Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Мәселе » КРЕМАТОРИЙ КЕРЕК ПЕ?

КРЕМАТОРИЙ КЕРЕК ПЕ?

Қоғамда бірнеше дүркін көтерілген бұл сауал төңірегіндегі пікір-таластар легі соңғы жылдарда толастай бастаған еді. Биылғы пандемия дертінің өршуі бұл мәселені қайта күн тәртібіне шығарды. 

Шымкент  қалалық энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы көгалдандыру бөлімі мамандарының мәліметінше,  қалада қазіргі кезде 44 мазарат бар екен. Оның 38-і мұсылмандар зираты.  Шымкент қаласы бойынша жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың қағидаларына сәйкес, елдiмекеннiң қайтыс болған әрбiр тұрғынын жерлеу үшiн кемiнде 6 шаршы метр жер учаскесi тегiн беріледі. Көбіне марқұмның туыстары мұны біле бермейтінін пайдаланатын пысықайлар жерленетін жер үшін де ақы алады екен. Әр адамға тиесілі 6 шаршы метр жерді арнайы қағидаға сәйкес кісі қайтыс болғаннан соң да, алдын ала да алуға болады. Ал, көрқау немесе мазарат шырақшысы бос жерді белгілеп, көрсетуге міндетті. Туған-туысы жоқ адамдарды жерлеу елімізде жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады.

 

Шымкентте он жеті жылдан бері көр қазумен айналысып келе жатқан И. Имамовпен тілдескенімізде: «Мұсылманда бала санын айтпайтыны сияқты марқұмдарды да санамайды. Биыл пандемия кезінде жерлеу қызметіне жүгінгендер күрт көбейді. Тіпті, бел жазбай жұмыс істедік. Мазараттарда бос орынның жетіспеушілігі мәселесі жоқ емес. Мысалы, Шымкент-Ташкент бағытындағы «Қасқа» мазаратының тарихы бір ғасырға жуық. Осыған сәйкес қазір ол аумақ толып қалған. Жерді алдын-ала, тіпті бүкіл әулетіне алдын ала дайындап қойғандар, осы мақсатта екі-үш жерден бастап 1 гектарға дейін қоршап алғандар да бар», —дейді.

Зираттарға адам мәйітінен бөлек медициналық мекемелерден жиналатын биоқалдықтар, қаңғыбас иттер мен көше кезген мысық

тардың өлекселері де жерге көмілетінін ескерсек, крематорий қажеттілігі осы тұста сезіледі. Мамандардың айтуынша, бүгінде бір молаға бір күнде 70 келі биоқалдық көміледі екен. Оның ішінде мерзімінен бұрын және өлі туған шақалақтар, медициналық аборт қалдықтары бар екендігін ескерсек, елімізге крематорий салу қажеттігі туындайтынын жоққа шығара алмаймыз.Үлкен қалаларда белгілі тұрағы жоқ қаңғыбастардың көп болуы, олардың арасында өзге ұлт өкілдерінің  көптеп кездесуі де ойлантарлық жайт. Мәйітті өртейтін алып кешендерді салудың елімізге қажеті бар ма, әлде жоқ па деген сауал әзірге шетін мәселе болып тұр. Ал, бұған мамандар мен қалың көпшілік не дейді?

Адамбай ЖҰМАБАЙҰЛЫ, ауыл имамы:

—Мәйітті өртеуге түбегейлі қарсымын. Бұл біздің дінімізге де, дәстүрімізге де жат нәрсе. Қазақстанда жер жетеді, кім туғанының сүйегін  өртеуге береді деп ойлайсыз? Мәйітті өртеу әруақты қорлау емес пе? Алла тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Таһа» сүресінің 55-аятында: «Сендерді де содан (топырақтан) жаратқанбыз, кейін оған (топыраққа) қайтарамыз және содан екінші рет қайта (тірілтіп) шығарамыз» деген. Яғни, адамзат баласы топырақтан жаралған соң о дүниеде де сол топыраққа қайта оралуымыздың міндетті екені жазылған. Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрып жер жетпейді дегенге кім сенеді? Меніңше бұл таза коммерциялық жоба.

         Алтынбек ӨТЕБАЕВ, тәуелсіз заңгер:

—Асыл дінімізде мәйітті өртеуге рұқсат етілмейді. Егер де крематорий пеші салынса оның заңдық нормаларын бекітіп алған дұрыс. Яғни, мәйітті өртеуге міндеттеуге заңмен тыйым салу керек. Егер қайтыс болар алдында адам өзінің денесін өртеуге рұқсат берсе немесе оның туысқандары мәйітті өртеуді тиімді деп санаса ғана кремацияға жол берілу керек. Крематорий салудың бір ғана тиімді тұсы бар. Өлекселер мен жабайы ит-құстардың шашылған сүйектері қоршаған ортаға, адам денсаулығына қауіп төндіреді, қоршаған ортаны ластайды. Сондықтан биоқалдықтарды және өлген үй жануарларын, аң-құстарды өртеп жіберу үшін ғана қажет екенін ескеруіміз керек.

         Сайып келгенде крематорий салуға көпшілік қарсы. Ал егер оны ит-құстардың өлекселерін өртеуге пайдалану үшін соғу керек болса, бұл мақсатта Беккари шұңқырлары бар емес пе? Ендеше крематорий салу қаншалықты қажет дүние? Сіз не дейсіз, құрметті оқырман?

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика