Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Басты жаңалықтар » «Пәтер алғыңыз келсе, уақытша некеңізді бұзыңыз…»

«Пәтер алғыңыз келсе, уақытша некеңізді бұзыңыз…»

               Орталықтағылар осындай «керемет кеңес» берді.

Шымкентте Әл-Фараби аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы қаладағы Ә. Жангелдин көшесі аумағында орналасқан. Мегаполис тұрғындары санының көптігінен болар, мұнда бас сұғушылар легі бір толастамайды. Қазір орталыққа келушілер карантин жағдайына байланысты сыртта кезек күтуде.

Орталыққа құжат ресімдеуге ерсілі-қарсылы ағылған жұрттың алдынан  кесе-көлденең шыға қалып, компьютерлік қызмет көрсету орталығының мекен-жайын ұсынып жатқан жас жеткіншектерді осында көзіміз шалып қалды.  Осындай мекен-жай жазылған тілдей қағаздың бірін бізге де ұстатып кетті. Анықтап зер салғанымызда компьтерлік қызметтер тізімінде біз ойлағандай ксерокс, мәтін теру сияқты техникалық қызмет түрлері емес, анықтама алу, туу туралы куәлік, «АСП» және электронды кілт ашу сияқты құжат рәсімдеу қызметтері жазылыпты. Мемлекеттік қызмет түрлерін тұрғындарға жекеменшік  орталықта ұсыну қаншалықты заңды? Осы және басқа да сұрақтарға жауап табу үшін біз орталыққа кейіпкер кейпіне еніп, бас сұққан едік.

Орталық ХҚКО-ға қарама-қарсы бетте, балалар киімдерін сататын дүкенмен жапсарлас орналасқан екен. Сыртына «egov» қызметінің түрлері жазылған баннер қойылыпты. Есіктен бас сұққанымызда іште адамның көптігін байқадық. Сыртта да кезек күткен жан көп. Бір келіншектен қандай шаруамен жүргенін сұрап, әңгімеге тартқанымызда:

— «АСП» алуға құжат өткізейін деп «ЦОН-ға» барған едім, маған болмайды екен. Жақында «декретный» алғанмын, сол көп ақша болып есептеліпті.

— Сізге ол қаражат заңды тиесілі болмаса, мұндағылар да шешіп бере алмайды ғой…

— Болады деді ғой, қазір көреді құжаттарымды компьютерге салып…

Келіншектің айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек ала алмай жүрген адамдар осы жерден құжат өткізсе, қол жеткізуге болады екен. Қалай, қандай жолмен екенін сұрағанымызша біздің де кезек жетті. Алдымен мекен-жай жазылған қағазда есімі көрсетілген Гуля есімді келіншектен туу туралы куәлікті қалай алуға болатынын сұрадық. Оны 2000 теңгеге рәсімдейтінін айтты. Бұдан кейін тұрғын үй кезегіне тұра алмай жүргенімізді, оған қалай тіркелуге болатынын әдейі сұрадық. Ешқандай әлеуметтік мәртебеміздің жоқтығын және мемлекеттік немесе бюджеттік қызметкер санатына кірмейтінімізді ескертуді де ұмытпадым.

— Күйеуіңізбен заңды некеде тұрасыз ба? – деп сұрады ол.

— Иә…

— Онда некені уақытша бұза тұру керек, жалғызбасты деген әлеуметтік мәртебе бар, одан басқа жолмен тұрғын үй кезегіне тұра алмайсыз. Күйеуіңіздің де, өзіңіздің де атыңызда соңғы бес жылда үй болмауы керек және соңғы үш жылда тұрғылықты тіркелген мекен-жайыңыз болуы қажет. Егер бір шешімге келіп жатсаңыз, мына заңгерлер көмектеседі, — деп  «кеңес» берген Гуля  қарсы орындықта отырған жас жігіттерді иегімен нұсқады.

Мәссаған, мен мұнда келіп осындай «керемет кеңес» аламын деп ойламаппын. Сонымен қатар, бұл жерде әскерге бару үшін  құжат дайындап жүрген, АӘК алу үшін келген азаматтар көп екен. Электронды кілт ашу үшін  келгендер де аз емес көрінеді. Орталықтан шыққан соң біз жол бойында адамдарға осы жердің мекен-жайы жазылған қағазды таратып жүрген  жеткіншектің қасына бардық. Өзін Дәулет (аты өзгертілді) деп таныстырған  ол әңгімешіл болып шықты. Бізге орталық қызметі туралы бар «сырды» жайып салды.

— Біздің жұмысымыз негізінен карантин кезінде жанданды. Сол кезде базалар «қатып қалып», «ЦОН» жұмыс істемеген сәтте талай адамның тірлігін тындырып бердік. Барлығы рақмет айтып кетеді. Мына жерде мен беріп тұрған адресті алмай, «ой мен «ЦОН»-ға барып істетемін» деп кеткен талай адам кешке дейін тірлігін тындыра алмай, қайта айналып бізге келеді ғой. Осыдан екі-үш ай бұрын бізді заңсыз істеп жатыр ма деп телеарнадан журналистер келіп, біраз аңдыған екен. Кейін орталықтың құжаттарын көріп, барлығы дұрыс екенін  көрсеткен соң бізді түсіріп кетті. Ой, содан кейін халық телевизордан көріп,  көбейіп кетті ғой,  — дейді өз ісіне риза кейіптегі жеткіншек. Айуынша, «Гуля әпше» бұған дейін әртүрлі орталықтарда, мемлекеттік қызмет көрсету мекемелерінде, көші-қон саласында қызмет еткен екен.

Түсінгеніміздей, қызметі күмән тудырған орталық карантин кезінде халықтың сұранысына қарай қажеттіліктен туындаған мекеме екен. Яғни, ХҚКО-лар қашықтан жұмыс істеп, интернеттегі ортақ база қолжетімсіз болып,  құжаттарды рәсімдеу электронды өтініш берумен жүзеге аса бастағанда техника тілін жетік білмейтін адамдар қайда барарын білмей дал болды. Сол кезде «іздегенге сұраған» дегендей, кейбір пысықайлар бұл сәтті қалт жібермей,  жекеменшік ақылы қызмет көрсету түріне айналдырып ала қойған. ХҚКО-да күні бойы электронды кілт ашу, құжат алу үшін сарылып кезек күткен  көпшіліктің игілігіне жарап жатса, орталық қызметі қуантады әрине. Алайда, ХҚКО табысы жеткілікті деп жіберген жанға АӘК алуға болатынын айтқан, ал  тұрғын үй кезегіне тұру жолын сұрап барғандарға «күйеуіңмен уақытша ажырас» деп «жол көрсетушілердің» әрекеті заңды бұрмалаушылық емес пе?  Оны тексеріп жатқан кім бар? Жалпы, бұдан кейін халықтың ХҚКО-ға деген  сенімі қандай болмақ?

Мұны бір десек, екіншіден, бүгін жылдам рәсімдегенімен, ертең сол құжаттан қандай да бір шикілік шығып жатса, кім жауап береді? Орталық ондай жапуапкершілікті мойнына алмайтыны түсінікті. Осыдан келіп оның әуресін тағы да тұрғындардың өзі көрмек. «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар?» дегеннің нағыз өзі сол кезде болмай ма? Қалай дегенде де, заңды бұрмалаушылық пен сыбайластықтың иісі мүңкитін мұндай орталықтардың қызметіне жол беру қаншалықты дұрыс?

Біздегі қандай да бір істі «бармақ басты, көз қысты» жең ұшынан  жалғасатын әрекетпен ғана тындыратын қоғамның көрінісі осыдан –ақ байқалса керек-ті…

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика