Ұлт болашағына алаңдайтын әрбір азамат ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қоса білуі керек. Ол тек ақыл айту, кеңес беру ғана емес, өзінің өнегелі ісімен үлгі бола білу. Күнделікті өмірде кездесіп жататын ғибратты істер бала тәрбиесіне жарап жатса одан артық тәжірибе бола қоймас. Оның ішінде елге белгілі тұлғалардың игі істері, айтқан сөздері, өнегелі өсиеттері кейінгі ұрпаққа үлкен тәлім-тәрбие болатыны анық. Соның бір мысалын оқырман назарына ұсынғымыз келеді.
1979 жылы КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов ағамыз бастаған бір топ әртістер Созақ өңіріне гастрольдік сапармен қыдырып келіпті. Кеңестік жүйенің қылышынан қан тамып тұрған кезі болса да халқымыздың дара тұлғалары М.Әуезов, Қ.Мырзаәлі, Ш.Мұртаза, Ш.Қалдаяқов, Р.Бағланова сияқты дүлдүлдер, күміс көмей әншілер Теріскейге келіп, Ысқақ бап, Баба Түкті Шашты Әзіз, Қарабура әулиелерге зиярат жасағанын естелік-тарихтан білеміз. Ұлттық рухқа деген ішкі рухани байлығы мен қуатын жасыра алмаған ұлылар өзінен бұрын өзгеге зияны тиіп кетпеуін ойлап, кездесу, гастроль, түрлі іс-сапарларды желеу етіп, киелі өңірге зиярат етіп жиі келіп тұрған. Асанәлі ағаны, яғни «Қыз Жібек», «Транссібір экспресі», «Атаманның ақыры» фильмдері арқылы атағы жер жарып тұрған актерді ел құрметпен қарсы алады. Театр ұжымы «Досымның үйленуі» атты спектакльді ел аралап, халыққа сахналап жүрген еді. Әрине ол уақытта қалың өнер сүйер қауым ауылдық клубтың ақ жаймасы мен ілуде бір-екілі үйде бар көк сандықтан ғана көретін сүйікті актерларын «тірідей», өз көздерімен көріп, аса зор құрметпен қарсы алып жатты. Осындай құрмет «Сызған» кеңшарында жалғасын табады.
Кеңшар директоры Батырхан Жаппарбеков артта қалған шаруашылықты озаттар қатарына қосқан білікті басшы, шебер ұйымдастырушы еді. Қадірлі қонақтарды ойдағыдай күтіп, шығарып салады деген сеніммен аудан басшылығының таңдауы осы Батырхан ағамызға түседі. Мыңжылқы тауының етегіндегі көкорай табиғат аясына лезде дастарқан жайылады. Актерлар құрамында атақты Сәбира Майқанова, Нүкетай Мышбаева, Әнуар Молдабеков сияқты танымал тұлғалар болады. Батырхан көкеміздің үйіндегі Мәрия апамыздың ақ пейіліне, дәмі тіл үйірген дастарқанына риза болған Асекең қолындағы жіліктен ажыраған тобықты ұсынып:
— Тобықты сақтау үшін Батекеңнің шаруашылықтан қолы босамайтыны анық, алайда арадағы сыйластық пен ара ағайындықтың дәнекері болсын, араласып, құраласып тұруға жазсын деп сізге мына тобықты сақтауға ұсынамын, — дейді. Дастарқан басында отырған «рабочком» Махмұт Берістемов, Әбілқайым Бөлетов сияқты шаруашылық мамандары қуана қостайды. Мәрия апай мұғалім, Ы.Алтынсарин, Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептерде ұстаздық қызмет атқарған жан еді. Батырхан аға екеуі Гүлнар, Мұхтар, Марат, Талғат, Саттар, Гүлдана есімді ұл-қыздарды тәрбиелеген, берекелі шаңырақтың отанасы болатын. (Ол кісі туралы деректерге қанығуымызға осы шаңырақтың келіні Дана апайымыз (Мұхтар ағаның жұбайы) көп қолғабыс тигізді. Оңтүстікке белгілі тұлға, Социалистік Еңбек Ері Көштен Бөрғазиев көкеміздің перзенті Дана әпкемізге ризалығымыз мол).
Иә, уақыт сынаптай сырғып, Алматыда Асанәлі ағаның отбасында да, ауылдағы Батырхан көкеміздің де шаңырағында қилы сәттер бастан өтеді. Батырхан ағамыз қайтпас сапарға аттанады. Заман ағымы дастарқандас болған қос ойыншының арасын алыстата түседі. Бірде Мәрия апай Шымкенттен менің Алматыдағы інім Жомарттың үйіне қыдырып барыпты. Өйткені әкем Жеңіс Сызған кеңшарында Батырхан ағамен көрші болып араласып, әжем Жақсыкүл Мәрия апамен сыйлас, дәмдес болған екен. Мәрия апа осы сапарында Зағипа анамызбен шүйіркелесе әңгімелеседі. Әңгіме арасында баяғы тобық жайы сөз болады. «Отыз алты жылға жуықтады. Ұмытып кеткен болар. Босқа мазалағанымыз жарамас». «Ескі тобықты сөз еткеніміз ұят болар» деген сияқты ойлар айтылады. Алайда анам:
— Апай, тобық ойнау деген баланың ойыншығы емес. Тобық сұрау, тобықты аманаттап ұстау, үлкен сабыр пен шыдамдылықты, жауапкершілікті, төзімді білдіреді. Бұған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Лажы болса мойныңыздағы аманаттан құтылыңыз, — дейді. Арада аз-кем әңгімеден кейін Асанәлі ағамызды іздеп тауып, Мәрия апайдың сәлемін жеткізуді М.Әуезов атындағы «әкемтеатрда» жұмыс атқаратын немересі Жеңіс Нұрдәулетке жүктейді. Сұсы басым, ашылып аса көп әңгіме айта бермейтін актерге жас жігіттің жақындауы да оңай болмағаны анық. Бірақ Нұрдәулет сәтін тауып, сыртта орындықта саялап отырған Асанәлі көкемізге барып сәлем береді. Өзін созақтанмын деп таныстырғанда қария жалт қарап, мұның тұла бойына байыппен көз салып, назар аударады. «Ата, мен Созақта туылдым. Осы театрда қызмет атқарамын. Сізді сыртыңыздан жиі көремін. Жақында үйге Шымкенттен Мәрия деген апа келді», —деп тобық жайын түгел баяндайды.
— Ой, айналайын, неге ұмытайын?! Батекеңмен де беріге дейін қатынаста болдық. Өзім де кейін Шымкенттегі созақтық ағайындарға хабарласып, Батекеңнің үйінің мекен жайын біліп беріңдер деп өтініш айтқан едім. Маған адресін қалдыр. Тобықтың өзінің жөн-жоралғысы болады. Ол да дайын. Мынау жаңалығың иығымнан ауыр жүкті түсірткендей жанымды жадыратты, — деп риясыз жымияды.
Біз бұл әңгімені естігенде ұлттық салт-дәстүрімізді естен шығармай, ұрпаққа өнеге бола білген Асанәлідей алып тұлғаларымыз аман болсын дедік. Қарапайым халықпен тобық ойынын ойнамақ тұрмақ, жөнді жауап бермейтін бүгінгі жұлдызсымақтарымызға бұл өлкен өнеге, зор ғибрат болмақ. Расында тобық ойыны қазақтың ұлттық салт-дәстүрі, қадірлі ойыны. Ол ұлттың мінезін, ыждағаттылығын, уәдеге беріктігін, аманатқа қиянаттық жасамауын қалыптастырады. Бұл адамдардың бір-біріне деген құрметін, арадағы ынтымақтастық пен ауызбіршілігін көрсетеді. Пенде жасарын жасап, о дүниеге аттанып, жаназасын шығарғанда имамның: «Мына кісі жалған пәниден шынайы өмірге кетіп барады. Алыс-беріс, қарызы жоқ па еді» деп сұрауы да осы тобық тәрбиесінен туындайды.
Тобық ұлттық құндылықтың көзі, тәлімді тәрбиенің өзі. Тобық ойыны бір жерде «Есімде», бір өңірде «Тобық тығу» деген атпен ойналады. Ережесі біреу, бірі өзіне сақтап ұстайды, екіншісі қапысын тауып сұрайды. Айтқан мезетте тауып бере алмаса ұтылған болып саналады.
Ойын емес ойлы бір жоралғыдай,
Жоғалтпағын аман-сау боп орыныңды,
«Есімде» деп бастасам есің кетіп,
Тауып бере алармысың тобығымды? — деп атадан балаға жалғасқан осындай құнды, игі ғұрпымызды санадан өшіріп алмайық. Ұлттық тәрбиенің бір кірпішіне жарар ұлттық құндылықтарымызды әспеттей білейік!