«Қазавтожол» АҚ Басқарма төрағасы Ұлан Әліпов Қазақстанда қанша шақырым жол ақылы болатынын жариялады. Төрағаның айтуынша, Қазақстанда 2025 жылға дейін 11 мың шақырым жол жөнделеді. «Биыл 5800 шақырым жолға толығымен монтаждау жұмыстары жүргізіліп, тесттік режимде іске қосылады. Ал оның шартты құнын бекіту туралы мәселені бізге егжей-тегжейлі зерттеу міндеті жүктелді. Алда талай қоғамдық тыңдау өткізіледі. Тиісті тапсырма түскеннен кейін жұмысты жалғастырамыз. 2024 жылдың аяғына дейін 11 мың шақырым жолды ақылы етуіміз керек», – деді Ұлан Әліпов.
Бұған дейін Ұлан Әліпов «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша елімізде қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеген еді. «Биыл елімізде 4 мың шақырым жолға жөндеу жүргізілді. Жалпы «Нұрлы жол— 1» және «Нұрлы жол— 2» бағдарламасы бойынша тиісті міндеттемелер мен жоспарды орындап келеміз. Яғни 2015-2020 жылдар аралығында «Нұрлы жол— 1» бағдарламасы бойынша жұмысты аяқтап, 13 мың шақырым жолды қайта жөндеуден өткіздік. Оның ішінде 8 мың шақырымы І және ІІ санатты жолдардың қатарына енгізілді. Биылдан бастап «Нұрлы жол —2» бағдарламасы аясында жұмыстар қолға алына басталды», — деді ол.
Өткен жылы еліміздегі төрт ақылы жолдан 5 389 млн. теңге қаражат түскен. Бүгінгі күні елімізде жалпы ұзындығы 682 шақырымды құрайтын 4 ақылы учаске бар. Бұл Нұр-Сұлтан-Щучинск, Нұр-Сұлтан-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас автожолдары.