Қала тұрғындарына жер телімі беріле ме?

Соңғы төрт-бес жылдың көлемінде Шымкент қаласының тұрғындарына пәтерлер көптеп беріле бастады. Оның ішінде әлеуметтік санатқа жататын азаматтарға бірінші көңіл бөлінуде. Алайда, бұл оң өзгеріс баспанаға мұқтаждар санын толық қамтуға қауқарсыз. Шаһарда «құрқылтайдың ұясындай болса да өз үйім болса» деп армандаған жүз мыңдаған адам жер кезегінде тұр.

Көлемі жағынан Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларын артқа тастайтын үшінші мегаполисте жеке тұрғын үй салу үшін жер кезегіне тұрған жандардың проблемасы да жабулы қазан күйде тұрғалы қашан? Әрине, бұл қолдан жасалған қиыншылық емес, Үкімет бекіткен ереже талабы екені түсінікті. Дегенмен, жер телімін алу үшін кезекте тұрғандардың сұранысы не себепті ұзақ жылға созылып кетті?

ҚР заңнамасына сәйкес еліміздің әр азаматы мен оралмандар үй құрылысы үшін жердің заңнамалық бекітілген 10 сотығына құқылы. Мұнда үміткердің жылжымайтын мүлкінің бар-жоқтығы маңызды емес. Яғни, жер кезегінде тұрған жанның сұранысының қанағаттандырылуына оның атына рәсімделген пәтер, үй, гараж, жекеменшік жер учаскесі кедергі бола алмайды. Бір ғана шарты – сұраныс иесі жер учаскесін игергеннен кейін, яғни тұрғын үйді пайдалануға енгізу туралы актіге қол қойғаннан кейін ғана жер телімінің иесі атана алады. Ал, аумағы 16 280 гектарды алып жатқан алып шаһардың тиісті мамандары тұрғындарды міндетті жер телімін беру туралы хабармен қашан қуантады? Мегаполисте азаматтарға тұрғын үй салу үшін жер учаскесі беріле ме?

Қалалық жер қатынастары басқармасы мамандарының айтуынша, қалалықтарды жеке тұрғын үй салу үшін жер телімімен қамтудың ауылы әлі алыс көрінеді. Себебі, тұрғын үй секторына арналған аумақтарға тиісті инфрақұрылым жеткізу мәселесі әлі толық шешімін таппаған. Шаһардың шеткі аудандарынан бұған дейін жер учаскесін алып, үй салған азаматтар тарапынан жол, көлік, ауыз су, газ бен жарық мәселесіне байланысты арыз-шағымдардың артуына байланысты жергілікті билік арнайы тоқтамға келген. Яғни, заңнамадағы жаңа толықтыруларға сәйкес, азаматтар қоныс тепкен елді-мекендердің инфрақұрылымы толық аяқталмаса, бос жатқан жерлер тұрғын үй салу мақсатында берілмейді.

Қалада жер кезегінде жүз жиырма мыңнан астам адам тұр. Ал, соңғы рет жер учаскесі жеке тұлғаға 2008 жылы Достық шағынауданынан берілген.  Қазір қала аумағындағы бос жатқан жерлерге инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуде. Егер тиісті заңнамаға қандай да бір өзгерістер енгізілмесе, алдағы екі-үш жыл көлемінде қалалықтарға қайтадан жер беріле бастауы мүмкін. Дегенмен, біз оны нақты айта алмаймыз. Өйткені, Шымкентке мегаполис мәртебесі берілуіне байланысты шаһарда негізінен көпқабатты үйлер көбірек бой көтеруі керек. Қазіргі жағдайда қалада көпқабатты тұрғын үйлер аз,  керісінше жеке тұрғын үй аумағы қаншама гектарға жайылып кеткен. Оны инфрақұрылыммен қамту үлкен мәселе, — дейді мамандар.

Тұрғындарға жер учаскесін берудегі тағы бір өзекті жайт – жер көлемінің жетіспеушілігі. Алайда, бүгінде кезекте тұрған жүз жиырма мыңнан астам азаматты қала резервіндегі жердің 14 пайызы ғана қамтуға жетеді. Мамандар бұл мәселені жер кодексіне былтыр енгізілген өзгеріске сәйкес, яғни пайдаланылмай бос жатқан жерлерді мемлекет мұқтаждығына қайтару шарасымен шешуді көздеуде. Бұл бағытта қазір нақты шараларды жүзеге асыру жалғасуда екен. Осы жайттарға байланысты қалада жер кезегіне тұрғандар саны әзірге жаңармай тұр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған