«Нұр Отан» партиясының бастамасымен елімізде жүзеге асып жатқан «Қамқорлық» бағдарламасы қай-қайсысымызды да селк еткізбей қоймайтын қоғамдық шараға айналып бара жатқанын қуана да, марқая да айтқым келеді. Әлемді дүрліктірген короновирус індеті тарап, үйден шығудың өзі мұңға айналған шақта елімізде көмекке мұқтаждарға қол ұшын созған, жақсылық жасауды жарысқа айналдырып, көптің алғысы мен ізгілік нұрына шомылған ел азаматтары пайда бола бастады. Бұл шараның маңызының арта түсуіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жылды еріктілер жылы деп жариялауы да көп септігін тигізгені шындық. Нәтижесінде азаматтар тынымсыз тіршіліктен бір сәт аялдап, қатып бара жатқан жүректерді жібітетін мейірім дейтін сезімнің ояна бастағанын сезгендей болдық. Еліміздің әр аумақтарында қоғамға титтей де болса пайдам тисе деген ізгі ниеттегі ел жастарының қатары артып, қамқорлық шындығында қоғамдық шараға айнала бастады.
Осындай ізгі істерде отырарлықтар да шеттеп қалған жоқ. Дәл осы күнге дейін Арыс оқиғасы мен Мақтаралдағы топан судан зардап шеккендерге жәрдем беруге аудан жастары белсенді атсалысты. Мұнан бөлек ауыл округтеріндегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіп, ескі тұрғын үйлерін жаңадан салып беру үрдісі дұрыс жолға қойыла бастады.
Жыл басынан бастау алған бұл шаралар ауданымызда әлі де болса жалғасып келеді. Сөзіміздің дәлелі ретінде Көксарай ауыл округіндегі екі отбасыға тұрғызылған тұрғын үйлерді айтуға болады. Бұған дейін де көксарайлықтардың екі отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етудегі өнегесін естіп қуанған едік. «Жақсылықты бөліссең көбейеді» демекші, сол қуанышымыздың да екі еселеніп, яғни, аталған ауыл округінде тағы екі отбасы қоныс тойын тойлап жатқанын оқырманға қуана хабарлағымыз келіп отыр.
Жуырда қуаныш иелерін арнайы құттықтауға барған аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов екі отбасыға да заманауи теледидарды тарту етіп, қуаныш иелеріне шынайы жылы лебіздерін айтты. Шеңгелді елдімекенінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған Бектұрсын Раушанов ағамыздың отбасы көптен бері ескі, тұруға жарамсыз үйде күнелтіп келген еді. Елдегі жағдайға байланысты «Шеңгелді» шағын жинақты жалпы орта мектебінің 2010 жылғы түлектері онжылдық кездесулерін даңғаза тойға ұластырмай, оның орнына қайырымы мол сауапты іске жолдағанды жөн санаған екен. «Болар істің басына жақсы келер қасына» дегендей, тұрғын үйдің іргетасын құюдан бастап ауыл жастары көмек қолын соза бастаған. Өз кезегінде олардың өнегелік ісіне ауыл ақсақалдары ақжарма тілектерін айтып, ақ баталарын беріпті.
Мұнан соң қайырымдылық шарасы Көксарай ауылында жалғасты.
Ата-бабамыз әлеуметтік әлжуаз отбасыларға әрқашанда қолдау көрсетіп, бір-біріне қамқор болуды өсиет еткен, асарлатып жүріп ауқымды жұмыстарды атқарған. Бұның барлығы көмек көрсету, қайырымдылық жасау болып табылады. Дәл осы бағыттағы Көксарай ауылында аз қамтылған ауыл тұрғыны Есенкүл Әлібаеваның отбасына жаңа тұрғын үй салып беруге ниеттенген ауыл азаматтары асарлатып жаңа үйдің құрылысын аяқтаған. М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің әр жылдардағы түлектерінің демеушілігімен жүзеге асқан игілікті іс көпке үлгі, өшпес өнеге болары сөзсіз. Адамдар арасындағы өзара сыйластықтың, достық пен бірліктің, ынтымақтың нығая түсуіне ықпал ететін осындай қайырымды істердің басы қасында жүрген азаматтарға да шынайы ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырғандар аз болмады.
Рас, адам баласының маңдайына бұйыртқан бақ пен бақыттан бір сәт те адастырмайтын құдіреті күшті Жаратушы иеміздің ең сүйікті құлдарының бірі қайырымдылық жасауға асыққан адамдардан болса керек. Бірдің ғана емес көптің санасына ізгілік нұрын сеуіп, жақсылықты жасаушылар қатарынан болуға асыққан қайырымды ел жастарының өсіп келе жатқаны келешегімізге деген сенімді арттыра түскендей. Ендеше осынау қайырымы мол істе жақсылық жасауды жарысқа айналдырған ел азаматтарының өнегелік ісі еселеніп қайтсын деген тілектеміз.