Халыққа қайсысы тиімді?
Шымкент қаласында қырық жылдан астам тарихы бар ипподром жаңартылмақ. Заманауи талаптарға сай жаңа атшабар енді Бозарық тұрғын алабынан бой көтереді. Жаңа ипподром құрылысына 24 гектар жер телімі бөлініп, қазір нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Жобаға сәйкес атшабарда жасанды жүгіру жолы, жаттығу алаңы, ат спорты бойынша жарыстар өткізуге арналған алаң, жабық мінбер, атқоралар, жабық манеж — шпрингартен, ветеринариялық-профилактикалық бекет, сондай-ақ ат азығына арналған қоймалар мен автотұрақ болады деп жоспарлануда.
Соңғы кезде ешкім бара қоймайтын, елеусіз тұрған атшабардың жаңа қонысқа көшірілуі жағымды жаңалық болғанымен, өзекті мәселе миллионды қала тұрғындарының талқылауына қалды. Көпшілік мегаполис орталығындағы ең ірі демалыс кешенінен ипподромның көшірілгелі жатқанын тарихқа қиянат деп санайды. Ал мамандар стандартқа сай салынатын атшабардың халықаралық талаптарға сай болуы керектігін және оның жылқыларға да пайдалы тұстарын алға тартуда. Ұлттық спорт ойындары қауымдастығының төрағасы Ғани Ахметбаевтың айтуынша, жануарлар жоғары жылдамдықпен жүгіріп келе жатқанда ауа ауысуы қажет. Ал, ескі ипподром орналасқан жер қазаншұңқыр тәріздес болып қалған. Осыған сәйкес ипподромды қала сыртына, ыңғайлы жерге көшіру туралы ұсынысты аталмыш қауымдастық пен федерация мамандары бұдан біраз жыл бұрын қозғағандығын айтады. Сондықтан, ескінің «жыртығын жамап» ес кеткенше, жаңа әрі қолайлы кешен салу әлдеқайда тиімді болмақ.
Ипподромды халықаралық талаптарға сай қайта салып, қала сыртына көшірудің тиімді тұсы туралы Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан көпшілікке түсінік берді. Ол ат спорты мен демалысынан келетін табыс туралы әлемдік тәжірибені алға тартады.
— Гонконгта аптасына екі рет — сенбі және жексенбі күндері бәйге болады. Ондағы ипподромның сыйымдылығы 85 мың адам. Осы екі күнде атжарысқа бүкіл әлемнен туристер келеді. Әлемнің спорт телеарналары атжарыстың көрсетілім құқығын сатып алады, бүкіл әлем жарысқа қатысқан аттарға бәс тігеді. 7,5 миллион адам тұратын бай Гонконгтің Ішкі жалпы өнімінің 8 пайызын осы ипподромдар әкеледі екен. Бұл бір, екіншіден, әр елде ерекше экспириенс сыйлайтын қалалар бар. Оны демалатын қала форматы деп атайды. Осы тұрғыдан келсек, Шымкент — Қазақстанның демалыс қаласына сұранып тұр. Ауа райы, табиғаты, тағамы, бағасы. Сондықтан мегаполиске халықаралық талаптарға сай жаңа ипподром қажет-ақ, — деп жазба қалдырды әкім орынбасары өзінің әлеуметтік желі парақшасында.
Жалпы алғанда, ипподромға қатысты қалалық әкімдіктің ұстанымы бұрыс деп біржақты пікір айта алмаймыз. Мегаполис үшін мұндай жаңашылдық қажет. Алайда, көпшіліктің алаңдауына басты себеп бұл емес, ескі ипподромның орнына түсетін тұрғын үй кешеніне қатысты болып тұр. Өйткені, демалыс кешені орталығынан салынған үйлер болашақта қала тұрғындары мен қонақтарына көптеген қолайсыздықтар тудыруы мүмкін. Көлік кептелісі, инфрақұрылым жүйесі мәселелерімен қатар, этнобақ, дендробақ, зообақ сияқты демалыс кешендері шоғырланған жерге тұрғын үй кешенін салу қала сәулеті мен құрылыс талаптарына қаншалықты сай келеді? Бұған шаһардағы сәулетшілер де бей-жай қарап қалмай, дер кезінде үн қатып, дабыл қақты. «Шымкент қаласы сәулетшілер қауымдастығы» бірлестігінің төрағасы Асқар Мамырбаев жаңа тұрғын үй кешені болатын жерге коммуналдық құрылымдар тарту қиындық тудыратынын айтады. Сондай-ақ, демалыс аймағына апаратын күре жолда көлік қозғалысы да қиындамақ. Маман атшабар маңындағы жасыл желектердің оталып кететініне де алаңдаулы.
