Кітапханаларды жабу – руханиятқа кезенген қару емес пе?
Руханият құрдымға кетіп, материалдық құндылықтар алға озған заманда осы бір қорқынышты сұрақ қаласақ та, қаламасақ та, қоғамның бетіне қалқып шықты. Тіпті, жақында ғаламторда мемлекеттік қызметкерлердің ресми жиынында да осы сауал төңірегінде мәселе қозғалып, бұл жайт қоғам наразылығын тудырды. Биік мінбердегілердің «кітапханаларды жабу керек» деген пікірі руханиятқа жасалған қастандық екенін айтқан көпшілік әлеуметтік желі арқылы ашық қарсылық білдірді. Бұған руханият шырақшысы саналатын сала мамандары мен зиялы қауым өкілдері де үн қосты. Ал жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мархабат Байғұт:
— Қазақстанда кітапханаларды қысқарту, кей жерлерде жабу туралы әлсін-әлсін сөз болып қалатыны бар. Бұл жолы да қатерлі қадам жасағысы келетін қаскөйлік бас көтерген сияқты. Қажыгелдин де кезінде Премьер-министр болып тұрғанда қазақ кітапханаларының жартысын жалмап тынған. Ойланайық, айналайындар. Біздің байтағымызда кітапханаларды аялап, абайлап, қамқорлық жасамақ абзал. Кітапханалар онсыз да азайған. Оқырмандар енді-енді ғана кітапханаларға, кітапқа бетбұрыс жасай бастады. Кітап, кітапхана — көздің қарашығы! Көздің қарашығындай сақтайық, кітапханаларды. Кітапханаларға қырын қарау — қауіпті көзқарас, қара пейілділердің ниетінен туындайтын зиянкестік, — деп кесіп айтты.
Иә, бюджеттен қаншама қаржы бөлінгенімен, есігін ешкім айқара аша қоймайтын мәдениет ошақтары, оның ішінде ауылдық кітапханаларды оңтайландыру, қысқарту туралы пікірлер әркез естіліп жүр. Алайда, бұл мәселенің ресми жиындар мен биік мінбелерден көтеріле бастауы бізге рухани алапаттың жақындап келе жатқанын аңғартатындай. Бұл кешегі тоқсаныншы жылғы тоқыраудан да өзін-өзі алып шыққан ауыл кітапханаларына шынымен бір тықырдың таянғанын білдірсе керек.
Әрине, руханият саласында орны ерекше кітапханаларды ешнәрсе алмастыра алмайды. Бұл ретте кітапханаларды жабу туралы сауалды көтермек тұрмақ, талқылаудың өзі артық дер едік. Алайда, ақпаратты технологияға алданып, кітап іздеуден қалған ұрпақ пен оқырман сұранысын заманауи талаптарға сай қанағаттандыра алмай отырған өңір кітапханаларын айналып өтуге болмайды. Бұл ретте қазіргі рухани орталықтар көпшілікті ақпаратпен, біліммен қамтудың заманауи талаптарына қаншалықты жауап бере алады деген сауал туындайды. Әрине, үлкен мегаполистер мен ірі қалалардағы жағдай жақсы-ақ, ал өңір кітапханаларындағы қордаланған проблемалар шаш етектен. Ақпараттық электронды дереккөз жүйесін бірыңғай форматқа келтіру, арнайы жабдықтармен қамтамасыз ету, кітапхана қызметкерінің құзыреті мәселелеріне қарап отырып, кітапханаларды жаңғырту бағдарламасы ауылдарды айналып өткен бе деп қаласыз. Руханият ошақтарын қаржыландырудың айырмашылығы салдарынан кітап қорының көлемі мен сапасы да ала-құла. Халықаралық федерацияның стандартына сәйкес кітапханалар қоры үнемі жаңарып, құрамына жылына кем дегенде бес пайыз өнім қосылуы керек. Бұл ауылды жерлерде орындалып жатыр ма? Бұл да беймәлім. Әзірше осындай талаптарға толыққанды жауап бере алмаса да, тәуелсіздік жылдарынан бері ауыл кітапханаларын сақтап келе жатқан кітапханашылардың жанкештілігі ғана дер едік. Төлеби ауданы, Көксәйек ауылдық кітапханасында отыз жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келе жатқан білікті маман Гүлнар Мамешова:
