Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Құқық » «42500 теңге беріп, 105 мың төлетеді»

«42500 теңге беріп, 105 мың төлетеді»

Карантин ел азаматтарының жүйкесін жұқартып қана қоймастан, тұрмыстық ахуалына да әсер еткені анық. Әрине, мұны ескерген мемлекет 42500 теңгеден жәрдемақы төледі. Ол үшін халық тарапынан алғыс айтылып жүр. Дегенмен, кейбір әпербақандардың кесірі де көп тиіп жатқанын жасырмайды. Бұл жөнінде редакциямызға Арыс қаласынан хабарласқан Думан Үкібаева былай дейді: «Карантин кезінде көп нәрсеге тыйым салынғанды. Тәртіпке бағынамыз. Бірақ біздің қоғамда шаш ал десе бас алатындар әлі де бар екенін білмейді екенбіз. Бетперде тақпадың деп 105 мың теңге айыппұл төлету қалай ойласаң да ақылға сыймайды.

Мемлекет башысы Қ.Тоқаев пандемия кезінде халыққа қысым жасай бермей, көметкесуді айтқан болатын. Сол үшін түрлі көмек қорлары да құрылды. Бірақ біздің Арыста бәрі де керісінше секілді. Менің ұлым жұмыссыз қалғандықтан Үкіметтен бір рет 42500 теңге жәрдемақы алды. Енді соны 105 мың теңге етіп қайтарғалы төлегелі отыр. Жағдай былай болған. Келінімнің аяғы ауыр болатын. Дәрігерлер таза ауада серуендеу керек дегендіктен балам екеуі саябаққа шыққанда бетпердені ұмытып кеткен. Сол кезде полицейлер мен Тұтынушылардың құқын қорғау саласының (СЭС) қызметкерлері келіп, құжаттарын да көрсетпестен балама 83340 теңге көлемінде айыппұл салыпты. Ұлым оны төлейін деп поштаға бірнеше рет барған. Бірақ базаға енбегендіктен, уақытты өткізіп алды. Енді сот орындаушылар өздерінің қызмет ақысын қосып, 105 мың теңге төлеуді талап етіп отыр. Теледидардан бетперде тақпағандарға ескерту жасағандарды, тіпті полицейлердің өздері ескерте отырып, бетперде ұсынғандарды көрсетіп жатыр емес пе? Неге Арыста олай емес, көрген жерде бірден айыппұл сала береді?

Балам да, келінім де жұмыссыз. Сонда ол айыпұлды қалай төлейді? Баламның тәртіп бұзғанын жоққа шығармаймын. Бетпердені тағу керек еді. Бірақ жұбайы екеуі ешкім жоқ жерде жүрді емес пе? Сол себепті оларға кешіріммен қарап, ескерту жасауға болар еді ғой».

Осыған орай Арыс қалалық Тұтынушылардың құқын қорғау саласының маманы Құлмұрат Нұрболға хабарласқанымызіда ол кісі былай деді: «Карантин ережесін бұзған жағдайлар көп болды ғой. Біз ондай кездерде жеке жүрмейміз. Сіз айтып отырған жағдай есіме түсті. Ондай кезде біз ескерту беріп, кешіріммен қарай алмаймыз. Олар әкімшіліктік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425 бабының ережелерін бұзды. Ал ол жерде ескерту немесе кешіріммен қарау қарастырылмаған».

Қазіргі кезде сот саласында да кешірім, татуластыру саясатына көп мән беріліп жатыр. Ендеше, онсыз да қиналып жүрген халықты онан сайын қинаудың қажеті бар ма? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика