиясының ішкі іріктеуі болғандықтан, дауыс беруге тек «нұротандық» партияластар ғана қатысады. Түркістан облысында 80 мыңнан астам партия мүшесі бар. 245 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Негізгі жұмысты осы бастауыш партия ұйымдары арқылы жүргіземіз. Дауыс беру процесі 209 учаскеде өтеді. Оның 179-ында онлайн дауыс берілсе, қалған 30 учаскеде қағаз бюллетеньдер қолданылады, – дейді «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.
«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек: «Біздің басты мақсатымыз – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізімдерге енгізу үшін қоғамның қолдауына ие болған беделді партия көшбасшыларын анықтау» деп нақты міндеттер жүктеген болатын. Қоғам да осы саяси қадамнан үлкен үміт күтіп отыр. Қалай болғанда да биылғы сайлаудағы өзгерістер халыққа қызмет етуге қауқары жететін, ниеті бар азаматтардың сайлануына себепкер болса деген тілегіміз бар.