Көпшіліктің көңілін алаңдатқан мәселе қалай шешілері әзірге белгісіз. Қала әкімдігі ипподромды көшіру туралы бас жоспардың осыдан он шақты жыл бұрын бекітілгенін алға тартып, райынан қайтпайтын сыңайлы. Жергілікті биліктің мәліметінше, алдағы көктемде тұрғын үй кешені құрылысы басталмақ. Бұл туралы қала тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері, мамандар не дейді?
Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы:
— Ипподромға небір аттар мен көліктер келеді. Баудың, көлдің айналасын ластамастан, Бозарықта бұл ипподромнан әлдеқайда керемет, биік, жел тиіп, ауаны тазартып тұратын жерге жаңа атшабар салынбақшы екен. Мұны, әрине, кейбір азаматтар, әсіресе, Шымкенттің байырғы тұрғындары қимайтыны рас. Мәселен, мен өз басым нағыз фактілерді, қаржылар мен мүмкіндіктерді айтқаннан кейін сендім және қолдадым. Сондықтан, жаңалықты жатырқамауымыз керек. Егер пайдалы болса, болашаққа қызмет ететін болса, жас ұрпаққа, мегаполистің ертеңіне, жарқын болашаққа қызмет ететін нәрселер болса, мүмкіндігінше қолдауға тиіспіз деп ойлаймын.
Асқар МАМЫРБАЕВ, Қазақстанның құрметті сәулетшісі:
— Шымкент қаласының қолданыстағы Бас жоспарына сәйкес бұл аумақ демалыс және саяжайлар аумағы болып бекітілген. Олардың қақ ортасына әкеліп тұрғын үйлер кешенін салудың қажеттілігі жоқ. Тек қолайлы инвестиция үшін, бір компанияның қалауына бола Үкіметпен бекітілген қаланың Бас жоспарын бұзуға болмайды. Біз ертең қаланың болашақ тұрғындары алдында да, ізбасар әріптестер алдында да жүзіміз ашық болғанын қалаймыз. Одан да ипподром орнына этно-мәдени орталығы салынса дейміз.
Роллан ҚУАНЫШҰЛЫ, қала тұрғыны:
— Ипподромға жақын орналасқан «Нұрсәт» шағынауданында тұрамыз. Ұлым өсіп келеді. Егер жасы жетсе қала баласы атқа мініп үйренсін деп ипподромдағы үйірмелерге бермекші едім. Атшабардың Бозарыққа көшірілетінін білгенде ойланып қалдық. Енді жаңа ипподромда барлығы жақсы болады деп жатыр ғой, соған сенейік. Тек, жаңа ипподромға Асанбай Асқаровтың аты берілсе дейміз. Бірақ, тұрғын үй кешенін әр жерге шашыратып сала беру керек емес деп ойлаймын. Ол жерге салған ғимараттар қала көркін кіргізбейді. Алдымен «Шымкент-сити» аумағын игеріп алу керек қой. Бәйдібек би – көлік кептелісі ең қалың даңғыл. Демалыс аумағына тұрғын үй сала беру – онсыз да қос өкпеден қысылып тұрған аумақтың жол қозғалысын одан әрі қиындатса не болмақ?
Иә, әзірге атшабарға қатысты елдің пікірі екіге жарылып тұр. Дені жаңа атшабардың қала сыртына, ыңғайлы орынға ауыстырылғанына қарсы болмағанымен, қазіргі атшабардың орнына түсетін көпқабатты үйге қатысты келіспеушілік бар. Президент «халық үнін еститін мемлекет» құру идеясын жүзеге асыру мақсатында көп жұмыс жүргізіп жатыр. Осы тұрғыдан алғанда бұл мәселені бастамас бұрын атқарушы билік арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін ортақ шешім қабылдау керектігі түсінікті. Ең бастысы, жергілікті тұрғындардың талап-тілегі, ұсынысы ескерілуі қажет деп ойлаймыз және осылай болатынына сенгіміз келеді.