— Кітапхана өмірімнің ақжелкені, әріп тани бастағаннан менің өмірім кітапханамен байланысты. Кітап арқылы дүниетанымым артты, рухым өсті деп сеніммен айта аламын. Қазір қоғамда кейбір шенеуніктердің мәдениет ошақтарын, мұражайларды, кітапханаларды жабамыз дегені үлкен толқулар тудыруда. Кітапхана — киелі орын, оны жабу түп-тамырымызға балта шабу, келешек ұрпағымызды ата-тегін білмейтін надандыққа ұрындыру, білімсіз, рухсыз етіп, басқа елдердің құлына айналдыру. Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын бекер қолға алған жоқ. Ұрпағымыз тарихын білсін, ертеңгі күні елін гүлдендіретін азамат болсын деген ой деп білемін. Ал, кітапханаларды жапсақ не болады? Барды құрту оңай. Интернеті жоқ ауылдың қарадомалақ баласының баратын, рухани нәр алатын бір-ақ жері бар, ол —кітапхана. Бір ауылдың бір баласы оқыса да кітапхана жұмыс істеуі керек. Мүмкін ертең ол бала елді тұңғиықтан алып шығар көреген көсем болып өсер, мүмкін ғалым болар, біз әр баладан үміт күтеміз. Елбасымыз «Келешекте компьютерде отырған баланы кітап оқыған бала басқарады» демеп пе еді? Өздеріңіз тарихтан білетіндей, біз әлі күнге Отырар кітапханасы жойылып кеткеніне өкініп келе жатқан халықпыз. Ал, Ұлы Отан соғысы кезінде кітапханалар сақталып қалған. Енді ел аман, жұрт тыныш кезде мұндай мәселе көтеретіндей не болды? Кезең қиын емес, шүкір, жақсы, біршама елден алдамыз. Кітапхананы қысқартып, одан үнемдеген бес-он теңгемен алысқа бармайтынымыз анық. Әл-Фараби мен Абайды іздемеген, кешегі Алаш арыстары, Бауыржанды білмеген, Шерханды, Мұқағалиды оқымаған бала ертең кім болады? Кітапты ұстап, оның жылуын сезіну бөлек нәрсе. Интернеттің бұлтарыс-қалтарысы көп қой, компьютерге үңілген бала оның иіріміне батып кетпесіне сенім аз. Кітапхана жұмысының ең негізгі бағыты — ел патриоттарын тәрбиелеу, — дейді руханият жанашыры.
«Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп Абай атамыз айтпақшы, кітаптан асқан қазына жоқ. Егер кітапханалар жабылса, кітап сату дүкендері, интернет дүкендер оқырман сұранысына толыққанды жауап бере алмайды. Өйткені, бүгінде кітапханалар нағыз әдеби ортаға айналып та үлгерді. Бұрын зиялы қауым өкілдері баспаханалар мен редакцияларда, Жазушылар одағы маңайын қыз-қыз қайнаған әдеби ортаға айналдырып жатса, қазір ақын-жазушыларды кітапханадан өзге керек етіп жатқан ешбір орта байқалмайды.
Жақында ордабасылық бір оқырман әлеуметтік желіге кітапханада қолына заңғар жазушы Ақселеу Сейдімбектің кітабын парақтап тұрған аудан әкімі Нұрбол Тұрашбековтің суретін жүктеп, жазба қалдырды. Руханият орталығына оқырманның бас сұғуы қиындаған қазіргі кезде аудан әкімінің кітапхана жағалаған бұл көрінісі жылы көрінді. Әр өңірге, әр ауданға кітап оқитын, кітапхананы іздейтін осындай басшы бұйырмаса да, руханиятқа бүйрегі бұрып, жаны ашитын азаматтар табылса жоғарыдағы біз қойған сауалдың уақыт өте мәні қалмайтынына сенгіміз-ақ келеді.