Отырар ауданында Қарақоңыр деп аталатын ауылдық округ бар. Бірнеше елдімекен қарайтын округте соңғы кездері тұрғындардың көңіл-күйі күпті. Сөздеріне қарағанда ауыл әкіміне наразы секілді. Карантин асқынып тұрғанда да бұл ауылдарда түнімен дүкендердің есігіне құлып салынбайтын кездер жиі болған. Әлдекімдер жерді өз беттерімен қазып, қоршап алудың салдарынан тұрғындар төрт түлігін қайда өрістетуді білмейді. Осының барлығы әкімнің жұмысты оңды ұйымдастыра алмауының салдары болса керек.
Қазақта жер дауы мен жесір дауынан үлкен дау болмаған. Рас, қазіргі кезде жесір дауы көп қозғалмағанымен, жер дауы күн тәртібінен түскен емес. Қарақоңыр ауылдық округіне қарасты елдімекендерде де жерге қатысты түсініспеушілік толастамай тұр. Өздері Шымкентте тұрса да ауылдағы жерлердің егесі болғандықтан, жыл сайын әркімге жалға берудің салдарынан ауылдастар арасында дүрдараздық пайда болуда. Ал мұндай жағдайда халықты бірлікке, ынтымаққа шақыруы тиіс жергілікті әкім Сәкен Әйсейітов керек кезде ауылда болмайды.
6 қыркүйек күні түс ауа Қарақоңыр ауылдық округінің орталығы Шәмші ауылында келеңсіз жағдай орын алды. Ашуға мінген азамат кетпенмен бір көлікті талқандап, бірнеше адамның өміріне қауіп төндіріп, дене жарақатын салады. Бұл оқиға жайында бізге Мирамхан Әділбек есімді жәбірленуші былай деді: «Екі күнде менің екі сиырым өлді. Оны ауылдағы Әдина есімді азамат егістігіме түсті деп қамап қойып, ұрып, кейін шөлдеген малды селитра араласқан суға жіберсе керек. Оны ішкен мал көп ұзамай өліп қалады. Соны айтпақшы болып балам мен әйелім әлгі адамның үйіне барады. Балам малымызды не себепті өлтіргенін сұрап, шығынды өтемеген жағдайда сотқа жүгінетінін білдіргенде ол былапыт сөздер айтып, сарайынан кетпен алып шығады. Балам мен әйелім қорғанып, соққы дарытпаған соң кетпенмен көлікті ұра бастайды.
Терезесін шағып, айнасын сындырып, сыртқы келбетін ұсқынсыз күйге түсіреді. Бұл жайтты ести сала мен де бардым. Айқай-шуды естіген біраз ауылдастар жиналып қалыпты. Ол бәрімізге таяқ алып жүгірді. Қолындағы кетпеннің сабымен қолымды ұрып, сындырды. Өзі ішіп алған ба, шегіп алған ба, әйтеуір іс-әрекеті сау адамның тірлігіне ұқсамайды. Полицияға шағымдандық. Енді тергеушілер маған қолың соның ұрғанынан сынғанын дәлелде деп Түркістанға жіберіп отыр. Қолымнан ұрған сәті бейнетаспаға да түсіп қалған. Солай болса да оның мені ұрғанын дәлелдеуім керек екен.
Полицияның жұмысына да көңіліміз толмай отыр. Кеше оның ішкенін анықтар сәтте бәріміз ауруханаға барғанбыз. Біршама уақыт күткеннен кейін полицейлер нарколог жоқ деп Әдинаны полиция бөліміне алып кетті. Кейін бізді де сол жаққа шақырды. Барсақ Әдинаны наркологқа алып кетті дейді. Біз жоқ кезде апарып тексеруден өткізген. Сөйтіп біреуі «ол арақ ішпеген» деп отыр. Бүгін сол кездегі бейнежазба ғаламторға жарияланған соң ғана мас екенін мойындағандай болды. Бұлардың қай сөзіне сенерімізді де білмей қалдық. Қалай болғанда да біз бұл мәселені аяқсыз қалдырмаймыз».
Өкінішке қарай, қазіргі кезде қалада болсын, ауылда болсын жөн сөзге тоқтайтын адам қалмай барады. Тіпті, қазыналы қариялардың да тоқтамына құлақ аспайтын болды. Осындай кезде оларды полиция қызметкерлері әділ жауапкершілікке тартып, тәубесіне түсіру керек емес пе?! Ал ауыл азаматтарының арасындағы дауды болдырмаудың алдын алады деген ауыл әкімінің, тіпті, осындайда төбе көрсетуі де қиын. Күл болмасаңдар бүл болыңдар деген адамның тірлігі секілді. Сонда ауыл жағдайына ешкімнің жаны ашып, жүрегі ауырмаса, қандай береке болмақ? Береке де бірлігі бар елді жағаламаушы ма еді? Бірлігі жарасқан елді дау алмас деп бекер айтылған деймісіз? Ал, ауылдан ауызбірлік ажырар болса, бүкіл елден береке жоғалмасына кім кепіл?
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та берекенің ауылдан бастау алатынын білгеннен кейін, ауыл әкімдерін елге сыйлы, сөзі өтімді, іскер азаматтарды жергілікті тұрғындардың өздеріне таңдау жасату арқылы сайлауға жол ашып жатқаны бекер болмаса керек. Ендеше, Отырар ауданының әкімі Әбдіғали Жүнісов ауылдық округ әкімдерін тағайындауда жеті рет өлшеп, бір рет кескені абзал. Міндетін мінсіз атқарып жүрген ауыл әкімдерін одан да жоғары лауазымға көтеріп, ал жұмысын жүйелей алмағандарды қызметінен босату керек емес пе? Ауыл әкімін ұнатпаған халық аудан әкімін де сыйлай қоюы екіталай-ау.