Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында әлеуметтік сала бойынша бірқатар тапсырма берді. Соның бірі, жыл соңына дейін азаматтардың өз зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, қымбат тұратын емге төлеуге немесе қаржы компанияларының басқаруына беруге пайдалану бойынша қажетті құқықтық актілерді қабылдауды және дайындық жұмысын жүргізуді тапсырған болатын.
Президенттің аузынан шыққан сөз қоғамда талқылауға тез ұшырады. Бұған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де үнсіз отырмай, іле-шала мәлімдеме жасады. Әлеуметтік желілерде үнпарақтар жарияланып, зейнетақы жинағын кімдер пайдалана алады деген сұраққа министр Біржан Нұрымбетовтың өзі жауап берді.
Белгілі болғандай, бүгінгі таңда азаматтардың зейнетақы қорында баспана алу үшін қанша қаржы болу керектігі есептеліп шығарылды. Ол үшін салымшының жасы отызда болса зейнетақы қорында 2 миллион 518 мың теңге жинақ, отыз бес жастағылар үшін 2 миллион 961 мың, қырық жаста болсаңыз 3 миллион 437 мың, қырық беске толсаңыз 3 миллион 947 мың жинақталған қаржыңыз болуы тиіс. Ал, елу жастағылар үшін бұл сома 4 миллион 495 мың, елу бес жастағылар үшін бес миллион 84 мың, елу тоғыз жастағылар үшін бес миллион 586 мың теңге болып белгіленген.
Алайда, зейнетақы жинақтаушы қорыңызда осынша қаражат жинақталған болып, баспана алуға жетеді екен деп ойласаңыз, қуануға әлі ерте. Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, азаматтардың жинаған сомасы осы жеткілікті шектен асып жатса ғана қалғанын пайдалана алады. Яғни, ертеңгі күніңіздің әлеуметтік қамсыздығы үшін осы қаржы қорыңызда қалуы тиіс те, баспана алуыңыз үшін тағы кемінде бір-екі миллион керек болғаны…
Енді министр айтып отырған жеткілікті шек деген не, ол қалай есептеледі? Қарапайым тілмен түсіндіргенде, жеткілікті шек —зейнетақы шотындағы қажетті ең аз сома. Оның әр азаматтың жасына қарай қалай белгіленетінін жоғарыда көрсеттік. Бұл сома ерлер мен әйелдер үшін бірдей белгіленген. Айта кетерлігі, зейнетақы жинақ қорын баспанасы бар, бірақ, оны кеңейтемін немесе басқа тұрғын үй аламын деген жандар да пайдалана алады.
Өкінішке қарай, Жолдауда айтылған жаңалық ел құлағын елеңдеткенмен, министрдің түсінігінен кейін-ақ көп көңілін су сепкендей басып қойды. Айтылуы жақсы, орындалуы қиын бағдарламаға үміткерлер тек бай-бағландар ғана екенін жеткілікті шектің деңгейі-ақ көрсетіп тұр. Ал, баспанаға қол жеткізе алмай жүрген қарапайым халықтың үміті тағы да үзілді десе де болғандай.
Өңірлерде зейнетақы қорының пайдасын бүгін көре алатын азаматтар бар ма? Олардың саны қанша? Біз бұл сұрақты БЖЗҚ Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Аманжол Исабаевқа қойғанымызда:
— Бұл министрліктің жобасы. Әзірге өңірлерде нақты жүзеге асыру процесі жүргізіліп жатқан жоқ. Осыған сай азаматтардың жинақтаушы зейнетақы қорына байланысты нақты статистика да жасалған жоқ. Егер қандай да бір шара қолға алынып жатса қосымша хабарланатын болады, —деп қысқа қайырды.
БЖЗҚ өкілінің жауабынан кейін зейнетақы игілігін көруі мүмкін деген азаматтардың пікірін білдік. Соның бірі, Шымкент қаласының тұрғыны Ләйла Тасболатова он жеті жасынан бері зейнетақы қорының салымшысы екен. Оның жасы отыз екіде, қазір Ләйланың зейнетақы қорында 2 миллион 494 мың теңге бар екен.
— Мектепте сабақты жақсы оқыдым. Бірақ, мемлекеттік грантқа оқуға түсе алмадым. Жастайымнан ата-анам еңбекқорлыққа, жауапкершілікке үйретті. Грантқа оқуға түсе алмаған соң әке-шешеме салмақ салмайын деп, оқуға құжаттарымды сырттай тапсырып, жұмыс іздестіре бастадым. Осылайша он жеті жасымнан бастап жалақысы бар, зейнетақы қоры жинақталатын еңбекке араластым. Қазір жасым отыздан асты. Осы аралықта зейнетақы жинағым бір ай да үзілген емес. Бірақ, менің он бес жыл жинақтаған қаражатым баспана алмақ тұрмақ, жеткілікті шектің өзіне жетпей тұр. Сонда біз сияқты өмір бойы адал еңбекпен тер төгіп келе жатқан жандар қалай баспана алады? — дейді ол.
Жаңа жобаның осылайша қалталылардан басқа ешкімді жарылқамайтынына бүгінде қоғам да наразы. Оған әлеуметтік желілер арқылы үн қатқан пікірлерден-ақ көз жеткізуге болады. Біз оқырман назарына өткір айтылған осындай ой-пікірлердің бірнешеуін ұсынғанды жөн көрдік.
Оңғар Қабден, ақын:
— Жиырма бір жасыңызда ЖОО бітірдіңіз. Зейнетақы қорыңыздағы ақшаңыз отыз жасыңызда екі жарым миллион теңге болу үшін ай сайын зейнетақы счетыңызға 20 мың теңге түсіп тұруы керек. Ол үшін жалақыңыз кемінде 200 мың теңге болуы керек. Жаңа оқу бітірген жас маман тұрмақ, зейнетке енді шығатын адамда да мұндай жалақы кездесе қоймайды. Билік басқа әлемде, халық басқа әлемде өмір сүріп жатыр десек, тағы ренжисіздер…
Ержеңіс Әбді, математика пәнінің мұғалімі:
— Біртүрлі болып қалдым. Кәмпитке алданған баладай алданып қалғаныма. Жолдауды тыңдап отырып қуанып едік, артынша су сепкен оттай басылдық. Отыз бес жастамын. Зейнетақы қорына неше жыл жинағаным екі миллион ғана. Мемлекеттен қаржы алу үшін не шылқыған бай болуың керек, не сіңірі шыққан кедей болуың керек екен. Әйтпесе, біз қатарлы орта таптағы мұғалім, дәрігер, тілші, тағы басқалар үй салғысы немесе емделгісі келмейді дейсіз бе?
Қуат Дәуренұлы, дәрігер:
— Менің жасым жиырма сегізде. Жеті жыл медицинаны оқып, оқу орнын жиырма бес жасымда бітірдім. Жұмыс өтілім төртінші жылға кетіп барады. Айтпағым, зейнетақы қорымдағы ақша мөлшері мұнда менің жасыма көрсетілген көрсеткіштен бес есе аз. Сонда бұлар қалай есептеген? Қарап отырып қарның ашады… Тағы да бай-бағланның балаларының жағдайын қарастырған мұнда. Қарапайым халық тағы да өз маңдай терімен жиған ақшасының рахатын көре алмайды. Бес жүз мың айлық алса қазақ үй кезегінде тұрып несі бар? Қызық…
Иә, қалың көпшіліктің пікірі осы мағыналас. Анығын айтқанда, басым бөлігі ренжулі. Расында, жоғары жалақы алатындар үшін баспана мәселесі маңызды болмауы мүмкін. Ал баспанаға шын зәрулердің қолы қордағы өздері жинақтаған қаражатқа жетпейді. Сонда бұл бағдарлама кімдердің қамын ойлап жасалып жатыр? Түсініксіз. Бәлкім, әлі де болса халықтың пікірі мен ұсынысын ескеріп, жоғарыда аталған сомаларды қайта есептеген дұрыс болар.