Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Ұстаздар да шәкірттерін сағынып жүр

Ұстаздар да шәкірттерін сағынып жүр

Әр заманның, әр кезеңнің өзіне тән қиындығы мен қызығы болатыны талассыз. Биылғы жаңа оқу жылында алғашқы қоңырау қағылмады дегенмен, білім ұялары қаңырап бос тұрған жоқ. Карантин жағдайына байланысты кезекші сыныптар жұмыстарын жалғастыруда. Талапқа сай барлық қауіпсіздік шаралары қарастырылған.

Сейсенбі күні карантин кезінде жұмыстың қалай жолға қойылғанын білу үшін біз Шымкент қаласындағы №99 мектеп-гимназиясында болдық. Бұл жерде бала қауіпсіздігінің бәрінен жоғары қойылатыны сыртқы есіктен кіре берісте байқалды. Бірінші мектеп күзетшісі қарсы алып, не жұмыспен келгенімізді сұрады. Одан кейін мектеп басшысы Бақытжан Наурызбаевтың өзі де сол жерден табыла кетті. Сырттағы карантиндік жолақтарды сақтай отырып сөйлесу арқылы, арнайы дезинфекциялық өткелден өттік.

Мектептің сыртқы есігінен ішке еніп, ғимаратқа кірерде турникетке тірелдік. «Бұл қауіпсіздік пен тәртіп үшін, – деді таңданысымызды түсінген мектеп директоры Б.Наурызбаев. – Мұны мектептегі үнемделген қаржы есебінен алдық. Бұл арнайы карта арқылы әрбір қызметкердің ғимаратқа кіріп-шыққанын белгілеп отырады. Сол ережені оқушыға да қойсақ деп отырмыз. Ұстаз болсын, оқушы болсын мектепке қашан келді, қай уақытта шығып кетті – барлығы жазылып тұрады. Карта құны қымбат емес – 100-ақ теңге. Бір сыныптың оқушыларына өзім алып беремін деген ата-аналар да табылып жатыр.

Биылғы 2020-2021 оқу жылында Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты №99 мектеп-гимназиясының 1-сыныбына 232 оқушы қабылданды. Ол 9 сынып кешенін құрайды. Қазір штаттық режимде, яғни кезекші сыныпта 170 оқушы, қашықтықтан 62 оқушы білім алуда. Көріп тұрғаныңыздай мектепке балаларды ата-аналар алып келеді, оқу аяқталғанда тағы өздері алып қайтады. Бұл жөнінде түсінік жұмыстары жүргізілген.

Жалпы, мектеп-гимназияда жаңа оқу жылында 2031 оқушы білім алуда.

Биылғы оқу жылында қалалық білім басқармасының қолдауымен 160 аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына мектептегі компьютер, ноутбуктар уақытша қашықтықтан білім алуға үйлестіріліп берілді. Сонымен қатар 143 отбасыға интернетке кіріп, қашықтықтан білім алуға симкарта тегін үлестірілді. Мүмкүндікті пайдаланып жүйелі, талапқа сай ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп отырған ұстаздар қауымына үлкен алғыс білдіргім келеді. Ата-аналарға да оңай еместігі белгілі. Бірақ бұл күндер де артта қалар. Қазір ұстаздардың өзі мектепке келіп оқушыларымен бірге сабақ өтуге асығып жүр».

Келесі кезекте мектеп директоры уақыт талабына сай үш қабатқа салынып біткен әжетхананы көрсетті. Онда ыстық су мен салқын су қатар келіп тұр. Біз мектепті аралау барысында басшылықтың атқарып жатқан жұмысына көңіл толғанын жасырмадық.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика