Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Мəдениет жəне өнер » Деңгене деген не?

Деңгене деген не?

Сарыағаш ауданында Құрбан атты құдамыз бар. Сол кісінің айтуынша, сонау жетпісінші жылдарда ауылында Бадан деген кісі болыпты. Ол бір өзі бір тоқтының етін бәс тігіп жей береді екен. Өзінің дене пішімі аса дәу болмаса да, талайларды қомағайлығымен таңқалдырған. Семіз етті асықпай, баппен жеп, сүйектерін тазалап мүжіп, одан соң сорпасын тауысып ішетін көрінеді. Адамдар жеңгенін мойындаған соң орнынан тұрып, мұздай суға бойлай түседі. Судан мойнын ғана шығарып 1-2 сағат отырады. Сонда су бетіне екі елідей май кілкіп шығып, тоңып қалады екен. Шыққаннан соң түк болмағандай кете беретінін көз көргендер бар.

Иә, «ет дегенде бет бар ма?». Қазақтың берекелі дастарқанын «жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіретін» етсіз елестету мүмкін емес. Түйенің қомында,  аттың жалында өмір сүрген ата-бабаларымыздың дене бітімі зор, тұлғалы келген. Далада, таза ауада, ат үстінде жүргеннен кейін ас ішулері де, тәбеті де ерекше болған. Тіпті, жолаушылап немесе жорықтан келе жатқанда екі-үш күндік ас-ауқатын біржола ішіп алып кете беретін де болған. Ал, дене бітімі мен күш-қуатының арқасында бір қойдың етін бір өзі жеп тауысқан жандар ел ішінде өткен ғасырдың аяғына дейін кездесіп отырған. Бір қонақ келсе бір қой сойып күтетін халқымызда бұл үрдіс тіпті дәстүрге айналып кеткен еді.

Қазақта сайыс ретінде ұйымдастырылатын бұл салт деңгене деп аталған екен. Деңгене дәстүрі бойынша, көрші ауылдан келген үш-төрт жігіт алдымен түсетін үйін сайлап алған. Содан кейін сол үйдің жанына барып,  «Деңгене, деңгене жеуге келдік!» деп айғайлайды. Ал үй иесі бұл сөзді естіген соң ең ірі, семіз деген бір қойды сойып, етін түгел қазанға салғызады. Жігіттердің арасынан сайысқа қатысушы сол қойдың етін түгелімен жеп, сорпасын ішуі керек. Егер тауысып жемесе, бір қойды екі қой қылып қайтаруға мәжбүр болған.

Өкінішке қарай, жаңа ғасырда деңгене дәстүрі көмескіленіп, ұрпақ жадынан шығып барады. Тіпті, еуропалықтардың ет жемейтін үрдісіне еліктеп, қанға сіңген қасиеттен бас тартатындар да бар. Психология ілімінің мамандары ет жеуді жанды тіршілік иесіне қатыгездік жасаудың көрінісі деп,  одан бас тартуға үгіттеп жүргенін байқаймыз. Алайда, диетолог мамандар  еттің адам ағзасына пайдасын, күніне белгілі мөлшерде тұтынбаған жанның денсаулығын ешқандай калория алмастыра алмайтынын айтады.

Ал, асыл дініміз исламда адамдардың ет жеуіне тыйым салынған ба? Егер «Кәусар» сүресінің 2-аятына назар салсақ, онда «Раббыңа құлдық ет және құрбан шал (түйе сой)»! – делінеді. Жылда қасиетті Құрбан айт мерекесінде мұсылмандар шамасы жеткенше құрбандыққа мал шалады. Ол құрбандықтарынан өздері жейді, кедей-кепшікке, жақын туыстарына таратады. Осы мереке қарсаңында әлемде ең көп ет желінеді. Демек, ет жеуден бізді Раббымыз тыймаған екен. Дала дәстүрінің ешқайсы да ислам дінінен алыстамағанына осыдан кейін тағы бір көз жеткіземіз.

Ал, сіздің ауылыңызда деңгене жейтін жан қазіргі кезде бар ма, құрметті оқырман? Бар болса, хабарласыңыз.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика