Соңғы күндері бүкіл әлем нидерландылық тоғыз жасар Лоран Симонстың ерекше дарыны жайлы жарыса пікір таластыруда. Электротехника бойынша білім алып жатқан жас дарын дүние жүзін өзіне қаратып, ерекше оқу қабілетімен жұртты таң қалдырып жатыр. Біздің елде де мұндай дарынды балалар жетерлік. Солардың бірі – Қазақ-Британ техникалық университетінің ІІІ курс студенті, 14 жасар Абзал Мырзаш келер жылы бакалавр деңгейін алады. Ерекше қабілетке ие студент осы күнге дейін негізгі мамандығымен қатар, бірнеше өзге салалар бойынша да білім алуда.
Ақпараттық технологиялар бағытында ізденіс үстінде жүрген Абзал ЖОО-дан кейін Массачусетс технологиялық институтының магистратурасына түсуді мақсат етіп отыр. Білім саласының мамандары Абзалдың болашағынан мол үміт күтетінін айтады.