Шымкент қаласында тұратын Жұманәлі Сыздықов тағдыр тауқыметіне жолыққан жан. Көз жанары көру мүмкіндігінен айрылған кейіпкеріміз тағдыр сынағына сынбай, керісінше, талай тірлікке ұйытқы болып жүр. Бір өзі бірнеше іске бас болып, ұршықша иіріп отырған Жұманәлі ағаны оқырмандарға жақынырақ таныстыру үшін өзімен әңгімелескен едік.
Кейіпкеріміз 1968 жылы Созақ ауданында дүниеге келген екен. Ленгір қаласындағы төсек-орын жаймаларын тігетін тігін цехын басқаратын ол қазіргі кезде карантин мерзіміне байланысты уақытша жұмыссыз. Алайда, тумысынан тынымсыз жан жұмыс орны жабылмай тұрып-ақ, бірнеше істің көзін тапқан азамат. Қаладағы өзінің жеке үйін хостельге айналдырып, заман ыңғайына сай кәсіп түрін тұтынушыларға ұсынуда. Ұлттық сусындар сататын дүкен де ашып, келушілердің алғысына бөленіп жүрген жан. Қымыз, қымыран, саумал сатумен айналысатын дүкенге қазір ұлттық сусынның бабын білетін сатушы іздестіруде екен. Ақтың өзі тазалықты сүйетін тағам болғандықтан, сатушы да таза, намаз оқитын жан болса деп ойлайды. Жұманәлі ағаның тағы бір ерекше кәсібі – дәруменге бай шөптерден жасалған шайларды сатумен айналысады. Мұндай шөптерді таулы өлкелер мен далалы жерлерден арнайы тапсырыспен алдырып, сауықтыру орындарына жеткізіп береді екен.
Кәсіпкер азамат тек өз ісінің пайдасын ғана ойлап қоймай, тағдыр сынына ұшыраған жандарға қашан да қолұшын созып жүреді. «ТауBest» қоғамдық қоры арқылы әркез айналасына пайдасын тигізуді ойлайды. Қоғамдық қордың негізгі мақсаты мүгедек жандардың сана-сезімін сауықтыру арқылы оларды оқыту және жұмысқа орналастыру болып табылады.
— Осыдан екі жыл бұрын қалалық әкімдікке барып, өз жобамды айтқанмын. Бірақ, оған құлақ асқан ешкім болмады. Мүгедектің зарын мүгедектен артық кім түсінер дейсіз? Қазіргі кезде мүмкіндігі шектеулі жандарды оқытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның игілігін шын мәнінде олар көріп отырған жоқ. Бір ғана мысал, елу адамды бір сағатта жиып алып, оқыттық деп құжат беріп шығарады. Өзіңіз ойлап қараңызшы, бір сағаттың ішінде мүгедек адам тұрмақ сау адамның өзі кәсіпті дұрыс меңгеріп шыға алмайды. Зағиптар қазір жұмыс істеуге қорқады. Өйткені, дұрыс оқытып, талапқа сай меңгермегендіктен жұмысты дұрыс істей алмаймын ба деген көңілде күдік тұрады. Мәселен, массаж жасаумен айналысатын зағип келушіге дұрыс қызмет көрсете алам ба деп алдымен соны уайымдайды, —дейді ол.
Ж. Сыздықов қазір мүгедектерді оқыту курстарын ашу туралы жобасын жүзеге асыру үшін мемлекеттен қолдау таппай жүр. Былтыр 20 баланы тегін тамақтандырып, тегін оқытуды өз қаражатымен ұйымдастырған да екен. Оның жобасы бойынша егер оқыту курсы ашылатын болса әрбір мүмкіндігі шектеулі азамат жекелей оқытылып, бір адамға сексен сағат шамасында уақыт бөлінеді.
Ж. Сыздықов тыным тауып отыруды білмейтін, қашан да ізденіс үстінде жүретін азамат. Осы еңбекқорлығының арқасында екі-үш баспанаға ие болып, оның бірін хостельге айналдырып, нәпақасын тауып отыр. Зағиптығына қарамай, Алматы, Астана қалаларында да ащы еңбектің тәтті дәмін татып келген. Жоғарыда айтқан баспаналарының бірде-бірін мемлекет қамқорлығы аясында алмаған. Ол жеке жағдайына мұң шағып, өкіметке алақан жаятын азаматтар қатарынан емес. Тек, ойға алған арманын жүзеге асыруға, кәсібіне қолдау танытса болды дейді.
Кейіпкеріміз тапқан табысынан тұрмысы төмен отбасылар мен тағдыр тәлкегіне ұшырағандарға қолұшын созып, қайырымдылық жасауды әдетке айналдырған. Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп оқушыларына бес жүз мың, миллион теңге шамасында оқу құралдары мен азық-түлікті тегін таратып береді. «Алланың разылығы үшін тапқан табысымның жиырма бес пайызын бөлек әмиянға салып отырамын. Ол табыс маған емес, көмекке мұқтаж жандарға арналған» дейді Жұманәлі аға.
Жігері жасымаған, қайраты мұқалмаған мұндай жандар дені сау адамдардың өзіне үлгі болардай. Өз күнін өзі көріп, одан қалса өзгелерге шарапатын тигізіп жүрген оның ойға алған тірлігінің жүзеге асуына тиісті орындар қолдау танытып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?!